Мәдениет

Қайран анам – қамқоршым

Қайран анам - қамқоршым


Шілденің әуе айналып жерге түскендей аптап ыстық кезі. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Ауыл Кіндікті өзенінің жағасындағы жалпақ қорықта. Ауыл деп отырғаным екі-үш киіз үй мен бір-екі шілік шетеннен тұрғызылған күркелер. Күндіз үлкендер түгелімен дерлік колхоз малына пішен дайындауға кетеді де, жұмысқа жарамайтын қариялар, бала-шаға ауылда қаламыз.

Біз шаруаға жарамағанымызбен, ойын қолымыздан әбден келеді. Кіндікті өзенінің басы таудан құлап ағып, тасқынды, қалың тоғайлы болғанмен, аяғы жазыққа түссе, қыр жыра болып, жаз ортасына таман суы үздік-создық иірілімге айналып кетеді. Пішеншілер ауылы көбінесе осы Құржыра тұсында отырады. Өзен жағасы – жарқабақтың биіктігі екі-үш метрге жетіп, ұзындығы ондаған шақырымға созылады. Арнада анда-санда қадау-қадау жалғыз талдар, үйір-үйір шіліктер өсіп, жазық жерде өзен барын байқатып тұрады. Біз ойын баласы болғандықтан және ер бала болғандықтан жар жағалап, балық аулап кетеміз. Сонда, әсіресе, мені қызықтыратын сандуғаш деп аталатын торғайлар. Аласы мен ағынан гөрі қызғылт сарыға ұқсайтын осы бір кішкене құстар жар бойын мекендейді. Іш жағына қаз-қатар етіп ұя салады. Ал біреу таяп барса, ұшып-қонып шырылдап алды-артыңды орайды. Әсіресе, ыстық күндері жар жағасында керген жіпте отырғандай сап түзегені қызықтырады. Біздің ойын арасындағы басты жұмысымыз – екі-үш қап тезек теру, бұзауды емізбей байлау, апамыз жұмыстан келерде от жағып, мосы құрып, шай қайнату. Бұл күнделікті ойынмен қатар жүретін кәсібіміз. Біздің колхоз Екпін деп аталатын. Ал ауыл колхоз орталығынан он бес-жиырма шақырымдай қашық. Сонда орталықта да кісілер мәз емес-ау деймін. Өйткені, кісінің көбі пішеншілер. Кісілер дейтінім менің апам сияқты әйелдер мен ересек балалар, кемпір-шалдар.

Жұмысты да солар істейді. Ерлер майданда. Менің апам Күлшағи жұмысты ер адамша істейтін-ді. Апам ат жақты, қарулы кісі еді. Қолынан ұзын ақ сапты ашаны тастамайтын. Биіктігі 5-6 метр маяға шөп лақтырғанда ар жақ, бер жағына түсіретін. Жұмыстан келгенде: «Құлыным, Нартайым аманбысың? Сен аман бол. Көп ойнама, суға түспе. Бұзауыңды байқа» деп, асты-үстіме түсіп, үйіріліп қалады. Менен үлкендеу Назила деген қызына ондай ықылас көрсетпейді. Қайта оны көбірек жұмсап, маза бермейді. Пішеншілер күндегі әдеті бойынша бір-бір өгізге мініп, шөп басына кетеді. Көптен жауын болмай, қыратты жер сарғайып, көде сияқты қыр шөбі күйіп кеткен. Шығыс жақтан от болып, аңызақ соғып тұрады. Әй, қиын-ақ. Өріске кеткен сиырлар құйрығын тігіп ап оқыра қуып, қайтып келіп, әр үйдің көлеңкесін сауғалайды. Бізбен іргелес тұратын Жамал деген кемпір қайтқан сиырды айдап тастады да:

–Балам, Нартай, бұзауыңды арқанда, – деді дауыстап. –Күн салқын тартып келеді. Жаумаса не қылсын. Есік алдына шықсам, ауа райы кенет өзгере қалыпты. Ыстықтың беті қайтып, батыс жақтан тұтас қара бұлт қоршапты. Қамшының өріміндей тарамданып, әуеде найзағай ойнай бастады. Апатайым Назила шақырып:

–Кел, Нартай, тезекті қаптап қояйық, су болып қалар, – деді.

–Қап қайда? – дедім көріп тұрсам да қиястана.

–Әне, босағада, бол күн жауып кетеді, – деп Назила асықтыра түсті.

