Ақынның ұлылығын генерал-губернатор да мойындаған
Патша үкіметінің әкімшілік органдарының іс қағаздарына топтасқан осынау шоғыр құжаттардың ішінде, біздіңше, өте-мөте екі құжаттың мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз.
Біріншісі – Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылы 23 қыркүйекте Абай (Ибрагим) Құнанбаев жайында сонау Петербургтегі Ішкі істер министрлігінің департаментіне жолдаған мінездемесі. Түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан, оқырмандар түсініп қалар деп оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.
«Киргиз Чингизской волости Ибрагим Кунанбаев имеет от роду 60 лет, женат на трех женах, от которых имеет 20 человек детей. Обладает сравнительно большим состоянием (около 1000 лошадей и 2000 баранов).
Қунанбаев весьма развитый и умный. Он служил два трехлетия бием, три трехлетия управителем Чингизской волости, а затем по назначению от правительства прослужил три года управителем Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумным управлением, исполнительностью, энергией, преданностью правительству и отсутствием фанатизма.
Одним из сыновей Кунанбаева по окончании курса Михайловского артиллерийского училища был произведен в офицеры и, будучи на службе, умер в Туркестанском округе. Ныне замужняя дочь его пишет и читает по-русски. Грамоте ее учил отец. Кунанбаев весьма интересуется литературой, выписывает книги, журналы и газеты.
В прежнее время он пользовался грамодным влиянием среди иногородского населения степи, но в настоящее время влияние его далеко не то. Он постарел, не принимает на себя руководства в партиях, хотя главари их часто обращаются к нему за советом.
В разговорах и суждениях своих с лицами Кунанбаев обнаруживает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на культурную миссию нашего отечества в наших азиатских владениях. Он с негодованием осуждает попытки мусульман – фанатиков противодействовать правительсту в его стремлениях. Искренность высказываемого убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведением.
Эти данные указывают, что Кунанбаев в политическом отношений не внушает никаких опасений и должен бы причислен к числу лиц вполне благонадежных.
Галкин,
военный губернатор
Семипалатинской области,
генерал- майор.
«Исх.№ 203.23 сентября 1903 г.»
Міне, патша әкімдері ұлы Абай туралы күдікті мағлұмат жинаймыз деп, ақыры оған осындай мінездеме жазуға мәжбүр болған. Кезінде Абай басын әжептәуір шырғалаңға салған осынау оғаш оқиға барысында пайда болған бұл құжаттардың тарих үшін, ғылым үшін берер тағылымы аз болмаса керек. Ел ішінде сол кездегі азатшыл ойдың дәрмені мен сарыны жайында, әсіресе Абайдың байтақ қазақ даласында ел ағасы ақылшы есебіндегі алар орны мен беделі жайында тұжырым түйіндетуге тетік болар қасиеті мол.
Осы құжаттардың ішіндегі екінші бағалы мұра – Семей уезі бастығының сол 1903 жылы 25 сәуірде Абай үйінде жазылған қаулысы дер едік. Бұл құжатта біздер үшін де, болашақ үшін де қасиеті жоғары бағаланатын және айрықша сипаты – онда атақ-даңқы, асыл мұрасы асқақтай көтерілген заңғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Кунанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанында. Бұл қолтаңба «… Барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет» деп өсиет айтқан Абайдың Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын сүйіп оқып қана қоймай, оларды ең алғаш қазақшаға аударып, қазақ сахарасына таратқан Абайдың, өз кезінде орыс тілінде шығып тұрған көптеген газет- журналдарды жаздыртып алып оқыған Абайдың өз басының орысша сауаты, орысша әріптерді әліптеу мәнері жайында бұлтартпас дәлел болатын тарихи-ғылыми баға жетпес айшықты айғақ десек, артық айтқандық болмайды.
Ал жоғарыда түпнұсқасы толық келтірілген әскери губернатор кеңсесінің ресми мінездемесі Абайдың тіршілік кәсібі, ел ішіндегі алар орны, өмірге көзқарасы, отбасы жағдайы, балаларының тәрбиесі мен сауаты жайында мәнді мағлұматтар береді. Мұрағатта сақталған осы және басқа нақты құжаттарды ақынның шығармаларымен қабыстыра қараған кезде, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан», «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» деп толғанған азамат ақынның шыр-шырғалаңы, қабат-қабат өрелі өмірінің өзекті соқталары сүленіп шыға келеді.
Бұл құжаттардан Абайдың әр нәрсенің ұшығына жетпей, жарым шешім қабылдамайтын сақ әрі сабырлы, қиын-қыстау, тар жерде де сырбаз мінез танытып, оңды, ұтымды жол таба білетін, сергек те тапқыр, ақылды, қалың қауым, қоршаған орта, лауазымды шен-шекпенді адамдар арасында да, ағайын-туыс айналасы мен балаларының алдында да риясыз беделді, айбынды қияпаты қапысыз көрініс береді. Абайдың өз кіндігінен туған балалары Мағауия мен Тұрағұлдың сөздері мен әрекеттері де, «әке көрген оқ жонар» демекші, оңтайлы, көңілге қонымды, сасқалақ, ұшқалақ емес, үрейшіл ынжықтықтан ада, ел қадірлеген әкеге лайық тәлім-тәрбие көрген абзал азаматтар нышанын аңғартады.
Хакімге хат жазып жүрген Қосшығұлов кім?
Ал қазақ елі ортасында сол кездегі абыройы асқақ, беделі биік Абайды біліп, оған хат жазып жүрген Шәймерден Қосшығұлов кім?
