Экономика

Аягөздіктер құрылыс материалдарын алыстан арбаламайтын болады

Аягөздіктер құрылыс материалдарын алыстан арбаламайтын болады

Индустрияландыру картасы

Жалпы ішкі өнімінің сексен пайызы ауыл шаруашылығына тәуелді Аягөз өңірінде соңғы жылдары индустиялық-инновациялық жобалар жүзеге асып, өнеркәсіп саласы қарқын ала бастады. Сондай жобаның бірі – қаладағы кірпіш зауытының құрылысы.
Бізді нысанмен таныстырған Аягөз қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов шаһарда құрылыс қарқыны артуына байланысты кірпіш зауытының қажеттігі көптен бері сезілгенін айтады. «ABS груп» ЖШС осы қажеттілікті ақтай отырып, өз істерін өрістетуді көздеп отыр. Өңірлік Индустрияландыру картасына енген жобаның құны – 304 млн. теңге. Өз қаражатына осындай үлкен жобаны жүзеге асырып отырған серіктестік өндіріске Қытай технологиясын пайдаланбақшы.
Кеңес кезінен қаңырап қалған ғимаратты қайта жарақтап, теміржол табаны төселгесін, ішіне кірпіш қалыбын кептіру, қыздыру, салқындату цехтары орнатылыпты. Қытайлық технологияның басты ерекшелігі шикі кірпішті қыздыратын камераның ыстыққа төзімді металдан жасалуында. Ал бұған дейін қолданылған технологияда шикі қалып кірпіштен соғылған камерада қыздырылатын. Шикі балшық толық пісуі үшін мың градус ыстықта қыздыру қажет. Кірпіштен соғылған камералар мұндай температураға шыдас бермеуі әсерінен пайда болған саңылаулардан қажет температураның бөлігі сыртқа шығып, технология толық сақтала бермейтін. Осының салдарынан кірпіштің сапасы да әркелкі болады. Ал болат камераларда қажет температура сол қалпында сақталатындықтан, кірпіш сапасынан кінәрат табу мүмкін емес. Кірпішке қажет балшық зауыттан сегіз шақырым жердегі карьерден тасымалданады. Барлау жұмыстары мұндағы сары топырақтың қоры елу жылға жететінін көрсеткен. Карьерден алынған сары топырақ зауытқа жеткізілгесін, арнайы лента арқылы екшеу аппаратынан өтіп, қиыршықтардан тазартылады. Екшелген топырақ илеу аппаратына да лента арқылы жөнелтіледі. Иленген балшыққа 10 пайыз мөлшерінде көмір араласады. Бұл көмір кірпішті күйдіру кезінде өз ішінен балшықтың толық пісуіне атсалысады. Ол жерден қалыпқа құйылған шикі кірпіш кептіру аймағына жеткізіліп, 200 градус температурада ұсталады. Қалыптау аппараты сағатына 9 мың шикі кірпіш дайындауға қауқарлы. Кепкен қалыптар 1000 градустық күйдіру аймағынан өтіп, салқындатылады. Бұл жерден тиеу аймағына түсіп, жан-жаққа жөнелтіледі. Аталған жұмыстың барлығы арнайы таспалардың, рельстердің көмегімен жүзеге асатындықтан жылына 10 млн. кірпіш шығаратын алып зауытта бар болғаны 45 адам жұмыс істейді.
Өндірісі жартылай автоматтандырылған бұл технологияны әлі де жетілдіре түсуге мүмкіндік бар. Серіктестік директоры Бекжан Қажыәкпаров өндіріске қажет топырақ пен отынды тиейтін робот орнатуды жоспарлап отыр. 230 мың доллар тұратын бұл робот еңбек өнімділігін одан сайын арттырары сөзсіз. Қаладағы теміржол торабын мұндағы өндіріске тиімді пайдалану мақсатында іргедегі теміржол бұтағынан рельс тартып, көмір түсіретін тұйық орнатуды жоспарлап отыр зауыт басшылығы. Бұл көмір түсіру алаңының қарапайым халыққа да пайдасы болмақ. Зауыт маңындағы тұрғындарға көмір сататын пункт те ашылмақ. Мұның арқасында халық көмірді тасымалдауға кететін шығынды үнемдейтін болады. Зауыттың бір шетінен ағаш өңдеу цехын салу қажеттігі де туындап отыр. Цехта кірпіш тасымалдайтын тақтай тұғырлардан бөлек, құрылысқа қажет басқа да материалдар дайындалады.
– Жұмысшыларға 40-50 мың теңгенің мөлшерінде еңбекақы тағайындап отырмыз. Ал кірпіш бағасын нарық реттейді. Ең бастысы, бұл маңда кірпішке деген сұраныс өте жоғары. Дәл мұндай технологиямен кірпіш шығаратын еліміздегі жалғыз зауыт Екібастұзда істеп тұр. Шымкентте тағы біреуі салынып жатыр. Біздікі үшіншісі болмақ. Қазірдің өзінде біз шығаратын кірпішке Үржар мен Абай ауданы, Алматы облысының Үшаралы тапсырыс беріп қойған. Астанамен де келісімдер орнатып жатырмыз, – дейді Бекжан Қажыәкпаров.
Бұл зауыттың жұмысы қалдықсыз технологияға құрылған. Топырақтан екшелген қиыршықтарды ұнтақтап, балшыққа қосатын болса, кірпішті күйдіруге жұмсалған ыстықты ғимаратты жылытуға пайдалануға болады. Ол үшін пешке кішігірім құрылғы орнату қажет. Осылайша заманауи кірпіш зауыты сапалы өнім беріп қана қоймай, халыққа пайдалы, жұмыста үнемді кәсіпорынның бірі болмақ. Зауыт 2014 жылдың ақпанында қолданысқа берілуі тиіс.
«Аягөз құрылыс материалдары комбинаты» – қаланың әлеуетін арттыратын индустриялық жобаның бірі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске асатын жобаны зайсандық «СМУ Шығыс» ЖШС қолға алып отыр. Серіктестік өкілі Шынар Рамазанова бұл жобаның іске асуына қажет инфрақұрылым «Жол картасы» шеңберінде қалыптасатынын айтады. Бұрынғы депо жөндеу цехын бүтіндеп, өндіріске қажет итальяндық қондырғылар орнатуды көздеген комбинат басшылары Волгоградқа осы мәселе бойынша сапарлап кеткен екен. 1,74 гектар аумақты алып жатқан өндіріс ошағын қайта жарақтау ісі көктем шыға қолға алынбақ. Мұнда темірбетонды құбырлар, плиталар мен «Г» пішінді блоктар, іргетас блоктары, бағана тіреуіштері, су ағар көпірлер сынды құрылысқа аса қажет бұйымдар шығарылады. Жылына алты мың текше метр бұйым шығаруға қауқарлы.
Зайсандық кәсіпкерлердің Аягөзге қаржы құйып, бұл істі қолға алуына мұндағы құрылыс жобалары бір жағынан себепкер болса, Аягөздегі теміржол қатынасын пайдалана отырып, өзге облыстарға шығу мүмкіндігі де зор.
Аталмыш екі жоба толықтай жүзеге асқан кезде Аягөз ауданы құрылыс материалдарын алыстан арбаламай-ақ, жақыннан вагондап тасу арқылы уақыт пен шығынды молынан үнемдейді деген үміт басым.

Есімжан Нақтыбайұлы

Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button