Апамды бел көретін мен одан көп қорқа қоймаймын. Дегенмен, қапты алып, үйген тезктің қасына келдім. Қаптың аузын ашып тұрмын. Назила ішіне лақтырып тұр. Күн қараңғы тартып, түнере түсті. Аспан әлемі аласапыран, найзағай шатырлап, зәрені алып, үрей туғызып келеді. Бейне бір сел қаптайтындай бұрқ-сарқ. Жел лезде көтеріліп, бұлт атаулыны жөңкілте айдап жатыр. Жауса екен деп тұрмын. Апам жұмыстан тез қайтар еді.

–Жөндеп ашсаңшы, – деп Назила маған бір зекіріп қалды да, – ой саусағыма тікен кіріп кетті, – деп қолын жұлып алды.

–Қайдағы тікен? – деп тезекке қарадым. Ойбай-ай, сұмдық-ай! Жүрегім дір ете қалды. Қолымнан қаптың аузы түсіп кетті. Әрең дегенде бір адым шегінуге шамам келді.

–Не болды? – деді Назила шошынған маған қарап. Саусағын аузына салып, сорып тұр.

–Түйме, – дедім апамның үйретуімен «жылан» деуге қорқып.

–Түймесі несі? – деді Назила түсінбей.

–Әне, – деп тезек түбін нұсқадым. Қап-қара жылан шұбараланып, жеңді білектей боп иіріліп, қап ортасынан басын шығарып, қақшия қарап, ысылдап тұр. Байқап қалған Назила қорқып кетті.

–Апа, әй апа, жүгірші үйге, кірші, түйме, – деп айқай салдым. Көрші кемпір Жамал, тағы бір-екі ересек кісілер, ұсақ балалар қаптап кетті.
«Қолым ашып барады» деп Назила жылай бастады. Мен де жыладым.

–Ой, шырағым-ай! Мына пәле шаққан ғой. Әй, әлгі Тоқжігіт қайда? Шақыршы, – деп Жамал шешей айғайлап жүр. Ақыры әлгі кемпір жыланға ақ құйып, оны шала өлтіріп, шаңыраққа салбырата байлап қойды. Дәл астына Назиланы отырғызды.

–Уды у қайтарады. Жылан жуандап іссе, қолдың ісігі басылады, қорықпа, – деп қояды. Назилада да, менде де зәре жоқ. Бес саусағы түгел ісіп, білекке қарай өрледі. Көкпеңбек болып, барбиып кетті. Жауын төпелей жауып, пішеншілер де жетті ауылға. Апам естіген-ау деймін:

–Өлдің-ау, құлыным-ай, қайтейін, – деп аңырап келеді. Бас салып, еңіреп жібердім. Маған алданбастан, Назилаға ұмтылды. Осы кезде жылан ақырғы рет жиырыла тартылып, сұлқ түсті. Шешем анадай жатқан пышақты жұлып алып, жыланды турап-турап, лақтырып тастады.

–Қараңғылықтарың бір қалмайды. Жылан өз уын өзі қалай қайтарады? Сүт әкел, – деді кемпірге. Даусы қатты шықты. Жаны күйіп тұр-ау деймін. Назила жаутаңдап, шешесіне оралып, боздап тұр.

–Көр, міне. Назиланың қолын сүтке малғанда, сүт айрандай ұйып қалды. –Тағы да сүт, – деді апам. Мен «Енді Назила өлмес» деп ойынға кеттім. Біз сияқты шет жатқан ауылда сол кезде дәрігер жоқ қой деймін. Әлде қажетті көлік те жоқ шығар. Әйтеуір, Назиланы ешқайда емдеуге апармады. Апаруға шама да жоқ қой. Жалғыз апам жұмыста.

–Беті бері қарады ғой, қарағымның. Мынадай тар кезең қиыншылықта ит өлген жерге қалай сандаламыз? Бір тәңірім жар болар, – деп апам сабырлылық жасаған сияқты. Назиланы ертеңді-кеш апам өзі емдеп жүрді. Мен сол кезде шешемді шынында дәрігер екен деп ойладым. Бір ай шамасында Назила құлан-таза жазылды. Бірақ түйме шаққан саусағы жансыз қалды.

–Бұл қарағым бір ажалдан қалды ғой. Енді аз кешіксем, у бойына жайылып өлетін еді, – деп отыратын шешеміз Күлшағи. Сонда менің бойымды анама деген тәтті сезім, өзі сақтап беретін тәтті қаймақтай боп билеп кетуші еді. Ет жүрегім елжіреп: «Қайран ана, сен бізге үйде де, түзде де қамқоршы болдың-ау» деп сүйсінуші едім.

Мәуітқазы Зүкенов.

Осы айдарда

Back to top button