Мәдениет

Аяулымның алтын баспалдақтары

Аяулымның алтын баспалдақтары


Үржар қашанда өзінің батырларымен, ақындарымен, аруларымен аты шыққан өңір. Батыр десе – Қабанбай, әнші десе – Әсет, күйші десе – Секен, ару десе – Үржар ханшайымы… Әсем табиғат аясында, бәлкім, осындай текті жандардың дүниеге келері заңды құбылыс па, кім білсін?!

Бүгінде жасы 20-дан асқан Аяулым Ерғазы көзі қарақты жандарға әжептәуір таныс болып қалды. Сұңғақ бойлы, аялы қара көзді қараторы қыз өзінің ұлттық салт-дәстүрге қанығып өскендігімен бе, ибалы қылығымен адамды өзіне бірден баурап алады. «Шығыс Қазақстан аруы», «Наурыз аруы», «Астана аруы», «Мисс студенчества» «Қазақ аруы» сияқты сайыстарда үнемі жүлдегер қатарынан көрініп келе жатқан Аяулымның бұл баспалдағы алты жасында Үржардағы «Балбөбек аруы» сынына қатысудан басталды. Анасы Сәуле ол күндерді ерекше бір тебіреніспен жымия отырып еске алады.

-Аудан орталығынан біздің Бестерек ауылы онша қашық емес. Бірде Аяулыммен бірге Мәдениет үйінің жанынан өтіп бара жатып, жас өрендердің «Балбөбек аруы» сынына дайындалып жатқандарын естідім. Қызыма қатысасың десем, жер тарпып жылағандай, азарда-безер болады. Қоймай жүріп балмұздақтың астында қаласың деп уәдені үйіп-төгіп, қатыстырдым, – дейді ол.

Кейін, 2010 жылы аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Назым Солтабаева облыс орталығы Өскеменде «Наурыз аруы» сынына түр-түсі келіскен, ұлттық дәстүрмен сусындаған бойжеткен іздеп жүріп, көзі Аяулымға түседі. Мүлт кетпеді. Сол жолы тағы бір ауданға белгілі өнерпаз Жанат Аңдасова вокалдан дайындап, Аяулым Ерғазы «Наурыз аруының бірінші жүлдесін жеңіп алды. Ән айту, би билеу, сахнада өзін-өзі ұстаудың алғашқы әліппесін де екі ұстаз осы жерде үйретті. Аяулым Талғатқызы Ерғазы ата-ананың да, ұстаздарының да үмітін ақтап, орта мектепті тек «5-ке» аяқтады. Жоғары балмен Астана медицина университетінің мемлекеттік грантын жеңіп алды. 2011 жылы Астанадағы «Наурыз аруы» қыз сынына қатысып, 1- орынды иеленді. Сол жылы республика студенттері арасында «Студент-ару», келер жылы «Астана аруы» сынының бас жүлдесін алып, тағы да алтын тәж кию құрметіне бөленді.

– Ана жылы балмұздақ беріп әрең қатыстырған қызыма енді «Қызым, байқаулардың сабағыңа кесірі тимесін. Қатыспай-ақ қойсаңшы әзірше» деген сөзіме қарамады. Бір жағынан, онікі де дұрыс, – дейді анасы Сәуле Омарова перзентіне деген мақтаныш сезімі кеудесін кернеп.

Енді Тарбағатайдың күнгейінен түлеп ұшқан жас аруға қызмет ұсынушылар табыла бастады. Ол енді сабақтан бос уақытында «Хабар» арнасында республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауын жүргізу бақытын иеленді. «Қазақ ТВ» арнасында «Сәлем, әлем!» хабарын жүргізсе, Қазақстанның «Қытайдағы мәдени күндерін» Бейжіңде, Шанхайда, «Astana Ballet» ұйымының концертін Астанада жүргізді. Үржардағы Е.Рахмадиев атындағы музыка мектебінің фортепьяно класын үздік бітірген өнерлі жас қыз «Қазақ аруы» атты қыз сынында 500 арудың ішінен 1-орынды жеңіп алды.

«Астана аруы» қыз сынынан жеңіп алған бас жүлде Францияға, Парижге екі жолдама болатын. Анасы Сәуле Мәушәріпқызы екеуі Парижді, Испанияның астанасы Барселонаны тоғыз күн аралады.

-Қызым французша ән айтқанда, таңданысымды жасыра алмадым, риза болдым, – дейді Аяулымның анасы, – шетелде жүріп, тіл білмегеннің тауқыметін тартқанымды қалай жеткізейін. Әйтеуір, айналайын Аяулым былдырлап жауап беріп, болмаса сұрап жатады. Соның арқасында көп қиындық көргеніміз жоқ. Өзі қалжыңбас, елге қайтып келе жатқанда «Мама, шетелде жүрген кезде ең көп айтқан сөзіңізді айтайын ба?» дейді маған. «Сіздің ең көп айтқан сөзіңіз «Не дейді?» болды». Екеуіміз де жарыса күліп жатырмыз.

Аяулымның анасы Сәуле Мәушәріпқызы қазір кәсіпкер. Ал әкесі Талғат Ерғазыұлының да негізгі мамандығы – дәрігер-стоматолог. Отбасында Аяулым, Ақбота, Ислам атты перзенттері бар.

– Алар асуларың алда болсын, Аяулым! – дедік оған біз Ақ жол тілеп.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button