Айшолпанның аяқ алысы жақсы
Шымкентте өткен «Тәуелсіз елдің жастары» атты жас ақындардың республикалық айтысында жерлесіміз Айшолпан Тілеутай бірінші орынды иеленді.
Еліміздің өңшең «сен тұр, мен атайын» дейтін жас ақындары бас қосқан айтыста бірінші орынды жеңіп алған Айшолпан өзінің бұл өнерге тегіннен-тегін келмегенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жастар жылын қорытындылаған айтыста жас ақындар айшықты ойлары мен орнықты пікірлерін ортаға салып, жыр додасының көрігін қыздырды.
Ақын қыз Айшолпан туралы айтсақ, ол Аягөз қаласындағы №6 мектепті 2018 жылы ойдағыдай тәмамдап, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Қазір аталған оқу орнының студенті. Университет қабырғасында оқып жүріп жыр мүшәйралары мен айтыстарда топ жарып үлгерді. Атап айтсақ, республикалық «Алаш сенген жастар», халықаралық «Мәңгілік ел – менің елім» мүшәйраларынан бас жүлде, республикалық «Ақберен» сайысынан бас жүлде, «Менің пірім -Сүйінбай» атты республикалық студенттер айтысынан жүлдегер, «Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе» атты жас ақындар айтысында бірінші орын, Тәуке Жұмықұлының туғанына 340 жыл толуына орай өткен республикалық айтыста екінші орын, «Алтайдың ақиығы Ақтан ақын» атты айтыста бас жүлдені, Жастар жылына орай Еуразия ұлттық университеті өткізген студенттердің республикалық жыр додасында бірінші орынды жеңіп алған.
Жалпы, Айшолпанды аягөздіктер ғана емес, айтыссүйер қауым болашағынан зор үміт күттірген талантты жас ретінде жақсы таниды.
Берікхан ТАЙЖІГІТ
Аягөз ауданы.