Өнер

Аяқ киім тоқуды табыс көзіне айналдырды

Ұлан ауданындағы Айыртау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Диляра Илимбаева – қолөнерді қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отырған жан.

Қолөнер шебері тоқыма ісіне бала кезден қызыққан. Оқушы шағында анасынан қолғап, шұлық тоқуды үйренеді. Есейе келе ересектер мен балаларға жіптен түрлі киім тоқуды ермек етеді.

Диляра Батталқызының айтуынша, өткен жылы әлеуметтік желіні қарап отырып, аяқ киім тоқып, табыс табудың жолдарын түсіндіріп жатқан онлайн вебинарға көзі түседі. Содан кейін тұтынушыларына трендтегі тоқыма аяқ киімдерді ұсынып, «Алтын қол» деген брендпен танылған кәсіпкер Күләнда Жөкішқызынан онлайн сабақтар сатып алады. Ілмекпен тоқуды екі ай ішінде үйреніп, арнайы сертификат иеленеді.

Шебер аяқ киім табандарына және жіптерге тапсырыс беріп, үйге киетін тәпішкелер, балаларға арналған түрлі аяқ киімдер, кроссовки, кеды, балеткалар тоқуда. Сапасы фабрикадан шыққан өнімдерден артық болмаса, кем түспейді.

– Алғаш тоқыған үйге киетін аяқ киімімді анама (енеме) сыйладым. Жіптерімнің сапасы жақсы, созылып кетпейді, түктенбейді. Сондықтан тоқыған аяқ киімдерімді ұялмай ұсынамын. Кір машинамен жуып алуға да болады. Жіптердің қай түрі де өңін бермейді, жуғанда бояуы да шықпайды, жұмсақ. Әуелі клиенттерімнің дені әйелдер болды, қазір ер адамдардың да аяқ киімдерін тоқып жүрмін. Арасында киілген аяқ киімдерді жөндеп, қайта тоқып беремін. Тапсырыс берушінің қалауына қарай кейбір аяқ киімді моншақтармен сәндеймін. Балалар аяқ киімін, етіктерді, қыз-келіншектерге арналған сөмкелерді тоқуға енді кірісіп жатырмын, – дейді шебер.

Қолөнерді табыс көзіне айналдырған іскер келіншекті жұбайы  Дидар да әркез қолдап жүреді. Диляра енді мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алуды көздеп отыр, алып жатса, жұмыс орындарын ашып, жастарға ұлттық қолөнерді үйретпек.

 Эльмира Советқызы

Осы айдарда

Back to top button