Аймақ мектептерінің білім сапасы артып келеді

«Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – Білімнің үлесі». Білім беру қызметкерлерінің биылғы облыстық тамыз кеңесі осындай тақырыппен өтті. Келелі кеңеске облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, өңірдің педагогтар қауымын келе жатқан Білім күнімен құттықтады.
Бұл күні облыс ұстаздары Өскемендегі облыстық драма театрында бас қосып, жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Алдағы мақсат-міндеттерді айқындады. Театрдың кең фойесінде IT- жобалар көрмесі ұйымдастырылыпты. «IT –білім беру саласындағы жетістіктер» бейнеролигі де тамашалаған адамға жағымды әсер сыйлайды.
Конференцияда көпшілік назарына «Облыстағы білім беру мекемелерінің 2016-2017 оқу жылындағы ең маңызды оқиғалары мен жетістіктері» бейнеролигі ұсынылды. Білім саласында қол жеткізген жетістіктер мен табыстарымыз ауыз толтырып айтарлықтай екен. Мұны «2016-2017 оқу жылының қорытындысы және жаңартылған білім беру бағдарламасы шеңберінде 2016-2018 оқу жылының басым міндеттері» атты баяндамасында облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров айтып берді.
Ең жоғары балл алған сегіз түлектің екеуі Шығыстан
Әңгімесінің әлқисасын бас педагог мектепке дейінгі білім берудің жай-күйінен бастады. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша біздің облыс республикада бірінші орында екен. Қазір балабақша кезегінде 21 мың бала тұр. Кезектің 80 пайызы Өскемен мен Семей қаласының үлесінде. Н.Әбжапаров мұның себебін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұндай үлкен кезектің болуы ата-аналар сәбиі дүниеге келе салысымен оны балабақша кезегіне қоюға тырысады. Қазіргі күні балабақша кезегінде тұрған 2 жасқа дейінгі бүлдіршіндер 57 пайызды құрайды.
Мектепке дейінгі тәрбие берудегі мәселенің бірі – педагогтар құрамы сапасының төмендігі. Нақты айтқанда, 5200 педагогтың тек 39 пайызының ғана арнайы білімі бар. Бұл мәселені шешу үшін облыстың педагогикалық колледждеріне мектепке дейінгі тәрбие беру мамандарын дайындауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылуда. Биыл қосымша 115 орын бөлініпті.
2017 жылы облыс бойынша білім сапасы 59 пайызды құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бес пайызға жоғары. Өкінішке қарай, Зырян, Шемонайха, Глубокое, Ұлан аудандары оқушыларының білім сапасының деңгейі жыл сайын облыстық көрсеткіштен төмен күйінде қалуда. Биыл облыс бойынша ҰБТ-ның орташа баллы – 82,2. Республикада барлығы сегіз түлек жоғары балл алса, соның екеуі – біздің облыстан, аягөздік Мәди Жүнісов пен Аяулым Еркінова.
Нұргелді Алханұлы биыл жоғары білім алу үшін алыс-жақын шет елдерге ағылатын түлектер санының айтарлықтай қысқарғанын да ерекше атап өтті. Биыл 865 түлек білім іздеп өзге елдерге кеткен. Олардың басым көпшілігі – Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Зырян, Шемонайха, Глубокое және Бородулиха аудандарындағы мектептердің түлектері.
Өңірдегі дарынды балалардың қол жеткізген жетістіктері де көп екен. Өткен оқу жылы әртүрлі деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадалар мен байқауларға, ғылыми жобаларға 214 мың оқушы қатысса, соның 105 мыңы, яғни 49 пайызы жүлделі орындарға ие болған. Біздің олимпиадалық команда республика бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығып, тағы да «Үздік олимпиадалық команда» атағын қорғап қалыпты.
Облыстық білім басқармасының басшысы педагог мамандардың тапшылығы мәселесін де жасырмады. Өңір мектептеріне жыл сайын 800-ден астам жас мұғалім келгенімен, әлі де 244 педагог жетіспейді. Әсіресе, ағылшын, орыс тілдері, математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері ауадай қажет.
