Мәдениет

Айтыстың ақберендері Ақсуатта бас қосты

Айтыстың ақберендері Ақсуатта бас қосты


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ақсуаттық кәсіпкер Дулат Тастекеевтің демеушілігімен «Туған жерге туыңды тік» атты Шығыстағы шекаралық ауданда бұрын – соңды болмаған аламан айтыс өтті.

Ми қайнаған ыстыққа қарамастан айтыс өтетін орталық алаңға жиналған көрермен санында қисап болмады. Айтыс өнерінің ақтаңгері Жүрсін Ерман 12 ақынды сахнаға бастап шыққанда ұрандаған айқайдан құлақ тұнды. Жүрсін ағамыз осы сөз сайысына кешегі сұңғыла шешендер, әулиелер өткен ортадан шыққан бүгінгі айтыс өнерінің ақтабан жүйріктері – Ақсуаттың алты ақынын ортаға шақырғанда, қалың көрермен бір толқып кетті. Аламан айтыстың шымылдығын ақсуаттық Серікзат Дүйсенғазин мен қарағандылық Дидар Қамиев ашты. Талай сайыстың тарланбозы атанған Серікзат айтысты «Қаптағайлап», «Қабанбайлап» ұрандата бастап, қарағандылық қара баланы біраз қара терге салды. Қарсыласы Қамиев те қара жаяу болмады, сөз саптасы бөлек, әр сөзін шегедей қадап, шегендеп отыратын Дидар бауырымыз өз қарсыласын айрықша зерттегенін байқатты. «Ақсуатта қайдан жүр қайран ағам, Аягөздің тұз еккен «Малтүгелі» дей келіп, Тарбағатайда ата-бабаңның малын түгендеп жүрсің бе, деп қағытты. Аға мен іні арасындағы алғашқы жұптың әдемі қалжыңмен өрілген айтысы бір сағатқа созылып, Қамиев алға шықты.

Жүрсін ақын келесі жұпты хабарлағанда көрермендер ұрандап айғайға басты. Ақсуаттың аруы, Арқаның ардақты ақыны Сараның сіңлісі атанған Тоқтамыстың Сарасы мен Сырдың сүлейі, дәстүрлі «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Мұхтар Ниязов ортаға шықты. Сұңғыла ақын Мұхтар салған жерден «Туған ауылың «Аққала» екен, өзің неге қап-қарасың» деп Сара қыздың қытығына тиді. Талай мықтыны салған жерден сөзден ұстайтын Сара қыз «Ұлы анамыз Мұрын анам қара болған, Найманда билік айтқан дара болған, сол намысқой найманның қызымын ғой» деп Сырдың сүлейін сабасына түсірді. Екпіндете жөнелген Мұхтар ақын Тарбағатайдың тау-тасын түгендеп, Сараның туған жеріне сүйсіне келіп, шалғай ауылдың шаруасының шалқып тұрғанын тілге тиек етті. «Еліңде таланттарды ескермей, көшелерге көлденең өткен көк аттының есімін береді екен, алақандай Аққалада Сарадай саңлақтың аты бір көшеге бұйырмады ма?» деп базына білдірді. Талайдың мысын басқан Сара миығынан күліп, Мұхтарға «ауылыңа талай барғанда шаңы шыққан «Көктөбеңнен» күресіннен басқа көк шыбықты көрмеп едім» деп әдемі жауап қайтарды. Мұндайда Мұхтар саса ма? «Сарамен он жыл айтысып келемін, өле-өлгенше айтыссын демесеңдер ерек мінез ер Сараға ескерткіш қою керек» деп бір қайырды. Ал Ақсуаттың ақиығы «Ескерткішті қайтемін, ескі достық есте қалсын» деп, Мұхтардың иығына шапан жауып, қарсыласымен қолтықтасып сахнадан түсті. Айтыстың көркін қыздырған тағы бір жұп ел егемендігін алған жылдары сайысқа түсіп, жас ақындар көшін бастаған, бүгінде салиқалы сөз зергері Серік Қалиев пен Керекудің Естайы атанған Аспанбек Шұғатаев болды. Олардың бүгінгі қоғамға ой салатын, әр саланы қамтитын сом алтындай салмақты сөздері жұрттың айызын қандырса, осы аламанның ең жасы, Жетісудың жүйрігі, кешегі Ұлбикедей ұлы ақынның ізбасары ҚазМУ-дің студенті Саягүл Бірлесбек пен Ақсуаттың ақберені Дәурен Сембаев арасындағы қыз бен жігіт айтысы жиналған халайықтың делебесін қоздырды. Дәурен соңғы жылдары алыптардың ортасына түсіп, төселе бастаған. Ол әу дегеннен алдында уыздай уылжып, кермаралдай керіліп отырған Алатаудың ақ кербезін қалжыңымен қағытып, «Ақсуаттың ақ келіні бол», деп жігіттік сөз тастаса, мақамы бөлек Саягүл қызға жарасымды қылықпен назы басым жауаптар қайтарып, «Басына байпағынан бөрік тіккен, Қарғыбаның қара баласы» деп қағытты. Асқақ Алатаудан Ақсуатқа сәлем ала келген ақын қыз Жетісудың жаймашуақ әуенімен Барқытбелдің баурайын баурап алды. Сарыарқаның сал-серісі атанған Қарағандының хас жүйрігі Мақсат Ақанов пен Ақсуаттың тағы бір тарланы Қазбек Байжұмановтың сөз қағыстыруы Әсет пен Кәрібайдың тарихи айтысын еске түсірсе, Оңтүстіктен келген Созақтың саңлағы Қалижан Білдәшев пен Рүстем Қайыртайұлы арасындағы сайыс алты сағатқа созылған сөз дүлдүлдерінің айқасын түйіндеді. Осылайша бірінші айналымды аяқтаған тұста күн кенет бұзылып, жарты сағаттай нөсер төкті. Бірақ жыр сайысына еліткен көрермен орнынан тапжылмады, соңғы айналымның екі сағатында қолшатырдың астында отырды.

Академик Бауыржан Жақып бастап, Еркін Жаппас, Дәулеткерей Кәпұлы қостаған қазылар алқасы кіл жүйріктерді қас қарайып, ел орынға отырар шақта анықтады. Бас жүлдені Созақтың саңлағы, шырайлы Шымкенттен келген жас ақын Қалижан Ділдәшев қанжығасына байлады. Бірінші орынды Павлодар облысының Баянауыл ауданынан келген Аспанбек Шұғатаев иеленіп, екінші, үшінші орындар Ақсуаттың ақтаңгерлері Сара Тоқтамысова мен Серік Қалиевтің үлесіне тиді. Ақындардың ағасы болған айтыстың шын жанашыры Жүрсін Ерман жыр жүйріктерімен келесі жазда Ақсуатта жүздесетін болды. Шалғай ауылдың шырайын келтіріп, Барқытбелдің баурайын жырға бөлеген ақтаңгер айтыскерлерге дән ризашылықтарын білдірген аудан тұрғындары түн жарымында тарқады.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button