Мәдениет

Айтыстың алтын домбырасын Есенбол алды

Айтыстың алтын домбырасын Есенбол алды

Шығыс өңірінде мәуліт айында айтыс өткізу дәстүрге айналып келеді. Бұған дейін Өскемен, Зырян қалаларында өткен діни айтыстың көшін бұл жолы Ұлан ауданы жалғастырды.
Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарды ұлықтаған аламан айтысқа облыстан тоғыз ақын қатысты. Бір қуанарлығы, бұл жолғы «сөз барымтасына» бір кездері өрелі өнер көрсетсе де, көптен бері көрінбей кеткен Құралай Камалиева, Есенбол Нақтыбайұлы, Нұрболат Абзалханов сынды ақындар қатысты. Сондай-ақ, бұл бәйгеге айтыстың жас перілері Алпыс Жақиянов, Манарбек Сатыбалдин, Саягүл Бірлесбекқызы, Жасұлан Мақаев, Серік Қуанғанмен қатар есімі елге мәлім Нұржан Өмірбаев та қатысты.
Тай-құлыны аралас шапқан аламан тартысты өтті. Алғашқы айналымнан алты ақын өтсе, ақтық сынға өскемендік Есенбол Нақтыбайұлы мен семейлік Манарбек Сатыбалдин жетті. Нәтижесінде талай жылдан бері шаң көрмей жүрген Есенбол тарландығын танытты.
Сөйтіп, ақын-жыршылардан құралған қазылар алқасы үш айналымда да сауатты өлең құрап, сауапты іс жасауға құлшынған өскемендік өнерпазды бас жүлдеге лайық деп тапты. Оған облыстық мешіт тарапынан тігілген ақшалай сыйлық пен Ұлан ауданының әкімдігі арнайы тіккен алтын домбыра табысталды. Айта кетейік, бұл алтын домбыра көшпелі. Яғни, келесі жылғы бас жүлдегерге ауысып отырады. Ал бірінші орынды тыңдарманын ұшқыр ойы мен отты жырына тәнті еткен Манарбек Сатыбалдин алды. Екінші орынды Нұржан Өмірбаев қанағат тұтса, үшінші орынға тұлпардың тұяғы – Алпыс Жақиянов табан тіреді. Жеңімпаздарға ұландық белгілі кәсіпкер Қайрат Мусиннің атынан оқалы шапандар жабылды. Ынталандыру сыйлығына ие болған басқа ақындар да құр қол қайтқан жоқ.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button