Аймақтар аухалы

Айдың соңына дейін аяқталады

Риддер жылу-энергия орталығындағы негізгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады. Олардың барысын аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің жеке бақылауында ұстап отыр.

Естеріңізге салар болсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де жылу орталығының күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандықтың қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын.

Содан бері облыс әкімі Даниал Ахметовтің жетекшілігіндегі арнайы жұмыс тобы Риддер қаласына барып, нысанды қалпына келтіру жұмыстарымен үздіксіз айналысып келеді.

– Риддер ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру науқанының екінші аптасында ауқымды жұмыс атқарылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен екі ауысымда жұмыс істейтін үздік мамандар жұмылдырылды, сондықтан проблемалық нысанда жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Барлық алға қойылған, тіпті ең күрделі міндеттердің толық көлемде және ең қысқа мерзімде орындалары сөзсіз, – деп мәлімдеді Риддер әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі.

Қазіргі мақсат бір – орташа және жоғары қысымды қазандық агрегаттарының жұмысын реттеу. Қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін барлық негізгі жұмыстарды осы қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button