Руханият

ҚАЙЫМ МҰРАЛАРЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫМЕН МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРЕДІ

ҚАЙЫМ МҰРАЛАРЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫМЕН МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРЕДІ

Семейде қаңтардың 5-і күні абайтану мектебінің негізін қалаушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толу мерекесі аталып өтілді. Ғалымның 100 жылдық тойын айшықты түрде атап өту барысында апта бойы Семейде көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» ұйымдастыруымен Қ.Мұхамедханұлының 100 жылдығына байланысты еске алу мерекелік іс-шарасы өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – кейінгі ұрпақты адамзат құндылықтарын сақтауға үндеу, өнерді, ғылымды құрметтеуге баулу. Орталықтың қызметкерлері келгендерге Қ.Мұхамедханұлының өмірбаяны туралы кеңінен мәлімет беріп, оның шығармаларынан үзінділер оқыды. Ғалымның құрметіне қаладағы Абай атындағы орталық әмбебап кітапханасы жанындағы ескерткіш мемориалына гүл шоғы қойылып, еске алу үнсіздігі жарияланды.
Ескерткіште ғалымның шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов былай деді:
– Қайым Мұхамедханұлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР-і бірінші гимінің авторы болды. Ол Абайды, оның ақындық мектебін зерттеген біздің бірегей ғалымымыз. Қазақ текстологиясының негізін салған Алаш рухындағы ұлы тұлға. Ендеше, осындай еңбек жасап кеткен, бүгін ғасырға жасы толып отырған ұстазымыздың өзі арамызда болмаса да, оның еңбегі сан ғасырларға ұласа бермек. Сондықтан Қайым күні, Қайым жылы, Қайым ғасыры құтты болсын!

ҚАЙЫМ МҰРАЛАРЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫМЕН МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРЕДІ

Қанағат Қайымұлының айтуынша, Мұхтардың өтінішімен әкесі Семей өңірін аралап, жан-жақтағы мұрағаттарға барып, Абайды толық зерттеу үшін керекті хат-хабарлар, деректерді ата-бабалары, туған-туыстарынан жинақтап берген. Шыны керек, жазумен айналысып отырған Мұхаңның кабинеттен ары ұзап, көп шығуына уақыты да жоқ еді. Бұндай іске де қабілет керек. Қайымның еңбегіне риза болған Мұхаң ол әкелген деректерді «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға қолданған екен. Абайдың жинағын алғаш шығарған кісі баспагер-башқұрт Ілияс Бораганский екендігін де анықтаған Қайым Мұхамедханов. Бүгінде Қанағат Қайымұлы мен Дина Қайымқызы бірлесіп отбасылық ұжым құрып, әкелерінің әдеби шығармашылығын, зерттеу еңбектерін жарыққа шығаруға жұмылып жатыр.
Қайым Мұхамедханов 1992 жылы іргесін Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов қалап, бертін келе тоқтап қалған «Абай» журналының қайта жарыққа шығуына көмектеседі. 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен Қайым Мұхамедханұлына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы беріледі. Сондай-ақ, оған 1995 жылы Лондонда Халықаралық Абай академиясының алтын медалі және 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық Абай сыйлығы және аталмыш одақтың халықаралық «Алаш» сыйлығы тапсырылған. 2006 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында ғалымның 90 жылдық құрметіне орай арнайы почта маркасы шығарылыпты. Және «Махат» студиясынан «Алаш-Қайым Мұхамедханов» фильмі де жарық көріп, көрермендердің ерекше ықыласына ие болып отыр.
Ғалымның 100 жылдығына арналған апталық іс-шаралар топтамасы қаламыздағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапханада жалғасын тауып, ғалымға арналған «Қайым Мұхамедханов – ғалым, тұлға, қайраткер» тақырыбында экспозицияланған кең көлемді көрменің ашылу салтанаты өтті. Мұнда оның өмірі мен шығармашылығы туралы, ғалым еңбектері, Қайым Мұхамедханұлының зерттеу еңбектерінде қолданған Абай оқыған сирек басылымдар топтамасы, ғалымның 1937, 1943, 1946, 1949, 1959 жылдары «Екпінді», «Семей правдасы» газеттерінде жарияланған мақалаларымен қолжазбалар қойылған.
Сондай-ақ, көрмеде жерлесіміз, өлкетанушы, Суретшілер Одағының мүшесі, этнограф Оразымбай Бекбаевтың Қайым Мұхамедханұлына арналған граниттен, мрамордан, бронзадан жасаған шығармашылық жұмыстары қойылған. Айта кету керек, кітап көрмесі жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады. Бұдан соң «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының құрастыруымен Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы аясында және Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы қаласынан қазақ және орыс тілінде 1000 дана басылыммен жарық көрген «Қайым Мұхамедханов: хаттар сөйлейді» кітабы мен кітапхана сайтындағы «Ғалым, тұлға, қайраткер» тақырыбында ашылған виртуалды кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.
Жиында ғалымның ұлы Дегдар Қайымұлы әке еңбегін жоғары бағалап, келешек ұрпаққа насихатталуына атсалысып жүрген жұртшылыққа өзінің алғысын білдірді.
– Әкемді еске алып, оның еңбектері мен мәдени мұрасын жоғары бағалағандарыңыз үшін баршаларыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгін таныстырылып отырған кітапқа көптеген баға жетпес қолжазбалар енгізіліп отыр. Алайда, әкемнің саяси қуғын-сүргін жылдары көптеген жазбалардың жойылғанын айтып өкініп отырғаны есімде. Дегенмен алдағы уақыттары жоғалған құжаттарын да тауып, қалпына келтіреміз деп ойлаймын. Бұл әкемнің еңбектерін аша түсері анық.
Келесі кезекте Қайымға арналған іс-шара Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетіндегі «Абай арманы» зиялылар клубында жалғасын тапты. Мұнда Қ. Мұхамедханұлының өмірі мен қызметіне арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның әр жылдардағы қолжазбалары, ғылыми еңбектері, мұрағат құжаттары, фотосуреттері мен тұтынған заттары қойылыпты. Сонымен қатар көрмені тамашалаушылар назарына бірегей тұлғаның асыл мұрасы туралы деректі бейнефильм де ұсынылды. Аталмыш шара әсіресе жас әдебиетшілер мен студенттер үшін құнды болды. Абайдың 150 жылдығы қарсаңында «Абай» Республикалық қоры «Абайдың ақын шәкірттері» атты Қ.Мұхамедхановтың зерттеу жұмысын бес томдық етіп жариялады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button