Білім

Аяжан Америкада оқып жүр

Аяжан Америкада оқып жүр


Аяжан Кадесова – Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебінің оқушысы. Бүгінде ол Американың Огайо штатындағы Зейнсвилл қаласында білім алып жатыр. Аяжан бұған қалай қол жеткізді? «Flex» бағдарламасы арқылы Америкада қалай білім алуға болады? Жалпы, «FLEX» деген қандай бағдарлама? Америкалық білім беру жүйесінің Қазақстаннан айырмашылығы қандай? Бұл туралы төмендегі мақаладан біле аласыздар.

Шынын айтқанда, Американы көру, Америкада білім алу кез келген жастың арманы десек қателеспейміз. Кейбіреулерге Америкада білім алу қол жетпейтін арман секілді көрінетіні де рас. «Ой, Америкада оқу мүмкін емес қой. Ол елде тек бай¬лардың балалары ғана білім алады» деп, арманға жетуге титтей де қадам жасамастан, қолды бір сілтейтіндер де табылады. Бірақ мүлдем олай емес. Бүгінде бұл елде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған қазақстандықтар, оның ішінде жерлестеріміз жетерлік. Солардың бірі – Аяжан Кадесова. Ол бүгінде Американың Огайо штатындағы Зейнсвилл қаласындағы Morgan High School мектебінің 10-сыныбында оқып жүр. Қазақ, орыс, ағылшын тіліне жүйрік қыздың алдына қойған мақсаты биік, арманы асқақ.

Иә, Аяужан мұндай мүмкіндікке қалай ие болды? Ол бұған мектеп оқушыларына арналған FLEX (Future Leaders Exchange) бағдарламасының арқасында қол жеткізді.

– Алғаш рет мен FLEX бағдарламасына 2016 жылы қатыстым. Бірақ екінші турға өтпедім, өйткені мен өзіме берілген нұсқаны дұрыс белгілемеппін. Маған алтыншы нұсқа беріліпті, ал мен оны бес деп белгілеген екенмін. Келесі жылы FLEX-ке мақсатты түрде дайындалдым. Бұл бағдарламамен Америкада оқу менің арманыма айналды. Бірінші, екінші турлардан өткен соң, мен өзімнің жеңімпаз болатыныма сене бастадым, – дейді Аяужанның өзі. – Рас, басында қобалжыдым, өйткені үміткерлер өте көп болды. Бірақ солардың тек бес пайызы ғана жеңіске жетті.

Шынында, сәуір айында Аяжан өзінің FLEX бағдарламасының финалисі атанғанын естіді. Қуанышында шек жоқ. Бірақ, міне қызық, ата-анасы қызын өзге мемлекетке жібергісі келмеді. Әсіресе папасының Аяужанды өзге мемлекетке, мұхиттың арғы жағына жібергісі жоқ. Бірақ ұзақ ойланғаннан кейін небары он бес жастағы қызына үлкен сенім артты. Бұл бағдарламаның Аяужанға көп мүмкіндік беретінін бағамдады.

– Зейнсвилл қаласы шағын ғана, бірақ адамдары өте мейірімді, – дейді Аяужан. Оның үстіне, Аяужан тап болған отбасы да өте қонақжай болып шықты. Бір жағынан, қарапайым қазақ отбасыларына ұқсайды, көпбалалы. Бүгінгі таңда Аяужанның америкалық отбасында мамасы мен папасынан бөлек үш бауыры мен бір сіңлісі бар. Бауырларының үлкені 11-де болса, қалған екеуі тоғыз және бес жаста. Ал сіңлісі екі жаста.

– Америкалық ата-анам өте бауырмал, көп уақыттарын отбасыға арнайды. Әзілдеп сөйлегенді ұнатады. Менің отбасым америкалық өзге отбасыларына ұқсамайды. Көптеген америкалық отбасылар бастары қосылып, бір үстел басында тамақ ішпейді. Олар көбіне фаст-фуд жей салады. Ал біз ылғи бірге тамақтанамыз және асты бірге дайындаймыз. Біріміз сарымсақ турасақ, екіншіміз қуырамыз. Тамақ ішкеннен кейін ән саламыз. Ал демалыс күндері кешкісін үстел ойындарын ойнаймыз. Туыстарға да жиі барып, қал-жағдайларын сұрап, араласып тұрамыз, – дейді Аяужан.

Аяжан Америкада оқып жүр

Сабақ кестесін оқушылар таңдайды

Қазіргі күні Аяужан осындағы Morgan High School мектебінде білім алып жатыр. Айтуынша, Америкада жоғары сынып 9-сыныптан басталады екен. Ең жоғары сынып 12-сынып болса, Аяужан 10-сыныпта оқиды. Бір жақсысы, Америкада сабақ кестесін оқушылардың өздері таңдайтын көрінеді. Күн сайын бірыңғай сабақтар болады. Мысалы, Аяужанның таңдаған сабақтары: математика, ағылшын тілі, бизнес менеджменті, француз тілі. Түскі астан соң өнертану мен сурет сабағына қатысады. Сонымен қатар Advisor дейтін сабақ бар, мұнда оқушылар үй тапсырмасын немесе қатыса алмай қалған сабақтарындағы тапсырмаларды орындайды екен.

