Өнер

Айтыстың қара нары атанған еді

Жарма аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде  ​ Қалихан Алтынбаевтың 95 жылдығына орай «Қайыспаған айтыстың қара нары» атты іс-шара өтті.

Ол – «Еңбек ардагері», «Көкпекті ауданының 70 жылдығы» медальдарының иегері, «Дала бесік», «Қиял қанатында», «Қалбатау» өлеңдер жинағының, «Көкпекті», «Ақсуат» тарихи деректі кітаптарының, «Мамай батыр» поэмасының авторы.

Қалихан Алтынбаев – айтыс өнерінің хас шебері ретінде танылған суырыпсалма ақын, әдеби мұраны және тарихи шежірелерді жинаушы, Ертіс жағалауынан шыққан ақын-жазушылар және Семей өңірінің әдеби ортасы туралы, абайтануға қатысты зерттеу мақалалар жазған қаламгер. Ақынның ғибратты шығармашылық мұрасының өзі-ақ қазақ әдебиеті тарихы мен көркемдік қорын толықтыра түсер сөз байлығымен ерекшеленеді.

Іс-шараға кітапхана жанынан құрылған «Шабыт» шығармашылық орталығының жетекшісі Жұмабақыт Толышқызының шәкірті, көкпектілік айтыскер ақын ​ Фархат Маратұлы қатысып, Қалихан Алтынбаевтың өмірінен көптеген мағлұматтар берді, ​қызықты оқиғалар туралы айтып, жас ақындармен айтыс өнерінің қыр-сырымен бөлісті.

Сонымен қатар шығармашылық орталықта тәрбиеленіп жүрген бала ақындар Әділжан Стилхан, Жәмилә Кенжебаева және ақын Жаннұр Қамыспаева, Самал Мәден өнерлерін ортаға салды.

Халық ақындарының дәстүрін жалғастырушы және қазақ әдебиетінде айтыс өнерін дамытушы Қалихан Алтынбаевтың бай әдеби мұрасы – кейінгі ұрпаққа зор үлгі-өнеге.

Жарма ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button