Мәдениет

«Айналайын» – анаң айтар алтын сөз

«Айналайын»  - анаң айтар алтын сөз


Анаңыздың аялы алақанын сағындыңыз ба? Соңғы рет анаңызға қашан қоңырау шалып, жағдайын білдіңіз? Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар театры халықаралық әйелдер мерекесіне орай тәжік драматургі әрі режиссері Барзу Абдураззаковтың «Айналайын» драмасын көрермен қауымның назарына ұсынды.

Пьесаның негізгі аты «Сәлем, мама, бұл мен» деп аталады. Бірақ қойылымның режиссері Айдын Салбан оны «Айналайын» деп өзгертуді жөн деп тауыпты. Шынында да, ананың мейірімін, ананың жылуын «Айналайыннан» артық қандай сөзге сыйғызуға болады. Анаңның еміреніп айтатын осы бір ауыз сөзі жүрегіңді махаббатқа толтырып, жан-жағыңды жап-жарық етіп жібермей ме. Қанатымыз қанша қатайып, туған үйден жыраққа ұшып кетсек те, кейде анамыздың осы бір ауыз сөзін әрқайсымыздың аңсайтынымыз, сағынатынымыз анық. Десе де кейде қауырт тірліктен қолымыз босамай, анамыздың жағдайын сұрауға да мұршамыз келмей жататыны рас. Есіңізде ме, соңғы рет анаңызбен оңаша отырып қашан сырластыңыз? Анаңыздың жан дүниесіне үңілдіңіз бе? Сәби кезімізде анамыздың мейіріміне біз қалай мұқтаж болсақ, анамыз да біздің бір ауыз сөзімізге, жәй ғана назарымызға мұқтаж.

Қойылым бір қарағанда, іш пыстырарлықтай көрінуі әбден мүмкін. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас телефондағы әңгіме арқылы өрбиді. Самайын қырау шалған ананың ермегі үйдегі жалғыз телефон. Байғұс ана сол телефонның шырылын естімей қалмайын деп, тіпті ваннаға баруға да қорқады. Бірақ өзі біліп қоңырау шалып, анасының халін сұрайтын ұл қайда? Бұл күнде ол үлкен мансап иесі. Қат-қабат жұмыстан мүлдем қолы да тимейді. Кейде тіпті анасының қоңырау шалғаны оның жүйкесіне тиеді. Ал анасы жалғыз ұлымен сөйлескісі келеді… Ұлымен ұзақ сөйлесу үшін тіпті үйде тарақандардың пайда болғанын, шаш кептіретін фен алғанына дейін әңгіме етеді… Ұлының амандығын білсе, ұлының дауысын естісе, ана байғұстың жаны тынышталады. Әйтпесе, үйдегі радионы қосса, еститіні ылғи жаманат. Жаңа туған баласын қоқыс жәшігіне лақтырған көкек ана, кәсіпкерді өлтірген қанішерлер туралы хабарлар ананы үрей құшағына алып, жүрегіне салмақ салады.

Қоюшы режиссер Айдын Салбанның айтуынша, бұл пьеса осыдан біраз жыл бұрын Петропавлдың С.Мұқанов атындағы драма театрында сахналанған екен. Қойылымда режиссердің өзіндік қолтаңбасы да жақсы байқалып тұр. Пьесадағы ана, ананың аялы алақаны, ажырасу, басқа да өмір түйткілдері туралы монологтарды режиссердің сәтті шешімі деп айтуға толық негіз бар. Пьесаны облыстық Жастар драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева аударған.

– Бұл тәжіктің белді драматургі әрі режиссері Барзу Абдураззаковтың дүниесі. Татарстан мен Ресейдің театрларында талай сахналанып жүрген қойылым. Пьесаны мен төртінші курста оқып жүрген кезімде орыс тілінен аударған едім. Кейін Петропавлдағы С. Мұқанов атындағы драма театрында Фархад Молдағалиевтің режиссерлігімен сахналанды. Бұл қойылым негізінен ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы ғана емес, мұнда қоғамдағы өте өзекті мәселелер де қозғалады. Көкек аналардың баланы далаға тастауы, қылмыс, жемқорлық, ажырасу бәрі бар. Бұл мәселелердің аясы режиссердің қосқан монологтары арқылы тіпті ашыла түседі. Негізінде монологтар пьесада жоқ. Сонымен қатар, актерлер де өте мықты ойнады. 1 сағат 20 минут бойы көрерменді тапжылтпай ұстап отыру, бұл үлкен шеберлікті талап етеді, – дейді Жастар театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева.

Қойылымдағы ана образын жас актер Мадина Бексейіттің өте нанымды сомдағанын ерекше атап айтқым келеді. Мадинаның Жастар театрында еңбек етіп жатқанына биыл бірінші жыл екен. Театрға келгеніне көп болмаса да, Мадина «Тендерге түскен келіншек» пьесасында Сағиланың, «Аршын мал-аланда» Телли қызметшінің, «Бикештер» спектаклінде Флоренц әженің рөлін сомдап үлгеріпті.

Айтуынша, Мадинаның өзі Көкшетау қаласының тумасы. Сол жақтағы Ақан сері атындағы Мәдениет колледжінің драма актері бөлімін бітіріп, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білімін жалғастырыпты. Мәдениет қайраткері, профессор Ақыш Омар – Мадинаның ұстазы.

– Рөлді шынайы беру үшін мен көп іздендім. Көп оқыдым, Көкшетау қаласында тұратын анаммен көп сөйлестім. Шынымды айтсам, осы рөл анамның арқасында сәтті шыққан шығар деп ойлаймын, – дейді Мадинаның өзі.

Иә, осылайша тағы бір тамаша қойылым көрерменге жол тартты. Мынау өмірдегі ең бір асыл жанның қадірін түсінгіңіз келсе, «Айналайын» қойылымын тамашалағаныңыз жөн. «Айналайын» дейтін бір ауыз жылы сөз жүректерге тек қана жылылық сыйлайды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button