Ақын болып туудан артық бақыт жоқ

Жалпы, ақын жайында әңгіме айту қиын. Оның үстіне – шын ақын жайында. Әйтпесе, қазір жайма базардан ақындықтың шапанын сатып алып, күпініп жүргендер күпінің битіндей өріп жүр. Көбі – өлеңшілер, ақынжандылар. Мәселенің қызығы да, шыжығы да сонда, көбіне-көп әлгі ақын-ағыстың ішінде ұрандап жүргендерді жіліктеу қиямет. Яғни, ақыны қайсы, өлеңшісі қайсы, ақынжандысы қайсы екендігін ажырату тым ауыр.
Көпен Ерқасов ақын. Жалпы, Көпеннің поэзиясы мынау – лирикасы, мынауы – азаматтық әуендері, әнеу біреулері – бір сәттік сезімдерінің, яғни эмоциясының ұшқындары, ал анасы – сағыныш саздары, мынасы пессимистік деп жіліктеуге көп көне бермейді. Сонысы да дұрыс шығар деп ойлайсың. Неге дейсіз, әрине? Шынайы Ақын шабыты еркіне ырық бермей басқа-көзге қамшылап, көкірегіне астатөк жыр келген аламан сәтте саналы әрекеттерге бара алмайды. Лақылдап құйылады, сарқырап төгіледі. Жүрегінен жанартау сынды будақ-будақ жыр атқылайды. Міне, мен Көпен шығармашылығынан осы бір көріністі жиі байқаймын.
Туған жер, айналайын, қымбатты анам,
Таң атып, маған сенсіз күн батпаған.
Ержетіп, есейсем де әлі күнгі,
Мен сенің ерке ұлыңмын бұлғақтаған.
Туған жер, айналайын, қымбатты анам,
Әр бұлағың, әр сайың қымбат маған.
Бұлбұлың болмасам да, бозторғай боп,
Мен сені өмір бойы жырлап бағам!
Бұл – Көпеннің сөзі. Бұл – Көпеннің туған жері, ыстық мекені, балғын балалығы, желкөкірек жастығы, мұқым саналы ғұмыры өткен, айналайын Марқакөліне берген ұрпақтық анты! Алдаспанның жүзінде берілетін хас батырдың анты емес, аппақ жүрегін жайып салып еңіреп, өксігін баса алмай отырған ақеділ Ақынның анты!
Лирикасыз поэзия тұл. Лирикасыз ақын – ақын емес. Сюжеттік өлеңдер ақынның автопортретін бере алмайды. Ал Көпеннің лирикасы ерекше. Алайда, оның лирика-шалғынын емін-еркін кешу үшін жалаңаяқ, жалаңбас, табиғи түрде баруың керек. Әйтпесе, сезіне алуың, түйсінуің тым қиын.
Салынғандай сан түрлі бояуменен,
Сар далада сандалып жаяу келем.
Құстар кетіп барады тізбектеліп,
Хабар беріп енді қыс таяу деген.
Изегенде ағаштар басын баяу,
Көзіңде ойнар қызыл, көк, жасыл бояу.
Осындай-ау ұзаса Жерұйығың,
Жұмағың да ұзаса осындай-ау.
Айналаны ғажайып күйге малып,
Ақ қайыңдар жөнелді билеп алып.
Мың бұралған әсем-ай қылығының,
Аппараттың қалғаны-ай үйде қалып…
Лирика дегеніңіз ұрандап келмейді. Осылай, буын-буыныңды бұғы мүйізінің бұлауына түскендей балбыратып, алпыс екі тамырыңдағы баяу аққан қаныңды тасытып, Көпеннің өзі айтпақшы, аяқ-қолыңды жерге тигізбей жұмағи дүниеге алып кеп жөнеледі. Көртам, ию-қию, былыққан, жын-шайтандармен ылыққан ортада әбден жер болған, көр болған жаның пейіштің бағына кіргендей сергіп, серпіліп, жуынып-шайынып қаласың. Сол үшін ғана Ақынды аялау керектігін бір сәт болсын ойлайсың. Ақын да пенде деп жатамыз. Рас. Бірақ қандай пенде? Ол да анадан туған. Ол да барлық адамдар сынды тамақ ішеді, күледі, қуанады, қайғырады, қасірет шегеді. Оның да екі қолы, екі аяғы, қос жанары бар. Алайда, оның басқа пенделерден бір қуанышы, мың қасіреті артық. Ақын басқа пенделердің көзіне түспейтін күлдір-күлдір қуанышты көреді, алапат қасіретпен бетпе-бет келеді, онда басқаларға қарағанда мұң басым.
Менің бала шағымда,
Ауыл болған Жалаңаш.