Аяужан америкалық білім беру жүйесінің қазақстандық білім жүйесінен көптеген айырмашылықтары бар екенін айтады. Жоғарыда айтқанымыздай, Америкада оқушы оқу кестесін өзі таңдағанымен, міндетті түрде оқуы тиіс пәндер де бар. Ағылшын тілі мен Америка тарихын, бір шет тілі мен ғылымға байланысты тағы бір пәнді әрбір америкалық оқушы міндетті түрде оқуы тиіс.

– Менің мектебімде сабақ 16 тамызда басталады. Жоғарғы, орта, бастауыш сыныптар бөлек-бөлек ғимаратта орналасқан. Мектептегілер электроникамен көп жұмыс істейді. Мұғалімдер өте креативті және сабақтар өте қызық өтеді. Менің сәл үйрене алмай жүргенім, мұнда сабақ ерте, сағат 7.30-да басталады, – дейді ол.

Бір жақсысы, мектеп автобустары бар. Мектеп ғимаратында спорт пен т.б. клубтар орналасқан. Аяужан – волейбол командасы мен француз клубының мүшесі.

– Сонымен қатар мен ерікті қызметімен де айналысамын. Ерікті қызметі – менің ең бір сүйіп айналысатын істерімнің бірі. Біреуге көмектесу мені бақытты етеді, маған қуаныш сыйлайды. Мен осылайша әлемнің әдемі болуына өз үлесімді қосамын. Бұл іспен айналысу арқылы мен көптеген адамдармен танысып, жақын араласамын, – дейді Аяужан Кадесова. Тіпті ол жергілікті дүкенде, кітапханада ерікті болып істепті. Дүкеннің мерейтойына орай біз балмұздақ жасадық, ал кітапханада кітаптарды сөрелерге рет-ретімен жинадық. Сондай-ақ тұрғындар үйі жоқтар мен ауру балаларға арнап киімдер тастап кететін станцияда да волонтер болыпты. Ал жақында Хэллоуинде де ерікті қызметін атқарған.

Аяжан Америкада оқып жүр

«FLEX» деген қандай бағдарлама

Қазіргі күні оны дұрыс тамақтану жүйесі, салауатты өмір салты қатты қызықтырады. Өйткені Америкалық папасы денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Ол кісі балаларына денсаулыққа, дұрыс тамақтануға қатысты көптеген ақпараттарды жиі айтып отырады.

– Жалпы, бұл мәселе мені Америкаға келмей тұрып қатты қызықтыратын. Кейде біз дұрыс тамақтануға онша мән бермейміз. Негізінде, дұрыс тамақтану – адам өмірінің негізі дер едім. Барлық аурулар кейде дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындап жатады. Америкалық папам бұл туралы үнемі айтып отырады. Мысалы, адам күйзелісте болғанда, денесі көп қуат жоғалтады екен. Сондықтан дұрыс тамақтануға мән беру өте маңызды. Болашақта мен бұл саладағы білімімді Францияда жалғастырғым келеді, – дейді Аяужан.

Аяужан ай сайын 125 АҚШ доллары шамасында шәкіртақы алатынын айтты.

Жалпы, FLEX бағдарламасының жүзеге асырылып келе жатқанына 25 жылдай уақыт болыпты. Негізінен, жоғарғы сынып оқушыларына арналған FLEX бағдарламасын толығымен АҚШ-тың мемлекеттік департаменті қаржыландырады. Сондай-ақ Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Халықаралық білім беру жөніндегі Америка Кеңесімен (АКСЕЛС) жүргізіледі. FLEX бағдарламасының финалистері бір жыл бойы АҚШ-та америкалық
мемлекеттік мектептерде оқып, америкалық отбасыларда тұрады.

Аяжан Америкада оқып жүр
Аяжан Америкада оқып жүр

Бағдарламаның финалистері үш кезеңнен тұратын конкурс нәтижесінде анықталады.

– FLEX – маған берілген үлкен мүмкіндік. Мен бұл бағдарламаға қатысып, жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Осынау бағдарламаның арқасында керемет достар таптым, ел көрдім, жер көрдім. Ата-анаңнан жырақта, өзге елде өмір сүру де сен үшін үлкен сынақ екені рас. Десе де Қазақстанымды, туған жерімді сағынып жүргенім рас, – дейді Аяужан.

Аяужанмен вацап арқылы сұхбаттасқан біз оның оқуын аяқтап, аман-есен елге оралуына тілектестігімізді білдірдік.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button