«Айша бибі» ұлы мейрамды ұлықтап жүр
Биылғы Наурызға да «Айша бибі» орталығының жетекшісі Айман Боқбасарова ерекше дайындықпен келіп отырғандықтарын тілге тиек етті. Өзі жақында ғана Қарағанды қаласында өткен «Қазақстан қолөнершілерінің маркетингтік саланы меңгеруі» деп аталатын семинар-тренингке барып келген екен. Онда елімізде санаулы болып қалған жіп иіру, кілем, ши тоқу, құрақ құрау сияқты салалардың тауар өнімдерін әлемдік нарыққа қалай шығу қажеттігін көрсеткен. Тек шетелдік тауарлар ғана бренд болып қалуы дұрыс емес, қазақ халқы да өзіндік қолтаңбалары бар қайталанбас бұйымдарын Голливуд жұлдыздарының талғамдарына ұсына алады.
– Мен Шығыс Қазақстан облысының өкілі ретінде өңірімізде еңбек ететін шеберлердің зат, бұйымдарын апардым, – дейді Айман апай, – оның ішінде жүннен, киізден жасалған көздің жауын алар дүниелер өте көп болды. Қатысушыларды катонқарағайлық Гүлнәр Қожамжарованың жасаған сырмақ, алаша, терме алашасы қатты таңғалдырды.
– Наурыз мерекесіне орай біз ұлттық қолөнер нұсқасын халық назарына ұсынып отырмыз, – дейді Айман Боқбасарова, – аталарымыз қоршаған ортаның әр құбылысын, мінезін түсіне біліп, ән айтып, ою-өрнекті жасап, барлық өнерін табиғаттан еншілеген ғой. Сондықтан да бабаларымыз жасаған сан түрлі қолөнер бұйымдары өзге халықтардың бұйымдарынан өзіндік бояуымен ерекшеленіп тұрады. Кейінгі кезде әсіресе, жастардың арасында қазақ қолөнеріне қызығушылық танытып, түрлі көрмелерге қою арқылы қолөнердің өміршеңдігін паш етіп жүргендер қатары көбейіп келеді. Соның бір дәлелі – Семейдің Орталық саябағында өткен көрме деуге болады. Халқымызға Наурыз тақырыбы өте жақын. Қазақы ою-өрнекті бұйымдар жасауға тіпті жастармен қатар, өзге ұлт өкілдері де ден қоя бастады. Өткенде ұйымдастырылған кезекті бір көрмеде Семейдегі №1 орта мектептің технология пәнінің ұстазы Ирина Лаврушинаның жасаған құрақ көрпелер, оюлы қоржыны, аяққап пен кілемшелері жұртшылықты қатты қызықтырды. Ол жасаған ою атауларының әртүрлілігі, «қошқармүйіз», «құс қанаты», «қазтабан», «ботамойын», «бұғы-мүйіз» түрлері табиғаттың дәлме-дәл көшірмесі деуге болады. Осындай шеберлерге үнемі қолдау танытып отырған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА алғысымыз зор.
«Айша бибі» қазақ мәдени-ұлттық орталығы қаладағы Достық үйінде орналасқан. Орталықтың арнайы мұражай бөлмесі де бар. Оның ішінен қазақ халқының өмірі мен тарихына қатысты дүниенің бәрін көруге болады. Бір бұрышта киіз үй тұр. Оның ішінде жиналған жүк, әдемі тұскиіздер, қолдан тоқылған алашалар.
“Айша бибі” қалалық қазақ-ұлттық мәдени орта-лығын аралау барысында Наурызды өздерінің ұлттық бұйымдарымен әрлеп, әсемдеуге тырысып жатқан дайын-дықтарын байқадық. Осы салада аянбай еңбек етіп, ұлттық дәстүрді насихаттап отырған Айман Боқбасароваға деген құрмет сезіміміз оянды. «Айша бибі» қазақ мәдени орталығы ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Жүзден аса қала тұрғындары ұмыт бола бастаған сырмақ, текемет жасау, киіз басу, алаша тоқу сияқты сабақтарға қатысып, әр Наурыз сайын арнайы сертификат алып шығыпты. Олар енді үйренгендерін өзгелерге насихаттап жүр.
Семей