«Айттым сәлем, Қаламқас» әніндегі Қаламқас кім?
Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас, Саған құрбан мал мен бас…» деп басталатын әйгілі әнін білмейтін қазақ жоқ болар. Үлкен сахналардан бастап ауыл арасындағы жиын-тойларда шырқалып келе жатқан бұл ән әр қазаққа, тіпті өзге ұлт өкілдеріне де жақсы таныс. Абайдың осы әніндегі Қаламқас кім?
Бұл әннің шығу тарихы жайлы әр қилы дерек бар. Дегенмен «Айттым сәлем, Қаламқас» әні Танамырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржанға арналғаны жайлы дерек шындыққа жақын сияқты. Тұржан аруды тұла бойының нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап жеңгелері ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ Қаламқас атағаны Жарма ауданын мекендейтін Бура-Матай еліне мәлім болған екен.
Бұл әннің мәтініне мән берсек, Абайдың әйел затының хор қызындай сұлуына соншалық ынтық болғанын анық аңғарамыз. Сонда «Ұлы ақынның жүрегін жаулаған, тұла бойын оттай күйдірген Қаламқас ару кім болды екен?» деген сауалдың құлағы қылтиятыны заңдылық.
«Мұхтар Әуезовтің тарихи эпопеяны жазу жолында өмірінің жиырма жылын сарп еткені белгілі. Егер Тоғжан өз айналасында жанама түрде «Қаламқас деген атқа ие болса, Абай оған ән мен өлең арнаса, бұл оқиға заңғар жазушының назарынан неге сырт қалған? Эпопея түгілі жай мақалаларының ешқайсысында мұндай пікірдің ұшығын шығармайды ғой. Егер бұл жағдай Тобықты ішіне бұрыннан белгілі болса, осы кезге дейін құлаққа неғып шалынбаған?» – деп зерттеу еңбегінде орынды сауалды алға тарта отырып жармалық айтыскер, ақын Қалихан Алтынбаев ақиқат деректерді басқа жақтан іздеуге тырысады.
Дәл осы еңбегінде автор әр жылдар орайында айтқан жармалық Қалиасқар Еңсебайұлының, Күндебай Қалиұлының, Сағила Смакқызының, Жүзім Өтепбергенқызының, Мұса, Мұхаметжан Өтеұлдарының, аягөздік Уақап Торғайұлы мен көкпектілік Ахметжан Әбубәкіровтің әңгімелеріне сүйеніп ән кейіпкері Қаламқастың өмірдегі шынайы бейнесі Жәнібек қызы Тұржан деген байламға тоқтайды.
Енді осы байламды қуаттайтын нақты айғақтарға көңіл салайық.
Тұржанның жанама есімі Жарма өңіріне жақсы таныс
«Найман ішіндегі Қаракерейден тарайтын Тілемісұлы Тана мырзаның есімі бүкіл сол кездегі Семей, Өскемен уәлаяттарына айпарадай анық болған», – деп жазады айтыскер ақын. Автордың айтуынша, өз кіндігінен перзент сүймеген Тана мырза немере інісі Жәнібектің Тұржан есімді қызын бауырына салып алыпты. Тұржан – тал шыбықтай бұралып өскен сондай көркем қыз. Тұла бойының нәзік, қасының қиыла біткен жіңішкелігіне қарап алғашында жеңгелері, одан соң бүкіл ауыл-аймақ оны Қаламқас атандырады.
Қалихан Алтынбаевтың зерттеу деректеріне ден қойсақ, Тұржан мен Абай алғаш 1861-1862 жылдар шамасында кездескен сияқты. Бұл – Абайдың он бес-он алты жастағы кезі. Құда түскенімен, Ділдаға әлі үйленбеген Абай әкесі Құнанбаймен бірге алыстағы Найман еліне, Тана мырзаның ауылына келеді. Бұлардың келгендегі шаруалары, біріншіден, соның алдында ғана Көкпекті округінің аға сұлтандығына өткізілген сайлауда жеңіліс тапқандығына ағайындық демеу сөз айтып, ізгі ниет білдіру, екіншіден үш өзеннің Ертіске құятын сағасындағы түбекке мешіт салдырып жатқан Танаға қошемет білдіріп, жаңа құрылысты көріп қайту еді. Осы сапарда екі балғын жас – Тұржан мен Абай бірін-бірі қатты ұнатқан. Мұны байқаған Құнанбай да екеуінің жақынырақ танысуына, тіпті құда түсіп қайтуға қарсы емес-тін. Алайда құрметті қонақтар отырған орданың сыртында соқыр түйесін «көзінді, қу соқыр» деген біреудің балағат сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке кешірім сұратып, ат-шапан айып бергізгеніне қарамастан, алған бетінен қайтпайтын Құнанбай Танаға «әдейі істетіп отырсың» деп аттанып кетеді. Қазақтың «Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді» деген мәтелі осыдан қалса керек.