Кеніш ашып тауыңда,
Қауым болған Жалаңаш.
Өсуші еді маңыңда,
Тал-терегі аралас…
… Шалдар өткен өмірден,
Ауыл да жоқ бүгінде.
Тек шығармай көңілден,
Мәңгі оны сақтармын
Жүрегімнің түбінде!
Көпеннің туған жеріне деген махаббаты ерекше. Қызуы алапат. Кейбір тым-тым елірген, жалына қол ұстатпай кеткен сәттерінде: «Құдай-ау, мынадай ессіз махаббатының отына қалай ғана өртеніп кетпей аман жүр?» деп таңырқайтыныңыз шындық. Қалжыр, Ақбұлақ дейсіз бе, Қоңыржайлау, Топакезең дейсіз бе, бәрін-бәрін сол жердің топырағын басып жүріп-ақ сағынады Ақын.

Көпен ақынның өлеңдерін оқып отырып, оның жыр әуендері жаныңды байыз таптырмай, өз иіріміне шым-шымдап тарта беретінін байқайсыз. Немесе, қоңыр кеште ту-ту алыстан, Марқаның шат-сілемдері арасынан талып естілетін қобыздың мұңлы бір қоңыр әуезіне ілесіп пе, әлде белгісіз бір – тек балауса бала кезіңнен санаңда жанды бейнесі мәңгілікке елес беріп жүретін жұмбақ-арудың жетегіне бой ұсынғандайсың ба, әйтеуір елте бересің. Тіпті, оның аурухана төсегінде мұңға батып, шер мен шеменге кеңірдектеп жатып жазған жырларының өзінен өмірге деген керемет бір махаббат суретін табасыз да, оның ақындық құдіретіне амалсыз жүгінесіз.
Жаңа жылды биылғы емханада қарсы алдым,
Көргемін жоқ құюлы ақ көбігін шампанның.
Бал-маскарад кешін де пижамамен өткіздім,
Қиылғаны есімде жыр оқы деп көп қыздың.
Аяз ата, Ақша қар келгендігін жыр еттім,
Тыңдады ұйып бикештер жақұт жырын жүректің.
Алғашында тұрып ем биден шеттеп, қашқақтап,
Енді бірге жырыммен бара жаттым асқақтап.
Шыға келді жығылған күдірейіп жалым да,
Құрыш жырды суырдым, суарып ап жалынға.
Ағылды жыр кеудеден, сімірді жұрт бір қанбай,
Қарады олар бейне мен тұлпар мініп тұрғандай!
Қандай әдемі сурет! Қандай көркем дүние! Жарқылы көз қарықтыратын неткен басыбайлы батпан бақыт! Мұң мен қуаныштың жекпе-жегі! Ақын қуаныш жағында. Көгентүп жеңіс сонікі, әрине. Тыңдар құлағы, сілтідей тұнып, қос жанарлары талғанша еміне қарап отырар көрермені мен тыңдарманы, терең ойды, есті сөзді түсінетін ойлы жұрты, көкірегін тепкілеп шығатын аймүйіз жырлары бар Көпенді кім бақсыз, талайсыз дер екен?! Мүмкін, кейбір көркеуделерден ақшасы аз шығар. Ол – заңдылық. Ақындық пен Байлықтың басы бір қазанда мәңгібақида тоғыспайды. Ақшалы адам – мұңсыз. Мұңсыз адам – күлкітоқ. Ойдың қуат көзі – мұң. Жаңағы өлеңге тағы бір назар аударыңызшы, ақын Көпеннің мұқым автопортреті тұр онда.
Ақында арман көп. Кез келген екі аяқты пенде қашан көзі жұмылғанша арман-омырауын сауып, шым-шытырық қиялмен күнін батырып, жылдарын сарп етіп жататыны бәрімізге мәлім. Алайда, ақынның арманы тым кесек. Пенделер пендешіліктің күйкі дүниесін армандаса, Көпеннің ойы басқада.
Жырларымды ұрлап жатқанда ұйқы-күн,
Жартысы жанып кетіпті-ау Өмір-шырпының.
Жұмылып кетіп, ашылмай қалған көздер көп,
Айқаса көрме, айқаспа, күнім, кірпігім!
Ақын боп үлкен, құшпасам дағы жыр шыңын,
Бәйшешек-өлең жарғанын көрсем бүршігін.
Арман-ай, шіркін, естісе содан адамдар,
Елім деп соққан ет-жүрегімнің дүрсілін!
