Мәдениет

Ақындар жырын арнады

Ақындар жырын арнады


Сөз зергері Серік Ғабдуллаұлының 80 жылдығына арналған облыстық мүшәйра өтті.

Ұлан аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған осынау жыр бәйгесіне көптеген жазарман өз өлеңдерін қосыпты, бірақ солардың ішінен іріктелген дәмелі жүйріктер саны он бір болды.

Мүшәйраның шарты бойынша қатысушылар алдымен ақынға жазған арнауын, содан кейін еркін тақырыптағы бір өлеңін оқыды. Бірінші болып «Шабыт» ақындар мектебінің жетекшісі Қызырбек Дүргінбайұлы сахнаға көтерілді.

«Шабыт» демекші, бұл – Серік Ғабдуллаұлының Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана жанынан көзі тірісінде ашқан мектебі. «Зейнет жасында жүрсе де Серік ақын өзі құрған мектепке жиі келіп, жастардың өлеңдерін тыңдап, бірге талқылап отырушы еді» деп еске алады марқұмның шәкірттері. Міне, жас та болса бас бола білген Қызырбек Дүргінбайұлы – сол шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ағалары мен аталарының ақ батасын алып жүрген азамат.

Сөйтіп мүшәйра да басталды. Ақындар кезек-кезегімен арнауын оқып жатты. Данагүл Исағұл есімді қыз баланың өлеңі жадымызда жатталып қалыпты.

«Кеудеме тәңірі сыйға бергенде өлең,
Жанымның жарасын сол емдер деп ем.
Бірақ ол дәру емес, дерт боп тиіп,
Тағдырдан құқайым жоқ мен көрмеген», – деп бастапты ол кішкене жүрегінен шыққан үлкен ақынға деген арнауын. Серік Ғабдуллаұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ұлт мұраты үшін көптеген жұмыстар атқарғанын ел біледі. Ақын ағамыз жүрегіне дерт болып тиген қоғамдағы келеңсіз жағдайлармен күрескен. Ақынның: «Ғашықтығым өзіңе суымайды, О дүниеде жүрсем де тауып алам», – деп елі мен жеріне арнап айтқаны тегіннен-тегін емес. Мінеки, Данагүлдің де астарлағаны осы болса керек.

Мұнымызды қуаттағандай әділқазылар алқасының төрағасы Әлібек Қаңтарбайұлы әзіл-шыны аралас былай деді:

– Мынау тұрған ақындар сіздерді жақсы көреді. Сіздер оларды онан бетер жақсы көріңіздер. Бұлар болмаса, ауыр күйзелістен, ішқұсадан үш күнге жетпей-ақ мойынға арқан салатындарыңызға мен сенемін.

Келесі кезекте ақынның қызы Шынар апайымыз ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жас ақындарға сәт сапар тіледі.

Нәтижеге келер болсақ, Мүсілім Құмарбекұлы мен Тұрғазы Нұқай атындағы арнаулы жүлдені Тасқын Болатұлы мен Мұратхан Ахметбек алды. Үшінші жүлде эпик Дәулетберді Жекейдің, екінші жүлде сыршыл Данагүл Исағұлқызының, бірінші жүлде арманшыл Мерей Қарттың қанжығасына байланды. Бас жүлде ырымшыл ақын Қызырбек Дүргінбайұлына бұйырды. Жүлдегер ақындардың бәріне ақшалай сыйлықтар табысталды.

Т.Қалибек

Осы айдарда

Back to top button