Мәдениет

Айтысты алты мың адам тамашалады

Айтысты алты мың адам тамашалады
Ақсуаттағы жыл сайын өтіп келе жатқан аламан айтыс биыл халықаралық деңгейде өтті. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен айтыстың бас демеушісі – «ASYLTAS» ЖШС президенті, Екпін ауылының тумасы Дулат Тастекеев.
Белгілі меценат бұл жолы да игілікті шараны алдымен туған ауылынан бастады. Екпін ауылына кіреберісіне шығыстық үлгідегі үлкен қақпа ашты. Бұл игілікті шараға белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары қатысып, алып қақпаның ашу лентасын Қазақстанның халық әртісі, сазгер Алтынбек Қоразбаев, белгілі кино режиссер, халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен ауылдың ардагерлері қиды. Меценат сонымен қатар ауылының орталық көшесіне асфальт төсеп берді. Шара барысында кәсіпкер оқыған мектептегі тарих кабинетіне Айдарбек бидің есімін, мектеп мұражайына Құлбай Тастекенің есімі берілді. Атаулы кабинеттердің лентасын Астанадан келген әріптесіміз, белгілі тележүргізуші, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Гүлнәз Әлімгерей қиды.
Талтүсте аудан орталығындағы Ырғызбай Досханаұлы атындағы стадионда «Туған жерге туыңды тік» деген атпен айтыс басталды. Алыс-жуықтан келген 12 ақынды Алтынбек Қоразбаев, Досхан Жолжақсынов, Дәулеткерей Кәпұлы, Еркін Жаппасұлы, Серік Қалиев бастаған қазылар алқасы бастап, сахна төріне шығарды. Бұл айтыс бұрынғы айтыстан өзгерек болды. Ақсуаттағы аламанға алғаш рет шеттен қырыз елінің ақыны, Алтайдың аржағында жүрген қандас бауырларымыз да айтыс көркін қыздыруға келіпті. Айтысты әдеттегідей Жүрсін Ерман жүргізді. Алғашқы жұп етіп Ақсуаттың тумасы Оңғар Қабден мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханды шығарды. Туған жерге деген сағыныштан болар, Оңғар бірден «Басынан бұлт кетпеген, бауырынан жұрт кетпеген Барқытбелім», – деп туған ауылдың жетістігімен мақтанып, Тарбағатайдың табиғатына шаттанып, әріптесін біраз қыспаққа алған болатын. Сырдың сүлейі соңғы кездері біраз аламанның ортасында болғандығын танытып, кесек-кесек орамды ойлармен көрерменді бір көтеріп тастады. Көптен бері айтыстан сусап қалған ағайын алғашқы жұпқа дүркін-дүркін қол соғып, қолдап отырды. Дегенмен, Сыр сүлейі аз да болса басымдық танытты.
Екінші жұп сахнаға шыққанда стадиондағы алты мыңдай көрермен бөрігін аспанға атып айқайға басты. Өткен жылғы айтыста сөз жарыстырған оралдық ақын Жансая Мусина мен алматылық Сезімхан Шұғайыптың дәл осы жерде қайта кездесуі, көрерменнің делебесін қоздырды. Екі ақын да өткен жылғы кеткен еселерін қайтаруға күш салғандай. Сөз бастаған Сезімхан қысқа ғана елге сәлемін жолдап, бірден Жансаяның шаужайына жармасты. Өткен жылғы айтыста Сезімхан ағасына жар болып, әулетіне келін бол деп қолқа салған. Жансаяда жазық бар ма?! «Жасым ұлғайса да, ұрпақ сыйлаймын, әулие атаның басына тәу етімін» деген уәдесін орындамай, Жайықтан сопиып жалғыз келген Жансаяға бірден, «текті әулетке келін бола алмасаң, әуиені әурелеп нең бар еді»? дегенде қалың көрермен күлкіге қарық болды. Жайықтың қызы Жансая жай қарап отырсын ба? Орамды ойлармен қарсыласына жауабын берді. Бұл жұп нағыз қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсетті. Бір сағаттан аса айтыста бірін-бірі алмаған екі ақынға Жүрсіннің өзі араша түсіп тоқтатты. Қарағандылық Әділ Тілеген мен әріптесіміз, еліміздің бас басылымының тілшісі, астаналық Рауан Қайдар арасындағы сайыс та сөз саптаулары өзгеше, сыйластықтың шеңберінен шықпаған мәдениетті айтыс болды. Айтыс арасындағы шағын үзілісте көрермендер Алтынбек Қоразбаевты сахнаға шақырды. Осы тұсты пайдаланып айтыстың бас демеушісі Дулат Тастекеевті сөзге тарттық.