Алыстан ат арытып келген меймандардың көп кідірмей кері қайтуы енді ғана лаулай бастаған қос ғашықтың махаббатына кесірін тигізеді. Бұдан соң екеуінің бірер мәрте хат алмасқаны болмаса, жүздесуге жер арасы шалғай. Сөйтіп байланыс үзіледі.
Абайдың мұнан кейінгі жағдайы белгілі. Ділдаға үйленіп, перзент сүйеді. Тұржан оң жақта біраз отырып барып Сыба ішіндегі Быжы-Тоқтар дейтін сарт ауылына тұрмысқа шығады. Ескі құлақтарға сенсек соңында ұрпақ қалмапты.
– Тұржанның Қаламқас атанғанына екінші дәлел мынау, – дейді Қалихан Алтынбаев. – Қаламқас Сыбан ішіне ұзатылып келгенде бұл жақтағы Матай руының игі жақсылары тегіс сәлемдесуге барған. Өйткені ескі шежіре бойынша, Қаракерей (Тананың руы) мен Матай бірге туады. Оның үстіне Тананың абыройы бүкіл Найманға әйгілі. Сол барған игі жақсылардың ішінде Матайдағы әйгілі тентек әрі жуан тұқым Бәкен Мырзатайұлы бар екен. Басқаларының бәрі кісілік әдетпен Қаламқасқа төс түйістіріп амандасқанда, Бәкен міз бақпастан отырып алады. Ондағысы, ойда орыс, қырда қазақ құрығандай, сартқа тұрмысқа шықтың деген өкпесі. Міне, осы оқиға Жарма өңіріндегі қариялардың аузында әлі күнге айтылып келеді. Ең бастысы, Тұржан есімімен емес, Қаламқас деген атпен айтылуда.
Ілия Жақанов, композитор, музыка зерттеушісі:
–Абайдың осы бір тамаша әнді Сүйіндіктің қызы Тоғжанға арнап жазғандығын дәлелдейтін нақты деректер қазір біздің қолымызда жоқ. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында да еш жерде жазылмаған. Сондықтан мен «ол былай еді немесе оны сол адамға арнап жазды» деп бөле-жарып айта алмаймын. Менің білетінім, «Жарқ етпес қара қара көңілім не қылса да» деген өлеңі шынымен Тоғжанға арналып жазылған. Ал енді Тана мырзаның бауырына салып өсірген қызы Тұржанға арнап жазды деген пікірді өз басым жақында ғана естідім. Менің ойымша, бұл жағдай бұрындары зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойған сияқты. Енді ғана соған көңіл бөліп жатырмыз.
Жалпы, біздің қазақтың тарихында, өнері мен мәдениетінде әлі де зерттелмей, жабулы күйінде қалып келген немесе бұрмаланған дүниелер жетіп артылады ғой. Келешекте осы жақұттарымызды жарыққа шығарып, халықпен қауышуына көп еңбек етуіміз керек.
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:
– Бұл пікірлердің екеуі де шындыққа жанасады. Дегенмен өз басым Қалихан Алтынбаев ағамыздың: «Тана мырзаның немере інісі Жәнібектің қызы Тұржан сұлуға арналды», – деген пікірі дұрысырақ деп ойлаймын. Себебі, әннің сөзіне ден қойсаңыз, ақынның бір аруға ғашық болып, бірақ оған қолы жетпей, бір көруге зар болған аңсар хәлін ұғынасыз. Эпопеяға жүгінсек, Тоғжан мен Абай бір-бірімен қосылмаса да, бірнеше рет кездесіп, тілдесті. Оған қоса, егер әйгілі ән Сүйіндік қызына арналса, бұл жайт Әуезовтің назарынан тыс қалмас еді ғой. Екіншіден, Абай Тоғжанға арнап бірнеше өлең жазған, олардың арасында «Айттым сәлем, Қаламқас» жоқ. Сондықтан Қалихан ағамыздың дәлелдері сенімдірек сияқты. Мәселен, Тұржан мен Абай бір-ақ рет көрісті, одан кейін мүлдем жүздеспеді. Бәлкім, барлық сыр осында жатуы мүмкін. Дегенмен бұл тақырып әлі тереңірек зерттеуді, зерделеуді талап етеді.
