БәрекелдіБілім

Айқанат – мүмкіндіктер мекені

Еліміздегі ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay мектебіне түсіп білім алуға мүмкіндік беретін IQanat олимпиадасының республикалық кезеңі өтіп, Шығыс өңірінен барған үш дарынды оқушы грант иегері атанды.

«IQanat» қорының PR директоры Мирас Іргебаевтың айтуынша, Астана қаласында өткен осы үшінші кезеңге еліміз бойынша 824 ауыл оқушысы жолдама алған. Олар еліміздің 166 ауданынан 37 мың баланың арасынан қатаң іріктеуден өткен сегізінші сынып оқушылары. Шығыс Қазақстан облысы бойынша республикалық кезеңге 34 оқушы өткен.

Астанадағы Назарбаев университетіне барған оқушылар бес күн ішінде мақсатқа жету жолдары, халық алдында сөйлеу тақырыптарына арналған көптеген тренингтер мен семинарларға қатысып, демалыс уақыттарын қызықты өткізді.

Олимпиаданың үшінші күнінде еліміздің түкпір түкпірінен келген финалистер өз бақтарын сынап, білімдерін көрсетті. Олимпиада алты пәннен, атап айтқанда, математикалық сауаттылық, кеңістік ойлау, сыни ойлау және логикалық ойлау, ағылшын тілі және бір таңдау пәнінен өтті. Финалистерге 80 минут берілді.

Нәтижесінде IQanat High School of Burabay мектебіне республика бойынша 110 оқушы грант жеңіп алды. Соның ішінде Катон-Қарағай ауданынан Мирас Кәркенов, Глубокое ауданынан Тимур Заденов және Самар ауданынан Сабина Алпамышева деген оқушыларымыз IQanat мектебінің грант иегері атанды.

Ауыл оқушылары арасындағы ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры ауыл балаларына сапалы білімге жол ашу мақсатында ұйымдастырған. Нәтижесінде соңғы бес жылда 160 мыңнан астам ауыл мектебінің оқушылары сапалы білім алуға мүмкіндік алды.

Республикалық слёт аясында соңғы іріктеу кезеңі өтіп, жеңімпаздар IQanat мектебіне тегін оқуға шақыру алса, қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылды.
IQanat олимпиадасы және қордың басқа да бағдарламалары мыңдаған ауыл балаларына озық үлгідегі IQanat High School of Burabay мектебіне түсіп білім алуға, мықты мұғалімдермен қарым-қатынас жасау арқылы баға жетпес тәжірибе алуға, танысу шеңберін кеңейтуге, жалпы өмір сүру деңгейін көтеруге және соның нәтижесінде ауыл балаларына әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.

Қор бағдарламаларының түлектері – ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және тағы да басқа әйгілі университеттерге түсе алады.

Бұл керемет жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуден шет қалмауға шақырған үндеуінің көрінісі.
IQanat әлеуметтік жобасын жүзеге асыру қордың жүзден астам қамқоршыларының қолдауы арқасында мүмкін болды. Қамқоршылар – ауыл оқушыларына көмектесіп, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау ниетімен біріккен отандық кәсіпкерлер екендігін атап өткен жөн.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button