Мәдениет

Қайырымды жандар алғысқа бөленді

Қайырымды жандар алғысқа бөленді

Жүрегі мейірімге толы жандар барда, жетімдер жыламайды. Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Мейірім» акциясының кезекті қорытындысы шығарылды.
Бұл күні Металлургтердің мәдениет сарайына бет алғандардың қатары көп болды. Сыртта күннің сәулесі аздау болғанымен, мұнда жиналған жандардың жүздерінен әлдебір нұр төгіліп тұрғандай дерсің. Бұл күні олардың барлығы да жылы сөзін, жүрек жылуын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнады.
Облыстық білім басқармасының дерегі бойынша, қазіргі таңда облысымызда 3519 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бала бар көрінеді. Олардың 1191-і мемлекет қарауында болса, 2192 бала отбасылардың қамқорлығына алынған. Ал 136 бала патронаттық тәрбиеге берілген. Міне, осы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен өңірімізде 2011 жылдан бастап кешенді жоспар жасалып, «Мейірім» қайырымдылық акциясы өткізіліп келеді. Қазіргі күні акциямен облыс бойынша 1887 бала қамтылып, олардың есепшоттарына 212 миллион теңге көлемінде қаражат та аударылған екен.
– Бала – біздің болашағымыз. Бала – біздің алтын қорымыз. Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің бақытты өмір сүруі үшін біз барлық күш-қайратымызды жұмсаймыз, – деген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайран Искакова жетім балаларды өз қамқорлығына алған кәсіпорын мен мекеме басшыларына алғысын жеткізді. Оның айтуы бойынша, тек «ҮМЗ» АҚ 76 баланы патронаттық тәрбиеге алған көрінеді. Сондай-ақ, «Қазцинк», «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ, Арматура зауыты секілді өңіріміздің ірі кәсіпорындары да жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға әрқашан көмек қолын созып жүр.
Акция барысында бірқатар адамдар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында Өскемен гарнизонының әскери сотының төрағасы Санат Сәрсенбаев, Семей консультативтік-диагностикалық орталығының директоры Жанат Молдағалиева, «Әулие Ырғызбай» шаруа қожалығының басшысы Болат қажы Құнанбайұлы және тағы басқалар бар.
Сондай-ақ, «Қазцинк» ЖШС тұрақты даму бойынша басқарушы директоры Андрей Лазарев, «Қазақстан Темір жолы ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан жол бөлімшесі филиалының директоры Ерік Жидилов, «Өскемен автобекеті» ЖШС директоры Алмас Бисенғазиев, облыстық ана мен бала орталығының директоры Рая Рахимова, «Альянс банк» АҚ Өскемендегі филиалының директоры Галина Фоминых, облыстық қазынашылық департаментінің басшысы Мұқтар Төлегенұлы сынды бірқатар адамдар «Шығыс Қазақстан облысы балаларының досы» белгісімен марапатталды.
Акция барысында облыстық білім басқармасы алты кәсіпорын мен мекеме басшыларымен әлеуметтік келісімшарт жасады. Мысалы, «Альянс банк» АҚ облыстық филиалы жетімдер үйінен тағы бір баланы өз қамқорлығына алуға міндеттелді.
– Мұнда жиналғандардың қай-қайсысы да қайырымды жандар. Олардың жүректерінде жетім балалар үшін қашан да орын бар. Оларды өз елінің нағыз ұланы етіп тәрбиелеу біздің міндетіміз, – деді ол.
Қайырымдылық акциясына арналған мерекелік концерт кезінде «Мейірім» акциясының әнұраны алғаш рет орындалды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button