Сондай-ақ, Н.Әбжапаров өз баяндамасында үштілді білім беру, инклюзивті білім беру, кәсіптік-техникалық білім мен қосымша білім беру, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелерін де тілге тиек етті.

Қаладан ауыл озып тұр
Оның айтуынша, облыс мектептері жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын. Тіпті, жылу беру маусымына да мектептердің 98 пайызы сақадай сай. Биыл 2,5,7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Осыған байланысты өңірдегі 5 373 мұғалім арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтіпті. Жыл соңына дейін тағы да 4000 педагогті курстан өткізу жоспарланып отыр.
Оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі де шешімін тапқан. Бүгінгі күні облыста 193 мектеп автобусы бар. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту 87,9 пайызды құрайды деп жоспарлануда.
– Бүгін біз дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосып отырмыз. Алдымызда жаңа табыстарға негізделген оқу жылы басталады, – деп сөз бастаған аймақ басшысы Даниал Ахметов ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» атты мақаласына тоқталды. Бұл мақаласында Елбасы «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсетеді. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың білім беру саласында отыздан астам жоба қолға алынуда. Облыс басшысы, міне, осы жобаларды сапалы орындау әр ұстаздың, әр басшының міндеті болуы керек екенін тағы да еске салды.
Өз сөзінде аймақ басшысы Даниал Ахметов аймақта білім сапасының артып келе жатқанын айтты. Тіпті қалаға қарағанда ауылды жерлердегі білім сапасы жоғары. Биыл Аягөз ауданының екі түлегі 138 балл алып, үздік атанды. Жалпы – биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Аягөз бен Көкпекті аудандары қалаларға қарағанда оқ бойы озық тұр.
– Мұндай жетістік тіпті тұрғындардың саны бойынша он екі есе үлкен облыс орталығында, не Семейде жоқ. Бұл – облыстық білім басқармасы мен біздің қала мектептері басшыларының ойланатын мәселесі, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі үштілді білім берудің дұрыс қадам екенін, үшжылдық бағдарламаның жалғасатынын атап айтты.
Жазғы демалыс маусымын ұйымдастыру мәселесі де аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Жазғы уақытта балаларды демалыспен қамту үшін жекеменшік лагерьлерді сатып алуға болатынын, сондай бір демалыс орны Үржар ауданында бар екенін жеткізді. Осы орайда облыс әкімі білім басқармасының басшысына Алакөлдің жағалауында бос тұрған балаларға арналған сауықтыру орнын сатып алу үшін Үржар ауданы әкімімен келіссөз жүргізуді тапсырды.
Тамыз кеңесінде «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы К.Шамшидинова «Жаңартылған білім мазмұны туралы», халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы Оуэн Эванс «Ағылшын тілінің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі», Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Е.Хамраева «Бірыңғай филологиялық блок тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама жасады.
ҰБТ-дан 138 балл жинаған Аягөз ауданы №7 орта мектептің түлегі Мәди Жүнісовтың да сөзі тым әсерлі шықты.
Тамыз кеңесінің соңы облыстың үздік қызметкерлерін марапаттау рәсіміне жалғасты. Сөйтіп, «Үздік орта білім беру ұйымы 2017» байқауының нәтижесі бойынша 19 000 000 теңге көлеміндегі сертификат Семей қаласының Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназиясына бұйырды. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдарға арналған облыстағы үштілділікті дамыту бойынша кешенді жоспардың бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында үздік нәтиже көрсеткен ұстаздар қауымы да сый-сыяпатсыз қалмады. Өскемендегі №24 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Самға Қасенова 800 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
– Қазақ тілі мен әдебиетін орыс тілді мектепте оқыту – өте күрделі шаруа. Оқушылардың бойында қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті ояту үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан мен бұл істе жоғары нәтижеге жету үшін барлық білімім мен біліктілігімді салдым. Тек еңбекқорлық қана сені жетістікке бастайды, – дейді ол.
Мейрамтай Иманғали