Ақындар жайында білгіңіз келсе

«Сөзі сүбелі, жыры жанға жақын ақындар». Газетіміздің белсенді авторларының бірі – ақын, өңірімізге ғана емес, республикаға есімі кеңінен таныс қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәуітқазы Зүкенұлының баспадан шыққан кезекті жаңа кітабы осылай аталады.
Қазыналы Қалбатаудың қолат-қонышының бәрін жақсы білетін қаламгердің бұл алғашқы кітабы емес. Семей ақсақалдар алқасының белсенді мүшесі Тоқтархан Отарбаев кітапта 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Мәуітқазы Зүкенұлының жазумен алаңсыз айналысып келе жатқанын жазыпты. Алғашқы кітабы «Бел-белес» деген атпен 1998 жылы Жолдасбек Нұрғалиевтың баспасынан жарыққа шыққан. Содан бері қаламгердің 16 кітабы оқырман қолына тиген екен. Тек 2012 жылы қазақтың батыр да нәзік аналары туралы «Әлемнің құдірет күші – анада» атты кітабы жарық көрсе, 2016 жылы ауыл өміріне арналған «Ауылдан шыққан асыл сөз» атты дүниесі оқырманға жол тартқан болатын. Міне, бүгін қарт журналистің кезекті жаңа кітабы қолымызға тиіп отыр.
Жалпы, Мәуітқазы Зүкенұлы – шежіре қарт. Ел мен жердің, әсіресе Шығыс өңірінің тарихы мен әдебиетін, мәдениетін Мәуітқазы ақсақалдай жетік білетін қарттардың қатары бүгінде тым аз. Қаламгердің бұл жаңа кітабын кейінгі ұрпаққа жасап отырған үлкен сыйы деп қабылдасақ та болады. Кітапқа енген әрбір дүние шағын зерттеу еңбегі секілді. Оқырман қауым бұл кітаптан Сабырбай ақын, Қуандық Сабырбайқызы, Төлеу Көбдіков, Уәйіс Шондыбайұлы, Тобағұл, Нұрлыбек Баймұратов, Сүбебек Нұрбайұлы, Шәкір Әбенов, Тұрлықан Қасенұлы, Сәдуақас Берденов, Сейітхан Дайырбеков, Ғаббас Шөкімұлы, Қалел Рахымбеков, Қалихан Алтынбаев, Мақаш Баймұрзин, Ғалым Әшірбаев, Омар Есімбекұлы, Дәмеш Омарбаева секілді т.б. сөз зергерлері мен мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қаныға түседі. Бір атап айтарлығы, кітапқа енген дүниелердің көпшілігі облыстық «Дидар» газетінің бетінде жарық көрген. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Картаева жинаққа жазған пікірінде «…рухани мұраны қайта жаңғырту, жоғалған дүниелерімізді түгендеу мақсатында кітаптың бүгінгі ұрпаққа берер тәлімі мол» екенін баса айта отырып, кітаптың оқушыларға, студенттерге, кітапхана мен мұражай қызметкерлеріне, жалпы көпшілік қауымға өте қажет екенін жеткізіпті.
Иә, рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Туған өлкенің тарихын ұрпақ жадында бекіту үшін бізге мұндай кітаптар қажет. Ғалымның пікіріне біз де толық қосыламыз.
Мейрамтай Иманғали