Ағын суды тазарту технологиясы табылды
Қоршаған ортамен бірге гидросфераның да ластануы салдарынан ағын суларды тазартқыш сорбенттерге деген сұраныс артып келеді. ЮНЕСКО деректеріне сенсек, 2025 жылға қарай суға деген сұраныс ауыл шаруашылығында – 20 пайызға, өнеркәсіпте – 50 пайызға, тұрмыстық тұтынуда – 80 пайызға артпақ. Ел экономикасының дамуына сәйкес суды тұтыну мөлшерімен бірге сорбенттер тапшылығы да сезілу мүмкін.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ магистранты Есбол Шаймардан сорбенттердің жаңа түрін біздің облыстың жағдайына бейімдеп пайдалануды ұсынады.
Полимерлі сорбенттер дамыған елдердің көбінде ағын суларды токсинді элементтердің иондарынан тазартуға пайдаланылуда. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғау, су қоймаларын адам денсаулығына зиянды заттардан сақтауға септігін тигізеді.
Полимерлі сорбенттер арзан органикалық материалдардан алынады. Оларды жылдың кез келген мезгілінде ионалмастырғыш және көпфункционалды сүзгілерде қолдануға болады. Токсиндік қауіп жоқ бұл өнімдерді регенерациялау арқылы бірнеше мәрте пайдалануға болады.
Аталмыш өнімдер арқылы суды тазартып қана қоймай, оның құрамындағы атом өнеркәсібіне қажет ауыр металдарды, алтын мен паладий сынды қымбат элементтерді алуға болады. Яғни, бұл сорбенттер болашақта түсті металлургия мен жылу энергетикасында, коммуналдық шаруашылық пен шайынды қоймаларында кеңінен қолдануға жарамды. Жоба жүзеге асқан жағдайда алынған сорбенттерді «ҮМЗ», «ТМК», «Қазцинк» және «Өскемен су арнасы» сынды кәсіпорындарға енгізу жоспарланған.
Полимерлі сорбенттер қасиеттері бойынша бүгінгі қолданыстағы белсендірілген көмір, шугит сынды баламаларына қарағанда көптеген артықшылықтарға ие. Ол санитарлық-гигиеналық, механикалық талаптарға сай, химиялық инертті, биологиялық тұрақтылығымен ерекше.
Күн электр стансасының артықшылығы неде?
Күн электр стансалары мүлде жаңа технологияға негізделген. Стансаның сутегі өндіру жүйесі тұрақты токтың жоғары кернеуде болуын қамтамасыз ету арқылы өндірілген энергияны электр желісіне тікелей жалғауға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары кернеулі тұрақты ток ұзақ аралықта энергияны аз шығынмен тасымалдауға қызмет етеді. Желіде тұрақты кернеуді ұстап тұрушының қызметін атқаратын сутегі өндіру жүйесі электролиз әдісі арқылы оттегі мен ядерлік реакторларға қажет ауыр сутекті су алуға мүмкіндік береді.
Стансаның басты ерекшелігі сарқылмайтын көзге жататын күн энергиясын минималды шығынмен игеруге болатынында. Күн электр стансалары өмірдің кез келген саласында қолдануға жарамды. Ал ондай сутекті жүйе түнгі уақытта да эренгиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күн электр стансалары автономды болғандықтан, жұмыс күшін көп талап етпейді. Ал қызметі ұзаққа жетеді. Энергия өндіру тәсілдерінің ішінде экологияға әсері бойынша ең зиянсыз тәсіл болып саналады. Жалғыз кемшілігі – жоғары білікті мамандарды талап етеді.
Жобаны ұсынушы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қызметкерлері жоба «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қоюға лайық деген пікірде.
Әзірлеген – Есімжан Нақтыбайұлы