Айдос астау жасауды кәсібіне айналдырды
Ата дәстүрден азды-көпті уақыт алшақтап кеткенімізбен, киіз туырлықты, қарға тамырлы қазағым қайта жаңғыртты салтын. Оюлы киімдерін сәнге айналдырып, әдет-ғұрпына ден қойды. Ал ағаш шеберлерінің астау ойып, ұлттық нақышқа бет бұруы бір бөлек әңгіме. Жуықта катонқарағайлық қолөнер шебері Айдос Қаткеновтің шеберханасында болып, астау жасау барысымен таныстық.
Қолындағы ыңғуыры кепкен тақтайдың бетінде еркін сырғиды. Асыл темірден жасалған ыңғуыры жалт-жұлт етеді. Жүзі өткір. Астау жасауға кіріспес бұрын қажетті пышақтар мен қашауын, ыңғуырын сайлап алады үнемі. Ыңғуыры мен ою оятын пышақтарын ауылдағы ұста соғып берген. Әп-сәтте бүтін тақтайдың бетін ұңғып шықты. Ағаштың пішіні астауға ұқсағанымен бұл бастамасы ғана еді.
Айдос ең алдымен астауға лайықты ағаш дайындап қойған. Астауға негізінен қарағай, самырсын сынды ағаштар жарамды. Ал Айдос шебер көбінесе самырсын ағашын пайдаланады. Оны қалыңдығы 6-7 сантиметрдей етіп тіліп, су тимейтін жерге жинап кептіреді. Бір ай емес, екі ай емес, жылдап кептіру қажет. Саңғырлап кепкеннен кейін тақтайдың бұтақсыз жерін таңдап, астауға сай өлшеп кеседі. Содан кейін барып тақтайдың бетіне астаудың сызбасын сызады. Екі жағынан ұстауға ыңғайлы етіп құлақтың орнын қалдырады. Құлақтың өзін сәндеп, өрнектейді. Сызба сызудың өзінде ұқыптылық, дәлдік керек. Тіпті, қиялыңызға қарай қошқардың басы іспеттес етіп те оюлап жіберуге де болады. Содан кейін барып ыңғуырмен ортасын ұңғып алып тастайды. Ернеудің орнынан аспай, тереңдігін біркелкі етіп ойып шығу көзге оңай көрінетін шығар. Әй бірақ қолға ыңғуыр ұстап, ағашқа бір басып көрсеңіз бұған да төзімділік пен бап керегін түсінесіз. Біраз білек күшін де сарп етер едіңіз. Бедерлі оюы ойылып, негізгі жұмыстарының бәрі болғаннан кейін астаудың асты-үстін құм қағазбен әбден ысқылайды. Содан кейін барып астаудың ішін май сіңгенше бірнеше қайтара майлайды. Ал сыртына өрнек ойып, лактайды. Бұдан кейін ет табақ ретінде қолдана беруге болады. Астаудағы ас тез суып кетпейді, оның үстіне табиғи таза ыдыс. Сондай-ақ, дастарханыңыздың сәнін де келтіріп тұрады. Заманның дамығанына қарай ою-өрнек оюға, ортасын ұңғуға арнайы станок пайдалануға болар еді, алайда, Айдос қолмен жасағанды құп көреді. Соңғы жылдары бұл астауды қыз ұзатқандар жасауға салуды дәстүрге айналдырған.
– Ертеректе астаудың ағашы қымбат болған. Ал шебердің жұмысы одан да қымбат еді. Ол заманда хандардың алдына қоятын астауды ат басындай алтын беріп алған екен. Бүгінгі таңда астаумен ас тарту қайта сәнге айналды, – дейді Айдос қаз-қатар тізіліп тұрған астауларын нұсқап. – Өткенде қызылордалық азамат тапсырыс беріп астау жасатты. Әулетті де дәулетті адам екен. Сонда сол кісі: «Шаңырағымыздағы береке арғы атамыздан қалған астауға байланысты. Астау қанша азып-тозғанымен әлі күнге дейін ырысы кетіп көрмеген. Өте берекелі астау. Байлықтың сыры сол астауда» деп еді.
Айдос астауларын арнайы дүкендерге қойып сатпайды, ал тапсырыс түскен жағдайда шын ниетімен жасап береді. Бағасы біреу үшін қымбат көрінгенімен енді біреу үшін қолжетімді. 25-30 мың теңгенің маңайында. Кейбір жағдайда күрделілігі мен көлеміне қарай 100 мың теңгеден де асып жығылады. Таза қол еңбек болғандықтан да құнды. Астау жасауды алғаш рет Айдос осыдан он шақты жыл бұрын жерлесі Ерен Жұмағұловтың ұсынысымен, тапсырысымен жасаған.
– Ол кезде астауға, ұлттық өнерге көп мән бере бермейтінбіз. Тіпті, астаудың қандай болатынын, қандай ағаштан жасалатынын да білмейді екенмін. Әмбесіне тауып алатындай интернет те жоқ. Содан Ерен аға бір жапырақ қағазға сызылған астаудың суретін алып келді. Әлгіге қарап отырып алғаш рет астау жасап шықтым, – дейді Айдос сарғылт тартқан сол кездегі сызбаны қолына алып.
Содан бері астаудың түр-түрін жасады. Әбден төселді. Білгенін шәкірттеріне де үйретті. Айдос ыдыс-аяқ бұйымдарын ғана жасап қоймайды, аң-құстардың мүсіндерін де оюмен айналысады. Шеберханасындағы сөрелері Алтайда кездесетін аю, қар барысы, таутеке, бұғы сынды түз тағыларының мүсіндеріне толып тұр. Берел қорғанынан табылған ат мүсіндерінің үлгілерін де қашап бастаған. Бірақ күнделікті тапсырыс жұмыстарынан шығармашылыққа ойысуға көп мүмкіндік бола бермейтін сияқты.
Айдос Қаткенов оныншы сыныптан кейін Саратовкадағы ауылшаруашылық колледжін тәмамдайды. Кейіннен жоғары оқу орнына түсіп, еңбек пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Мамандығына сай мектепке безендіруші-суретші болып жұмысқа түскен. Бірақ білім ордасында ұзақ аялдамай, Катонқарағай мемлекеттік табиғи Ұлттық паркінің сувенир жасау цехында тұрақтайды. Ол жерде он жыл еңбек еткен. Сол уақыт ішінде ағаштан жүздеген кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар жасап шығарады. Алыс-жақын шетелдегі ағаш шеберлерімен тәжірибе алмасты. Алтай өлкесінен келген шебер Виктор Кинов ағаш мүсін жасаудың қыр-сырын үйретті. Ал Айдос оның көрсеткендерін ұлттық нақышқа бұрып, өзінше жасай бастаған. Әр мүсінге қазақы элемент қосып, ұлттық нақышты көрсетуге тырысады.
Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы