Қоғам

Аймағымызда аң-құс неге азайып барады?

Аймағымызда аң-құс неге азайып барады?

Енді бір он жылдан соң Шығыс Қазақстанның тұмса табиғатында, суы мен нуында, көк майсалы кең даласында қаңқылдаған қаз, ұшқан үйрек, жүгірген аң қалмай қалуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі күні өңірдің тау-тасын, орман-тоғайын мекен еткен қаншама құстың мүлде жойылып, көптеген аңның түрі айтарлықтай сиреп кеткені белгілі болып отыр.

Азайған жануарлардың қалғанын аңшылар құртып жатыр

Аймағымызда аң-құс неге азайып барады?

Облыстағы жануарлар жағдайына қатысты осы мәселелер облыс прокуратурасында өңірдегі жануарлар дүниесін қорғау саласындағы заңдылықтардың сақталуына талдау жүргізілген кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралды.
Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов мәжілісте прокуратура органдары жүргізген тексеру нәтижелері бүгінгі күні облыс аумағындағы жануарлар әлемінің нақты санын, жағдайын айқындайтын шынайы мәліметтер жоқ екендігін, табиғат пайдаланушыларға, яғни, аңшыларға жануарларды аулау үшін квота бөлуде нормативтік актілер талаптарын сақтамау, жануарларды белгіленген мөлшерден артық аулау фактілері анықталғанын, бұл жағдайлар аймақта жануарлардың өсіп-өнуіне кері әсерін тигізіп отырғанын мәлім етті. Прокуратура органдары жүргізген тексерулер құстар мен аңдар тіршілігіне қатысты мұндай ахуалдың қалыптасуына жануарлар әлемі және орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы тарапынан лайықты бақылаудың жоқтығы басты себеп болып отырғанын көрсеткен.
Ішкі істер департаментінің, салалық уәкілетті органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихаттың депутаттары, жануарлар әлемін сақтау мәселелерімен айналысатын ғалымдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері, аңшылар мен балық аулаушылар қатысқан жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрбұлан Мақұлбаев облыс прокуратурасының 2014 жылда, 2015 жылдың тоғыз айында жануарлар дүниесін пайдалану, көбейту және қорғау саласындағы заңдылықтардың сақталуына жүргізген тексеру қорытындыларын баяндады.
Алаңдатарлығы, аймақта Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарлардың қарасы мүлдем азайып, кейбірі тіпті көрінбей кеткен. Ондатр екі есеге дейін жоғалып, 26 мыңнан 15 мыңға азайған, қоян саны 69 мыңнан 62 мыңға кеміп кеткен, суыр, қара үйрек, түлкі, күзен, қаз, көгершін, марал, құндыз, бүркіт, ителгі, сұңқар ителгі, бұйра бірқазан, аққу, дуадақ, тағы да басқа құс пен аңдар түрі бірнеше мыңдап азайған.
Уәкілетті органдардың, сондай-ақ, негізгі бақылаушы және үйлестіруші орган -облыстық жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы инспекциясы қызметіне жүргізілген прокурорлық тексеру инспекцияда осы бағытта тиімді жұмыс жүргізілмей келе жатқандығын көрсеткен.
Аң аулаушылар жануарларды есепке алу тәртібін үнемі бұзып келеді. Жануарлар санын есептеу ведомостерін рәсімдеу тәртібі дұрыс жүргізілмей, құжаттарда есепке алу мерзімі, жауапты тұлға, тағы басқа тиісті мәліметтер көрсетілмеген. Жануарларды есепке алу мәліметтерін үстірт жүргізетіндігіне қарамастан инспекция соңғы екі жылдан бері аң аулаушылардың берген мәліметтерінің шынайылығына бақылау, тексеру жүргізбеген.
Қызыл кітапқа енген жануарлар санының күрт азаюына қарамастан инспекция қалыптасқан ахуалды зерделеу бойынша ешқандай шара қабылдамаған, ғалымдарды, арнайы ұйымдарды тартып осы жағдайды кешенді түрде тексеруге, оған назар аударуға, аудартуға бастамашылық танытпаған.