Әзірше табылған мұрағаттық деректерге қарағанда, Шәймерден Қосшығұлов 1877 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Ол жасынан мұсылмандық құқық негіздерін үйренуге бой алдырып, оның қайырымдылық, имандылық және сауапшылдық қағидаларын халық арасында кеңінен насихаттауға атсалысып, зорлық-зомбылық әрекеттерге қарсы үн қатып отырған. Сол мақсатпен ол Қазан, сондай-ақ, Ресейдің басқа қалаларынан өз қаражатына 100-ге тарта Құран кітабын сатып алып, оны халық арасына тегін таратқан. Сондай кітаптардың бірін алу үстінде Жақып деген:
Ассалаумағалейкум, ақын молдам,
Дініне исламның жақын молдам.
Алдырдың жүздей кітап, дін ашуға,
Жарайды осы ісіңіз, мақұл, молдам, – деп, қолма-қол алғыс айтқан екен.
Сондай-ақ, Ш.Қосшығұлов ел арасына баспа өнімдерін көбірек тарату мақсатымен өзге шет жақтан кітап, не газет шығаратын қорғасын әріптерін де әкеле береді. Міне, осы әрекетімен қоса Абайға жазған хатында үкіметке қарсылық әрекет бар деген негізде ол бес жылға Үркіт аймағына сот үкімімен жер аударылады. Алайда, Шәймерден Қосшығұлов Романовтар әулетінің патшалық етуіне 300 жыл толуына байланысты алғашқы кешіріміне орай еліне оралады.
Бірер сөз Ш.Қосшығұловтың туған әкесі жайында. Соңғы жылдары қазақ мерзімді баспасөз беттерінде Абай әкесі Құнанбайдың қажыға баруы жөнінде біршама мақалалардың жаряланғаны аян. Міне, солардың бірінде (Р.Отарбаев. «Меккедегі төрт үй». «Парасат» журналы, 1992 жыл, №1) Құнанбаймен Мекке жаққа сапарлас болғандардың ішінде Қосшығұл Шопанұлы дегеннің де аты-жөні кездеседі. Бақсақ, бұл Шәймерденнің әкесі екен. Өйткені, ол сол кездегі Ақмола аймағын мекендейтін Атығай елінен Меккеге барып қайтқанға саяды.
Халық арасында Ш.Қосшығұловтың беделі биік болғанға ұқсайды. Міне, сондықтан да оны жерлестері халықтың ұлттық намысын қорғай білетін азаматы ретінде танып, Ресейдің бірінші Мемлекеттік Думасына мүше етіп те сайлаған. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газеті 1906 жылғы 91- санында былай деп жазған екен:
«Омск. Членом Государственной Думы от Акмолинской област и избран социал-демократ Ишерский (врач-киргиз), от Семипалатинской области – Букейханов, от Акмолинской области – Косчигулов».
Қосшығұлов туралы тағы біраз дәйекті деректі 1906 жылы Мәскеуде М.Бойович дегеннің құрастыруымен шыққан «Мемлекеттік Дума мүшелері. Суреттері мен өмірбаяндары» атты (орыс тілінде) кітаптан да кездестіруге болады. Ол тарихи айғақ мынадай:
«Қосшығұлов Шәймерден – қазақ. Көкшетау молдасы. Білімді Бұқардан алған. Қазақ арасындағы халық сотына түбегейлі қарсы. Шариғатты жақтаушы. Мүшелікке сайланғаннан кейін, оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, онысы «Мемлекеттік Дума сайлау ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен, облыстық сайлау комиссиясы бұл сайлау қортындысын жаратпай тастаған. Ол Ақмола облысы қазақтарының арасынан сайланған».
Әрине, Шәймерден молда жөніндегі бұл мәлімет Петерборға жалпы сайлау қорытындысы тұсында жетсе керек. Сол себепті де тиісті дауыс алған мүшелер қатарында тізімге енген. Бірақ оның 1906 жылы сәуірде басталған 1-Дума жұмысына қатыспағаны рас. Сондықтан да оның суреті бірінші Думаға қатысты кітаптарға да енбеген.
Ал Шәймерден Қосшығұлов туралы тағы да сөз қозғар болсақ, ол да айтуға тұрарлықтай. Ол әсіресе, 1907 жылы Петерборда тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Серке» атты газетті шығаруды ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Ш.Қосшығұлов та 1932 жылғы ашаршылық зардабына ұшырап, Омбы қаласына қоныс аударған, сол жақта аштан қайтыс болған.
Түбегейлі іздеушісі келіссе, еліміздің мұрағатынан да, Мәскеу мен Петербургтың, Омбы мен Ташкенттің мұрағат қазыналарынан әлі де талай-талай Абай туралы дәйекті дерекер табылуы мүмкін. Бұған соңғы кезде Ресейдің орталық мұрағаттарынан табылып жүрген Абайдың Сенатқа хаты («Қазақ әдебиеті», 1981, 24 сәуір), сондай-ақ 1876 – 1878 жылдардағы орыс- түрік соғысы кезінде ақынның жазған ашық хаты («Қазақ әдебиеті», 1963, 16 шілде) куә болса керек.
Абай шығармашылығын талдау, халыққа таныту, тарату жөнінде бүгінде қыруар іс тындырылып жатқанын мойындай тұрсақ та, ақын өмірін ғылыми тұрғыдан, мұрағаттық деректер негізінде зерттеуді жетілдіре, жалғастыра беру әрқашанда күн тәртібінен түспейтін борыш деп ұғуымыз ләзім.
Ғабит Зұлхаров,
бұрынғы мұрағат қызметкері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Аягөз ауданы.
(Соңы. Басы сайтта 26 маусымда жарияланған)