Экономика

Аймағымызда ағаш өңдеу жаңа деңгейге көтеріледі

Аймағымызда ағаш өңдеу жаңа деңгейге көтеріледі

Финляндияның «ПеуериРус» ЖШҚ консалтингтік компаниясы облысымызды4 ағаш өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеретін шеберлік-жоспарын жасауды қолға алмақ.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осыған байланысты аймағымыздың орман және ағаш өңдеу өнеркәсібін 2015-2020 жылдар аралығында дамыту жөніндегі шаралар жоспарының жобасын әзірлеумен шұғылданатын жұмыс тобының мәжілісін өткізді. Бұл жұмыс өткен жылғы сәуірде басталған болатын. Аталған құжат ағаш дайындаудың көлемін азайтып, өңдеу деңгейін арттыру мақсатын көздейді.
Талдаулар көрсетіп отырғандай, Шығыс Қазақстанның жыл сайыншамамен 1 миллион текше метрден аса ағаш дайындау мүмкіндігі бар. Мұның іс жүзінде орындалуы – жылына 300 мың текше метр ғана.Еліміз бойыншаағаш өңдеу өнімдерін экспорттау 5,5, импорттау 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы кеден бекеттері арқылы жыл сайын аймаққа 10 миллион доллардың аталған өнімдері әкелініп, 400 мың доллардың ағашы экспортқа шығарылып жатады. Қазіргі жағдайда бұл көріністің одан әрі жалғаса беруі әбден мүмкін. Қолдағы бар ағаш өңдеу қуаттары заман талабына сай келмейді. Мамандардың айтуынша, облыста ағашты түбегейлі өңдейтін кәсіпорындар мүлде жоқ. Жұмыс істеп тұрғандарының материалдық-техникалық жарақтануы сын көтермейді.
Облыс әкімі осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдарға ағаш өңдейтін кәсіпорындарды көлік логистикасын, қолда бар инфрақұрылымдар мен жер ресурстарын ескере отырып, жер-жерге орналастырудың жолдарын талдау және ұсыныс жасау жөнінде тапсырма берді.Сондай-ақ, жұмыс тобы тарапынан аймақтағы орман өнеркәсібі кешенінің жағдайын жақсарту бойынша шеберлік-жоспарға негіз болатын ұсыныстар дайындалды. Мамандар бұл орайда қазіргі орман заңнамаларына , орман ресурстарын бекітіп берудің ерекше тәртіптері, құқық пен міндеттемелерді оңтайландыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға қолдау көрсету, ағаш дайындау мен өңдеудегі шығындарын азайту сияқты басқа да құқықтық-нормативтік актілерге өзгертулер енгізу қажеттігін айтып отыр.
Консалтингтік компания шеберлік-жоспарды жасауға келесі аптада кірісіп, оны екі ай ішінде аяқтап шығуға тиіс. Бұл ретте «ПеуериРус» ЖШҚ-ның орман өнеркәсібі саласында тәжірибесі орасан зор екенін атап көрсеткен жөн. Компания ТМД елдерінде 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол орман және химия өнеркәсіптері салаларында ұзын саны 300-ден астам жаңа технологиялар дайындаған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button