Мәдениет

Айдананың айшықты әлемі

Айдананың айшықты әлемі


Ұлттық қолөнер – атадан балаға жалғасқан рухани мол мұрамыз. Бүгінде сәні мен сәулеті келіскен әдемі ұлттық бұйымдар жасап, оны халық арасында кеңінен насихаттап жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – алпыс жылдық тарихы бар облыстық «Altai» арнасындағы «Қазына» авторлық бағдарламасының жүргізушісі, төрт баланың анасы, қазақтың ою-өрнегін дәріптеп жүрген қолөнер шебері Айдана Қырғызәліқызы.

Моңғолиядан келген сый

Қазақ қолөнерінің басты саласының бірі – киім тігу. Ерте заманнан бүгінгі күнге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана меес, әсем әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Қуанарлығы – ұлттық киімдеріміз бүгінгі заман талабына икемделіп, жастардың талғамына сай келетіндей жоғары деңгейге көтерілді.

Кейіпкеріміз Айданаға бұл өнер анасынан берілсе керек. Өйткені, анасы өте ісмер адам болған екен. Қолынан келмейтіні жоқ. Киіз де басқан, сырмақ та сырған, тұскиіз де тіккен, тіпті алаботадан сабын қайнататын өнері де болған. Бірақ қызының қолына ине беріп, «мә, мынаны істей ғой» демеген. Керісінше, «көзіңді жеп қояды, арқаң ауырады» деп, онша жолатқысы келмейтін. Бірақ кішкентайынан қолөнерге бейім болған Айдана анасынан, нағашы әжесінен дарыған өнерін тастамай, жалғастыра берді. Кейінірек анасы «әттең ауылдағы өнер мектебіне бергенде сенен бір жақсы ісмер шығатын еді-ау» деп, өкінішін де жасырмайтын.

Айдананың айшықты әлемі

-Қолөнер – менің жаныма жақын дүние. Жақында Моңғолия елінен бір анамыз «Бағдарламаға сыйлық болсын, көзімдей көрсін» деп, қолмен тігілген үлкен тұскиіз беріп жіберіпті. Кереметтей тұскиізді төріме іліп қойдым. Келген адамдардың бәрі бірден сол тұскиізге көзі түседі. Өзім оюы бар жерден шыға алмай қалатын әдетім бар. Ең демалатын кезім – қолөнермен айналысу, іс тігу, – дейді Айдана. Алдына келіп, осы ою-өрнекті үйретіңізші дегеннің барлығына ақысыз-пұлсыз үйретеді. Қыздарды қыз сынына дайындайды, киетін ұлттық киімінен бастап тағатын әшекейіне дейін ақылдаса отырып, тігіп береді. Үйлену тойындағы көліктерді безендіретін қазақы нақыштағы әшекейлер, қыз ұзатылатын шаңырақ, қоржын, ұлттық киімдер, классикалық киімдер – осының барлығы Айдананың қолынан шыққан дүниелер. – Әдетте, біз қазақтың бағзы заманнан келе жатқан ою-өрнектерін сәндік үшін ғана пайдаланамыз.
Дегенмен, олардың философиялық мағынасы бар екендігіне терең мән бермейміз. Ою-өрнектегі бедерлер халықтың қоршаған орта, өмір туралы түсініктерімен астасып жатыр. Мәселен, ыдыс-аяқ, киім-кешек, зергерлік бұйымдар, кілем, текеметтерге өзіне тән ою-өрнектер ғана салынады. Осылайша әр оюды тиісті мақсатына қарай қолдану керек.

Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдеріміз – бұл ұлттың тарихымен бірге қалыптасып, бірге дамып келе жатқан мәдени, рухани құндылықтардың бір саласы. Ұлттық киімнің тарихына зер салып, зерттеп, зерделеу – халқымыздың өткеніне үңіліп, әдет-ғұрып, салт-санасы мен дәстүрін терең білуге, дүниетанымы мен мәдениетіне көз жүгіртіп, баға беруге жол ашады. Бүгінде жұртшылық тарапынан камзол, шапан, бүрмелі көйлек, кимешек сияқты ұлттық киімдерге тапсырыстың мол болуы – ата дәстүрге бет бұруымыздың белгісі. Тіпті мерекелерде, тойларда киетін ұлттық киімдерді айтпағанда, кәдімгі классикалық киімдердің өзіне ою-өрнек түсіруге тапсырыс берушілер аз емес көрінеді.

Дәстүрді дәріптеген жоба

Айдананың айшықты әлемі

Облыс көрермендерінің көзайымына айналған «Қазына» – жас ұрпаққа рухани байлық бере алатын, экран арқылы халықты өңіріміздегі қолөнершілермен, ұлттық спорт майталмандарымен қауыштыру арқылы ұлттық кодты сақтауға септігін тигізетін бірден-бір бағдарлама.

-Ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін «Қазына» хабарын ашуды бұрыннан ойластырып жүрген едім. Рухани құндылықтарымызға көбірек мән берсек деймін. Қазір рух туралы, рухани байлық туралы айтқаннан гөрі бес-он теңге табудың маңызы зор болып кеткен уақыт қой. Сондықтан бұл көптен бері ойымда жүрген жоба еді. Халықтың көңілінен қаншалықты шықты білмеймін, десе де ұлттық рухты дамытуда теңізге тамған тамшыдай болса да маңызы бар деп есептеймін, -дейді Айдана Қырғызәліқызы. Автордың айтуынша, осы күнге дейін «Қазына» бағдарламасында құсбегі, облыстағы бүркітшілер қауымдастығының президенті Тәттімбек Кәпұлы, атбегі Әбілқас Өзбеков, шежіреші Мәкен Мешелқызы, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, елімізге еңбегі сіңген қайраткер, «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншісі Бақыт Шағатаева, әкелі-балалы мүсіншілер Алтай, Ертай Сәрсеновтер сынды өнер майталмандары қонақта болып, қазақтың дәстүрлі әндері, атбегілік, саятшылық өнерінің қыр-сыры, кәсіптің өзіндік ерекшеліктері жайында қызықты әңгімелерімен бөліскен.

Балалы үй – базар

Айдана Дайырова – ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Жер біткеннің балқаймағы, жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы» деп жырлап өткен, Алматы облысы, Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылының тумасы. Жолдасы Ернұрдың жұмысына байланысты өндірістік қала – Өскеменге келіп, еңбекке араласқандарына он бес жылға таяды. Талай рет туған жерге оралуды ойлағанмен, «Шырайлы Шығыстың киесі жібермеді, қимадық», дейді.

Айдана мен Ернұрдың отбасында төрт ұл ержетіп келеді. Үлкені Нұр – 17 жаста, бокспен шұғылданады, колледжде оқиды, Ресейде өткен жарыстардан жүлделі орындар алып жүр. Тоғызыншы сыныпта оқитын Данияр «болашақта дәрігер болсам» дейді, Досжан еркін күреске қатысады, ал үйдің кенжесі Дамир балабақшада.

Айдананың айшықты әлемі

-Бар байлығым – отбасым. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде үйде міндетті түрде бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Менің сыйлығым, әрине, наурызкөже. Туыстар мен көрші-қолаңның басын қосып, наурызкөжеге шақырамын.

Бетін құбылаға бұрып, маңдайы сәждеге тигеннің, жалпы аузында Алласы, жүрегінде иманы бар баршаның әрбір күні Алланың нығметіне толы болсын. Ең бастысы – іргеміз аман, еліміз тыныш болсын! Наурыздан наурызға аман жетейік!-деген тілегін білдірді кейіпкеріміз.

Айдананың айшықты әлемі

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button