Мәдениет

Ақын мұрасын насихаттап, рухани азық алып қайтты

Ақын мұрасын насихаттап, рухани азық алып қайтты


Биылғы ХVІII республикалық Абай оқулары қазақ әдебиетінің асқары, аса талантты жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Дәстүрлі шара әдеттегідей аудан орталығы – Қарауылда және Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесінің амфитеатрында өтті.

Еліміздің әр облысынан жиналған дарынды оқушылар алдымен Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ өлкесінде болып, «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басына тоқтап, қос ғашықтың мүсінін тамашалады. Үйтастағы театрландырылған көрініске куә болды.

Шілікті кезеңіндегі ұлы ақынның жары Әйгерім (Шүкіман) бұлағының басына аялдап, Абай мен Әйгерімнің алғашқы таныстығын сахналаған көріністі тамашалады.

Осыдан соң қатысушылар Жидебайдағы Абай, Шәкәрім мұражайын аралап, кесенелерге бас сұғып, бабалар рухына тағзым жасады. Жол бойы тарихи мұраларға тұнып тұрған киелі жерлермен танысқан оқушылар кеш бата аудан орталығына ат басын байлады.

Қарауылдағы мәдениет үйінің залында шымылдық түрген республикалық байқаудың кіріспе сөзін Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі, жыр додасының мән-маңызына тоқталды. Өнер додасына еліміздің барлық облыстарынан, Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебі мен Абай ауданынан ұзын саны 90-ға жуық оқушы қатысты. Ал байқаудың құрметті қонақтары ретінде, республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығының зертхана меңгерушісі Зәуре Аманова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сайрангүл Жұмәділова, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті қазақ филологиясы факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айбар Қадыров, Абай музейінің директоры, жазушы Болат Жүнісбеков, қазақтың белгілі ақыны, Президенті сыйлығының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және тағы да басқа тұлғалар қатысып, қазылар алқасы ретінде сайыскерлердің өнерін бағалады.
«Абай оқулары» төрт бөлім бойынша өтті. «Өлең сөздің патшасы-сөз сарасы» атты бірінші бөлімде Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқудан бас жүлдені Жамбыл облысынан келген өнерлі өрен А.Есмағамбетова жеңіп алса, бірінші орынды семейлік Б.Ирасылова, екінші орынды оңтүстікқазақстандық О.Қасымбек пен атыраулық Ә.Жолдасқалиқызы иеленді. Ал осы аталым бойынша үшінші орынға ақмолалық Ә.Алдажұманова, зайсандық Ә.Балғабаева, Абай ауданынан А.Кәріпбай көтерілді.

Ақын мұрасын насихаттап, рухани азық алып қайтты

Екінші бөлім, «Көңілім әнді ұғады» деп аталды. Бұл кезеңде Абай, Шәкәрім әндері мен күйлерін орындаушылар сынға түсті. Аудандық мәдениет үйінде өткен бұл байқауда бірінші орынды Алматы қаласынан келген Н.Айтжан еншілесе, екінші орынға павлодарлық Т.Сушенова мен ақтөбелік А.Санбаев жайғасты. Үшінші орын ақтаулық Б.Мұстафа, алматылық А.Марат және Семей қаласындағы №5 гимназияның оқушысы Б.Құдайбергеноваға берілді.
«Ұлылар әлемі» деп аталған үшінші бөлімде қатысушылар эссе жазудан бақтарын сынады. «Ұлылар әлемі» аталымы бойынша өскемендік М.Мұратханова бірінші орынды иеленді. Екінші орын алматылық Н.Бөрібаева мен аягөздік П.Нүсүповаға бұйырды. Жүлделі үшінші орын қостанайлық Э.Абдрахманова, жамбылдық А.Құдайқұл және ақтөбелік Д.Мұратоваға бұйырды.

Төртінші бөлім «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп аталды. Бұл кезеңде бірінші орынға Семей қаласындағы №42 мектептің оқушысы Т.Кәмілжанов қол жеткізсе, екінші орын Солтүстік Қазақстан облысынан келген Д.Құрмаш пен өскемендік Ғ.Бақбозға бұйырды. Үшінші орынға қостанайлық А.Сәтбай, алматылық Д.Тоқтар және Абай ауданының үміті Е.Төлепбекова табан тіреді.

Биылғы Абай оқуларының жоғары деңгейде өткенін қазылар алқасы да, қатысушылар да ерекше атап айтты. Ең бастысы, өнер сайысына қатысқан жастарымыз бұл сапардан ұлы ақынның шығармаларын насихаттап, ұлылар мекенінен өздеріне рухани азық алып қайтты.

Раушан Нұғманбекова
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button