– Қатарынан үшінші жыл өтіп жатқан бұл айтыс ауданымыз үшін рухани дәстүрге айналды. Әр жылдың шілде айының соңында өтіп келеді. Биылғы айтыстың бұрынғы айтыстан өзгешелігі сол, биыл халықаралық деңгейде өткізіп отырмыз. Мұндағы мақсат шетте жүрген қандас бауырларымызды ортаға тарту, оның үстіне шетте жүрген миллионнан астам қандастарымыздың ортасында қаншама таланттар шетке шыға алмай жүр. Осы айтысқа Қырғыз елінен айтыс ақыны келіп отыр.
Болашақтағы жоспарымыз орта Азиядағы талантты жастарды осы ақындар айтысы ортасына тартып, олардың өнерін шалғай ауылдарға насихаттау, – дейді кәсіпкер.
Міне, айтып ауыз жимай сахна төріне қырғыздық Баян Ахмат пен керекулік Аспанбек Шұғатаев шықты. Өз тілінде ырлаған Баян ақын байсалды, әр сөзін мығымдап сөйлейтін, түбі бір түркі тілді болғандықтан ақынның әр сөзін нақ түсіндік. Айталық, мына бір тұста ақын өз қарсыласына «еліңнің кеңдігін қайтейін, жеріңде қара қытай қаптап жүр» деген сөз тіркестері әркімді ойға қалдырғандай болды. Аспанбек бауырымыз да әдемі жауап қайтарып, әзіл-қалжыңға араластырды.
Айтысты алты мың адам тамашалады
Аламанның соңғы жұбында кезіккен екі ақынның айтысы тіптен әсерлі болды. Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Қуанған мен Нұржан Өмірбайдың айтысы салған жерден нағыз суырыпсалма өнердің биік үлгісін көрсетті. Сөз бастаған Серік ақын «Қымызы кетпеген сабадан, Тұлпары кетпеген белдеуден… Аржағынан Алтайдың алып-ұшып мен жеттім» дегені өзінің қаймағы бұзылмаған қазақ ортадан келгенін аңғартты. Серік шын мәнінде мінездің ақыны болып шықты. Қарсыластың әр сөзіне ұтымды, өрелі оймен жауап беретін, тарихты, әдебиетті, мәдениетті терең білетін, төске салса төрге шабатын саңылақ екенін танытты. Бұл айтыстың бұрынғыдан өзге болғаны да осында еді. Күн еңкейіп, қазылар жүлдегерлерді анықтар тұста қырғыз ақынымен жүздестім.
– Біздің елде айтыс болмайды. Біз ырлайыз, таң бозынан Манас ыры болады. Манасшы көп, – дейді. Ақыннан сол елдегі ақындық мектеп жайында сұрадым. Соңғы жылдары Ош, және Джалалабад облыстарында ақындар мектебі пайда болғанын айтады.
Сонымен ақындардың аламаны да мәреге жетті. Алдымен «ASYLTAS» ЖШС ақындарға жыл сайынғы бір жылға тағайындалатын 2 млн. 400 мың теңгенің стипендиясы бұл жолы Жайықтан келген Жансая Мусинаға берілді. Үшінші жүлде қызылордалық Мейрамбек Сұлтанқанға, екінші жүлде Нұржан Өмірбайға бұйырды. Бірінші жүлдені иеленген керекулік Аспанбек Шұғатаев 1 млн. теңгенің сыйақысын алса, ал бас жүлде Моңғолиядан келген Серік Қуанғанға бұйырып, 2 млн. теңгенің сыйақысына ие болды. Бас демеуші еш ақынды нәумез қалдырмады, қатысқан әр ақынға 200 мың теңгеден ынталандыру сыйлығын ұсынды. Кеш соңында «Тарбағатай жұлдыздары» атты концерттік бағдарлама Барқытбелдің баурын ән-күйге бөледі.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button