Аймағымызда аң-құс неге азайып барады?

Облыста жануарларды аулау нормативтерінің де өрескел бұзылғандығын көрсететін фактілер көп. Мысалы, өткен жылы инспекция «Белая гора» аңшылық шаруашылығына саны бар-жоғы 120 дананы құрайтын балықшы құсының 60 данасын аулауға квота берген. Ал норматив бойынша аулау пайызы жалпы санының 3,5 пайызын құрауы тиіс, яғни төрт балықшыны аулауға ғана рұқсат берілуі тиіс болғанымен, инспекция квотаны 56 данаға дейін арттырған. Азайған құстың қалғаны сөйтіп аңшылардың қолымен құртылған.
Глубокое аудандық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігіне де мөлшердегі 414 дананың орнына қара үйректің 1000 данасын аулауға квота берілген.
Тексеру барысында анықталғандай, инспекция нормативті бұзып, барлығы 17 аң аулаушыға заңсыз квота берген, нәтижесінде қара үйрек, үйрек, құр, балшықшы, түлкі, қаз, елік сияқты жортқан аң мен ұшқан құс мөлшердегіден артық, мыңдап атылып, ауланған.
Прокуратура органдарының тексерулері инспекцияның табиғат пайдаланушылардың аңшылық шаруашылығын жүргізу келісімшарттарының орындауына да тиісті бақылау жүргізбей отырғандығын анықтаған. Инспекция аң аулаушылардың келісімшарттарды орындағаны туралы мәліметтеріне талдау жасамай, аң аулаушы бірлестіктерден, қоғамдардан өздеріне алған міндеттемелерді орындағаны туралы деректерді талап етпеген, оны өз жұмыстарына пайдалануды да қажет деп таппапты.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрбұлан Мақұлбаев инспекцияның жануарлар әлемін қорғау саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау бойынша жүргізіп жатқан шараларының да мардымсыздығын, жеткіліксіздігін баяндады.
2014 жылы уәкілетті және құқық қорғау органдары аң аулаудың 29 заңбұзушылығын тапса, инспекция оның 15 пайызын ғана анықтаған, 2015 жылы тіркелген 255 заңбұзушылықтың 12-сін ғана өздері тапқан. Сонымен, 2014-2015 жылдарда инспекция облыс көлемінде бір ғана (бір қаз) заңсыз аң аулау фактісін анықтапты. Ал қалған заңбұзушылықтардың дені оқталған мылтықпен жүргені үшін, аң аулайтын жерде жүргенде жанында орманшы болмағаны үшін деген сияқты ұсақ тәртіпбұзушылықтарды құрап отыр.
Облыстағы орманшы қызметтерінің де жұмысы, орманшылардың өз міндеттерін орындауы жеткіліксіз деп табылды. Орманшылар аң аулау заңдылықтарының сақталуына, бұзылуына бақылау жүргізбеген, олардың осы бағыттағы жауапкершліктері, қызметтері инспекция назарынан тыс қалған.
Прокурорлар жануарлар әлемін қорғайтын тұлға болып саналатын жедел-ықпал ету жасағы қызметкерінің аудандық аңшылар және балықшылардың қоғамдық бірлестігі директорының лауазымын да қатар атқарғаны туралы фактіні анықтаған. Қазір ол аталған қоғамдық бірлестігі директорының лауазымынан босатылыпты.
Облыс прокуратурасы барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша жануарлар әлемі және орман шаруашылығы комитетіне заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс енгізген.

Құстардың жоғалып кетуінде жұмбақ көп

Аймағымызда аң-құс неге азайып барады?

