Мәдениет

Ақынға арналған алғашқы кештің 100 жылдығы аталып өтілді

Ақынға арналған алғашқы кештің 100 жылдығы аталып өтілді

Осыдан тура 100 жыл бұрын Семей шаһарында орыс жағрафиялық қоғамы Семей бөлімшесінің ұйытқы болуымен ұлы Абайдың өмірден озғанына он жыл толуына байланысты үлкен кеш өткен болатын. Кеште Абай туралы баяндамадан басқа ақынның өлеңдері оқылып, өз заманының белгілі әншісі Әлмағамбеттің орындауында Абай әндері шырқалған-ды.
Таяуда осы кештің өткеніне жүз жыл толуына орай Семейдің тарихи-өлкетану музейінде «Сүйсіндірген Алашты…» атты тарихи-танымдық кеш болып өтті.
Кеште сол кезде өткізілген шараның тарихы кеңінен баяндалды. Міржақып Дулатовтың сөзімен айтқанда, «бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кешінде» Әлихан Бөкейхановтың орыс тілінде дайындаған баяндамасын оқыған Семей мұғалімдер семинариясының оқытушысы, орыс жағрафиялық қоғамының Семей бөлімшесінің әйелдер қауымының жалғыз мүшесі, кейіннен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф болған, ағарту саласында еселі еңбек сіңірген, «Халқыма деп іс қылдым…» деген көшелі сөздің иесі Нәзипа Құлжанова еді. Кеште осы баяндамалардан үзінділер оқылды. Сондай-ақ, осыдан жүз жыл бұрын өткен кеш барысында Абайдың әндерін шырқаған Әлмағамбет Қапсалямов, қобызшы Берікбай Сәтиевтің суреттері экран арқылы көрсетіліп, Абайдың «Сегіз аяқ» әнін кеш қатысушылары Мәдениет Ешекеевтің орындауында бейнежазбадан тыңдады. Ал ұлы Абайдың «Қаламқас» пен «Желсіз түнде жарық ай» әндерін музей қызметкері Л.Әлжан тамылжыта орындады.
Сонымен қатар ұлы Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары туралы да сөз қозғалып, өлеңдері мен аудармалары оқылды. Кеште халықаралық Абай қорының президенті О.Кәріпжанов, музей жанашыры Б.Ерсәлімов, абайтанушы, ақын М.Сұлтанбеков, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры, ғалым Ш.Жанаева, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті музейінің меңгерушісі М.Жарылғасин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі О.Шәріпбаев, әдебиетші З.Оразалина және басқа да зиялы азаматтар өз ойларын ортаға салды.
– Абайды алғаш ұлықтаушы, кешті ұйымдастырушы әрі көркі бола білген Нәзипа Сегізбайқызының есімі ұлт тарихында мәңгілік қалды. Бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған, бір ғасыр бұрын Семей шаһары ғана емес, бүкіл елді сүйсіндірген ұлы Абайға арналған алғашқы еске алу кеші де халық жадында осылай сақталады, – дейді аталған шараны өткізген музейдің директоры Бекен Теміров.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button