Сайлау-2023

Аймақ жұрты белсенділік танытты

Еліміздегі тарихи мәні зор саяси науқан – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау өз мәресіне жетті. Яғни, еліміздің әрбір азаматы өз конституциялық құқығын орындап, өз болашағын, мемлекеттің келешек бағыт-бағдарын айқындады. Шығысқазақстандықтар да аталған аса маңызды сайлауға ұйымшылдықпен атсалысып, өз таңдауларын жасады. Өңір тұрғындарының сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болғанын атап өткен орынды.

19 наурызда таңғы сағат 7-де басталған дауыс беру процесі кешкі сағат 8-де аяқталып, барлық сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты. Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері бюллетендерді санауға кірісті. Ел бойынша сайлаушылар тізіміне 12 035 004 азамат енгізілген болатын. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сол азаматтардың 6 521 860-ы дауыс берген. Бұл – тізімге енген азаматтардың 54,19 пайызы.

Облыстық сайлау комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстан бойынша сайлауға құқы бар тұрғындардың 64,15 пайызы дауыс берді.

20 наурызға қараған түні кезектен тыс Мәжіліс сайлауының алғашқы экзит-полл нәтижесі де жарияланды. «Еуразиялық интеграция» институты елдің барлық өңірлерінде жүргізген экзит-полл нәтижесі бойынша Amanat париясы – 53,46%, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,52%, Respublica партиясы – 8,9%, Қазақстан халық партиясы – 6,25%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 3,22%, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 7, 87%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,31% дауыс алған. 4,47 пайыз респондент «Бәріне қарсымын» бағанын таңдапты. Институт сауалнаманы 200 сайлау учаскесінен шыға берісте жүргізген. Оған барлығы 230 мың сайлаушы қатысқан көрінеді.

Бұдан бөлек «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы мен «Социс-А» институты да өздері жүргізген экзит-полл нәтижелерін таратты. Ал, Орталық сайлау комиссиясының дауыс берудің ресми қорытындысын барлық мәліметтер өңделіп болған соң жариялайтыны белгілі.

Аmаnат партиясының төрағасы Ерлан Қошанов сайлаудың алдын ала нәтижелері жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді.

– Жаңа ғана үш экзит-поллдың қортындысы жарияланды. Алдын ала нәтиже бойынша, Аmаnат 53,46% дауыс жинап отыр. Барша партия мүшелері мен қолдаушыларымызды құттықтаймын! Бұл қазақстандықтардың басым бөлігінің ұстанымын көрсететін әділ нәтиже екеніне сенімдімін. Партияны қолдаған халыққа және кандидаттарымызға алғысымыз шексіз! Бұл партияның барлық мүшесіне зор жауапкершілік жүктейді. Біз сайлаушылар сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз! – деп жазды ол.

Өзге саяси партиялар да сайлаудың заң нормаларына сәйкес, әділ, ашық өткендігін растады. Олар өздеріне дауыс берген әр азаматқа ризашылық білдіріп, үгіт-насихат жұмыстары кезінде берген уәделері мен алға қойған мақсаттарын іспен дәлелдеуге дайын екендіктерін жеткізді.

 

 

Осы айдарда

Back to top button