Ақын арманы – соқа басы, соқталы шаңырағы, ағайын-туғанының бес күндік тірлігі емес, елі мен жұртының амандығы, солардың ертеңгі ғұмыры. Оларсыз келген бедеу бақытты басқа тебуге бар. Солардың бейбіт те берекелі, мамыражай бір күні үшін баяғыдағы Максим Горькийдің Данкосы сынды, көкірегіндегі жүрегін садақалауға әзір. Жалпы, ақындарды түсіну қиямет. Жүрек демекші… Ол – жалқы. Әлемдік деңгейде алып қарайтын болсақ, шын ақындардың көбісінің Өмір-мәресі жүректен болатын көрінеді. Яғни, ақын-жүрекке қысым да, салмақ та ерекше көп түседі деген сөз. Көпеннің ақын-тағдыры да жүрекке негізделген. Ал оған сен өйтпе, сен бүйтпе, жүрегіңді аяла деп ақыл айту – абсурд. Ақылды ақымақтарға айтады.
Ақынның жүрегі де, жаны да күйрек. Мынау сайқал дүниеде тасы өрге домалап, арқырап тұрған аярлық пен азғындықтан, жәдігөйлік пен ашарылықтан, іштарлық пен мерездіктен, көреалмаушылық пен күліп кіріп, күңіреніп шығатын бедеу дарындылардан әбден тойып, зәрезеп болған Ақын жүрегі, оның шыбындай жаны шырқырайды-ай келіп. Мынау алапес дерт жайлаған, ылыққан мекеннен қолын төбесіне қойып безіп кеткісі-ақ келеді.
Қабылдама жырымды, қабылдама,
Солай болған «Жұлдызда», «Жалында» да.
Көңіл қалды бәріңнен, кетем ертең,
Құшағыңды аш, сар дала, сағым дала.
Кетем ертең, ағасы, кетем ертең,
Жырым жайлы ойыңды етем өртең.
Қаныммен жазып әкеп тапсырамын,
Ойлы, отты өлеңдер өте көркем.
…Кетем ертең, қалдырып қаланы әсем,
Ей, өлеңім, өмірдің баламасы ең.
Сен болмасаң, сан рет сағым сынған,
Бұл өлкеге мәңгілік жоламас ем,- деп
қанды жасын төгеді Көпен ақын. Құдды Мұқағалидың мынау дүниеден баз кешіп өткен өксікті тағдыры дерсің. Бұл тек Көпенге ғана өлшеніп берілген қасірет сыбағасы ма? Жо-жоқ, нағыз ақындардың күллісінің ортақ қасіреті бұл. Көз майын сарқып, жүрегінің соңғы сарқындысын сығып жазған жырлары бағаланбаса, көркем әдебиеттің жыртысын жыртып, қазақтың шынайы дарынды ұлы мен қызын қолпаштайды деген журналдары сүбе майы бес елі өлеңдерін босағасынан да сығалатпаса, Ақын шырқырамағанда қайтеді?! Қайта, тірі жүргеніне тәубе дейік те!
Махаббат – ақындардың мәңгілік тақырыбы. Көпеннің де тұңғышы сол тақырыптан бастау алған болар, сірә.
Кемді күн кезікпесем, кеңістік тарылардай,
Қасиетті күмбезімнің есігі жабылардай.
Жүрегім өзіңді аңсап, бөленер қайғы-мұңға,
Жүзбейді аққу қосақ көңілдің айдынында.
…Кемді күн кезікпесем, жанардан жас тамады,
Мен үшін сенсең, жаным, қара түн басталады…
Махаббат – көзсіз. Махаббат – санаға бағынбайды. Сондықтан да шығар, гректер махаббат құдайын соқыр етіп бейнелеген. Егерәки, әлдекім махаббатты сананың жемісі дер болса, ол жерде махаббат жоқ деген сөз. Көпеннің айтып отырғаны да сол: сенсіз өмірдің құны бес тиын, сенсіз жер көртам, өзіңсіз мен тірі өлікпін. Жар таңдау дегеннің ойсыз әңгіме, жарды таңдамайды, жолықтырады дегенге сілтеме жасайды.
Ақын туралы шағын әңгіме де тәмамдалды. Оншақты жеке жинақтың авторы, бес-алты топтық жинаққа таңдамалылары енген Көпен Ерқасовтай ақынның мұқым шығармашылығына шолу жасап шығу – өте ауыр шаруа. Десек те, Көпен Ерқасов деген кім өзі дегенге қосымша мынаны айтып кету ләзім: Шығыстың аймаңдай ақыны, өзімнің атым озғанша, қаламдас достарымның тайы озсыншы дегенді мұрат еткен, әріптестерін сыртынан ғайбаттағанды қойып, ішінен болсын лағнеттемейтін, жүрегі де, жаны да, қолы да таза азамат.
Жалпы, ақын болып туудан артық бақыт жоқ та шығар. Дәл осыны Көпеннің өзінен сұрау керек.
Әлібек Қаңтарбай,
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің директоры