Жолымбет Мәкіш, журналист:
– Найман елінде Абай мен Қаламқас туралы ертеден бері келе жатқан ескі аңыз бар. Баяғыда осы өңірде Тана мырза дейтін атақты адам өткен. Ол келе жатыр дегенде Құнанбайдың өзі тойды тоқтатып қойып, Тана мырзаның келгенін күтетін көрінеді. Қаламқас осы Тана мырзаның інісі Жәнібектің қызы болып шықты. Жәнібектің осы қызын Тана мырза бауырына салып өсірген. Шын аты Тұржан екен. Бірақ осы Тұржан сұлудың аты тарихта «Қаламқас» деген атпен қалады.
Бірде аға сұлтандықтан дәмелі болып сайлауға қатысқан Тана мырзаның жолы болмай қалып, орнына Сандыбаев Ерден сайланып кетеді. Соған қатты назаланған Тана мырза қайғырып жатып қалады. Бәйбішесі оның көңілін ауламақ болып, өзеннің Ертіске құятын түбегінен мешіт салдырта бастайды. Мешіт салынып біткенде, алыстан оған құтты болсын айтып Құнанбай да келіп жетеді. Он сегіз жастағы Абай осы кезде әкесінің жанында жүреді. Тана мырзаның ауылына келіп түскенде, олардың көзі жартылай қала үлгісімен киінген бойжеткенге түседі. Жеңгелері Қаламқас деп атап кеткен Тұржанға Абайдың бірден көңілі құлайды. Әдепті, өңді қыз Құнекеңе де ұнап қалып, құда түскісі келеді. Бірақ Тұржан бала кезінде Байжігіт елінің Өзіхан деген жігітіне атастырылыпты. Ол да бір аталы жер. Тана мырза осыны естірткенде, Құнанбай аз-кем ойланып қалады. Оған да қарамай бір себебін табар ма еді, осы кезде орданың маңында аяқ асты күтпеген оқиға болмаса. Соқыр түйесін дегеніне көндіре алмай жатқан бір адуынды жігіт оны боқтап жібереді де, бұл сөз құдалықтың жай жапсарын ойластырып отырған Құнанбайға тиіп кетеді.
Соқыр түйені тұрғыза алмай ұрып жатқан жігіттің «көзіңді, қу соқыр» деген сөзін құлағы шалған Құнанбай оны өзіне қарата айтқандай қабылдап, әлгі жерде бұлқан-талқан болып ашуланады. Оны әдейі істеп отыр деп ойлап, әлгі жігітке ат-шапан айып кестіреді де, қоналқыға қарамай жүріп кетеді.
– Ойбау-ау Құнеке! Айдаладағы біреудің сөзін сонша көңілге алғаныңыз не?
– Сен оны әдейі істеттің… Кеттік, Абай!
Тұржанға көңілі кетіп отырған Абай әкесінің соңынан еріксіз ілесті. Бұл оқиға болмағанда, екеуі жарасып кетіп, ұлы ойшылдың кейінгі өмірі мүлде басқа арнаға түсер ме еді, кім білсін?! Тана мырзаның ордасынан аттанған Абай жүрегінің бір жартысын осы жаққа қалдырып бара жатқандай аласапыран күй кешті. Ауылдан ұзап бара жатқанда аз уақытқа аялдап, артына бұрылып қараған. Тұржан сұлу оған «неге сонша асықтың, Абай?» деп алыстан қол бұлғап тұрғандай болды. Бөгеліп, артына қарап тұрған Абай осы кезде ұзап бара жатқан әкесінің артынан шаба жөнелді… Шауып бара жатқан аттың аяғының дүбірі естіледі.
Екі жастың болашақ махаббатына да осы бір келеңсіз жайт кедергі жасап, екеуі бірер мәрте хат алысып, өткен-кеткен кісіден сәлем айтып жібергеннен арыға бара алмайды. Барып қайтуға жер де шалғай. Қаламқастың жастай атастырылған күйеуі көп ұзамай қайтыс болады да, өзі біраз уақыт оң жақта отырып қалады. «Отырған қыз орнын табады» демекші, ақырында, Тұржан Сыбан еліндегі Быжы-Тоқтар деген саудагер сарттың ауылына келін болып түседі.
Абайдың Қаламқасқа деген шексіз махаббаты осы кезде өлең болып өріліп, қағаз бетіне түсіпті…
Советхан Сәлиев,
Зайсан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы
Мақалада интернетте жарық көрген деректер пайдаланылды.