Облыс прокуратурасының алқа мәжілісіне қатысқан биология ғылымдарының кандидаты, облыстағы жануарлар дүниесін зерттеп жүрген ғалым Борис Щербаков, облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий аң мен құстарды заңсыз аулаудың алдын алуға, оларды сақтап, көбейтуге, осы жүйені реттеуге байланысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғалым Борис Щербаковтың айтуынша, қазір бүкіл әлемде көптеген құстардың түрі жыл өткен сайын жоғалып бара жатыр. Әлемдік жануарлар фаунасының мұндай өзгеріске ұшырауына, жүздеген құс түрінің жоғалып кетуіне адам факторы, табиғат, магниттік өріс, басқа да себептер әсер етіп отыр. Құстардың жоғалып кетуінің ашылмаған құпиясы да жетерліктей. Беймәлім күйінде, жұмбақ болып қалып отырған жайттар да көп. Енді бір жүз жылдан соң құстардың тең жартысы жоғалып кетуі де мүмкін дейді ғалым. Оңтүстік Шығыс Азияда, Мороккода, Алжирде құстардың біртұтас популяциялары да құрып кетіп жатыр.
– Біздің елде, облысымызда соңғы жылдары құстардың түрі де, саны да күрт азайып кетті. Қазақстан табиғатының барлық үлгісі бар, құмды, шөлейтті даласы, тау шатқалы, орман-тоғайы, айдынды көлі бар біздің табиғаты кербез де көркем аймағымыздағы құстар фаунасының қазіргі көрінісі өте аянышты. Біздің облыста шамамен 350-360 құс түрінің генафонды бар болса, қазір соның 160-тан астамы құрып кетті немесе сирек кездесетін болып барады. Мен осы жерде туып-өстім. Бала кезімде, оқушы кезімде қала ішінен, қала маңынан қара бозторғай, чечетка, боз шымшықтың (снегирь) топ-тобымен ұшып жүретінін көретінбіз. Тұрғындар тұрмыстың ауыр кезінде олардың жұмыртқаларын тіпті, дорбаға жинап-теріп алып жататын. Қазір сол құстарды суретке түсіру үшін бүкіл Шығыс Қазақстанды аралап шықсаң ғана екі-үшеуін әрең таба аласың. Соңғы он жылдан бері ұсақ құстардың көптеген түрі мүлде жоғалып кетті. Ресейде де осындай жағдай. Не істеу керек әрі қарай? Осы сауалға келгенде әркім, әр жақ әртүрлі ұсыныстар айтып келеді. Бір бөлігі аң, құстарды аулауға үш жылға дейін тыйым салу, мораторий жариялау керек дегенді айтып отыр, соның ішінде көктемгі аң аулауға тыйым салуды ұсынып отыр. Аң аулаушылардың ішінде бұл кәсіпке әбден беріліп кеткендері онсыз да азайып кеткен аң, құстың соңғы түрі мен тұяғын құртып жатыр. Сондықтан баладан бастап үлкендердің өздері де патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиеленіп, өз туған жерінің табиғатын сақтауға үлес қосуы тиіс. Голландиялық натуралистер осыдан он бес жыл бұрын біздің өңірге келгенде Құлынжон даласы бөктеріндегі құстардың дауысына, түрінің молдығына қатты таңданып, «өзім жүріп өткен 56 елдің ішінде мұндайды осы Құлынжон мен Тибеттен ғана көрдім» деп кеткен еді, қазір барсаңыз бұл жерде өлі тыныштық орнаған. Әр жерде бір шықылықтаған дауыс қана естисіз. Табиғатта өлі тыныштық орнап тұр, – деген ғалым құстар мен аңдарды «Снегоход» сияқты жылдам, кез келген жермен жүретін заманауи техника, қару түрлерімен аулауға, сонымен бірге көктемде аулауға тыйым салу керектігін айтады.
Ғалым аңдар мен құстарды көбейтіп, сақтауға орай прокуратураға өзінің оннан астам ұсыныстарын жолдады. Соның бірі – тұрғындардың ерікті қоғамдық қозғалысын құру. Мұндай қоғамдық қозғалыс кеңестер одағы кезінде ТМД көлемінде болған. Тұрғындардан құралған ерікті бақылаушылар анықтап, ұстаған броконьерлер, заңбұзушылықтар аң аулау шаруашылықтары тапқан заңбұзушылықтардан да көп болған көрінеді. Себебі, оларды ынталандыру жағы жақсы жолға қойылып, тәртіпті, заңды бұзушыға салынған айыппұлдың 30 пайызы соны тапқан қоғамдық қозғалыс мүшесіне берілген екен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button