Білім

Ақыл-ойдың алыптарын алқады

Ақыл-ойдың алыптарын алқады


С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Ғылым күніне арналған «4.0 индустрия жағдайындағы ШҚМУ ғылымы» атты іс-шара өтті. Ғылым және шығармашылық апталығы аясында өткен салтанатты шараға Польшадағы Вроцлав университетінің докторанты Томаш Васкель, «Нұр Отан» партиясының Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова, университеттің әлеуметтік серіктесі – «Ұлан-Жеміс» ЖШС бас менеджері Төлеген Екімбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

-Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа дәуірде нақты әрекеттерге көшіп, білімі мен ғылымын дамыта алғандар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Бұл орайда еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары қатарынан саналатын университетіміз батыл қадамдар жасап жатыр. Ғылым күні мерекесінде өңіріміздегі ғылымды жаңа деңгейге көтеруге атсалысып, еңбекқорлық пен қызметке адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген әріптестерімізді марапаттауды жөн көрдік. Маңызы зор салада ойып тұрып орын алған барша ғалымдарды Ғылым күнімен құттықтаймын. Жаңалық ашар ғалымдарымыз көп болсын,-дейді С.Аманжолов мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Анар Мырзағалиева.

«Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек. Сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың», деген еді Ұлт көшбасшысы. Білім шаңырағының тарих факультетінде бұл орайда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Салтанатты жиын барысында университеттің белді ғалымдарының бірі – 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша орындалатын «Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы естелік және оның Қазақстанның сакральдық ландшафтында бекітілуі» жобасының ғылыми жетекшісі, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Альбина Жанбосынованың құнды баяндамасы тыңдалды. Физика және технологиялар кафедрасының профессоры Людмила Квеглис ғылымның қазіргі жай-күйін ғана талқылаумен шектелмей келешегіне қатысты ойларымен бөлісті.

Университет дамуына сіңірген еңбегі үшін Майраш Шайзадақызы мен Төлеген Екімбаев медальмен марапатталды. Жастардың ғылым жолына түсіп, жетістіктерге жетуіне түрткі болып жүрген «Оқу-зерттеу экобиоорталығының» директоры, профессор Анатолий Цыгановқа жас ғалымдар тәрбиелеуге, зияткерлік әлеуетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін университет ректорының Алғыс хаты тапсырылды.

Мықты оқу-зертханалары мен заманауи ғылыми-техникалық базасы бар, компьютерлік және мультимедиалық сыныптармен, роботтық техника кабинетімен қамтылған Жаратылыстану ғылымдары және технологиялар факультеті «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бойынша үздік факультет-2018» байқауының жеңімпазы атанды. Факультеттердің қызметін бағалауда студенттердің семинарларға, көрмелер мен олимпиадаларға, республикалық ғылыми байқауларға қатысуы сияқты негізгі көрсеткіштер ескерілді.

Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Жылдың үздік студенттік ғылыми үйірмесі» байқауының жүлдесін «Еуразиялық интеграция жағдайында экономика және басқарудың өзекті мәселелері» үйірмесі жеңіп алды.
Университет студенттері 45 мамандық бойынша білім алады. Оқу орнының түлектері еліміздегі еңбек нарығында сұранысқа ие. Мұның бәрі білім алушылардың бойында болашақ маманға қажетті қасиеттерді дамытуға ықпал ететін, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға сеп болатын дәстүрлі байқауларды тұрақты өткізу нәтижесінде мүмкін болып отыр. Биылғы оқу жылының жеңімпаздарын анықтайтын байқауда «Жаратылыстану және технологиялар», «Экономика және құқық», «Тарих, филология және халықаралық қатынастар», «Психология, педагогика және мәдениет» факультеттерінің 45 студенті «Мамандық бойынша үздік студент» атанды.

Іс-шара аясында университет ғалымдарының ғылыми жобалары мен еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар «Назарбаевтану» және «Зияткер» ғылыми орталықтарының қызметімен танысты.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button