Экономика

Аягөздегі жобалар алғашқы нәтижесін бере бастады

Аягөздегі жобалар алғашқы нәтижесін бере бастады

Аягөз – өңірдегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына белсенді қатысып келе жатқан аудандардың бірі. Аталған мемлекеттік бағдарламаның жаңа бесжылдығында аудан аумағында жеті бірдей индустриялық өндіріс ошағының жұмыс істеуі тиіс. Соның ішінде бүгінде жұмысы қарқын алып, алғаш өнімін бере бастаған бес жобаның өңір экономикасына қосар үлесі ерекше.
2010 жылы еліміздің Индустрияландыру картасына енген «Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы» жобасын қолға алған «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС 2015 жылдың басынан бері 73,6 млрд. теңге инвестиция игерді. Құрылыс басында 4343 адам жұмыс істеуде. Жобаның бастапқы құны екі есеге жуық өсіп, бүгінде 482 млрд. теңгені құрады. Құрылысы басталғалы, оның 213,5 млрд. теңгесі игерілген.
Ал өңірлік Индустрияландыру картасына Аягөз ауданынан 2014 жылы үш инвестициялық жоба еніп, іске асырылды.
Соның бірі «ABS групп» ЖШС-нің «Аягөз кірпіш зауытының құрылысы» жобасы бүгінде күн өткен сайын толық қуатына еніп келеді. Жобалық құны – 304,0 млн. теңгеге баланған өндіріс орны өткен жылдың тамыз айында іске қосылып, төрт айдың ішінде 120 млн. теңгеге үш млн. дана кірпіш шығарған. Ал биыл «Аягөз кірпіш зауыты» шикізаттық кірпіш балшығын жер кепкенде пайдалануға болатындықтан, жұмысын 2015 жылдың мамыр айының екінші онкүндігінен бастап жандандырды. Бүгінгі күнге 30,0 млн. теңгенің 750,0 мың дана кірпіші шығарылып, жекеменшік құрылыс жұмыстарына сатылуда.
«Тасқара» ЖШС қолға алған құны 668,8 млн. теңге болатын «Тасқора алтын өндіру фабрикасының құрылысы» жобасы 2014 жылдың шілде айында іске қосылды. Өткен жылдың қорытындысында фабрика 35 кг алтын, 16 кг күміс өндірді. Қазіргі таңда өндіріс 40%-ға ғана жүктелген. Жұмысшылардың жалақысы мен айналымға қаржы жетіспеуіне байланысты өндіріс орны 2015 жылдың сәуірінен бері жұмысын тоқтатып тұр. Дегенмен, фабрика құрылтайшылары несиенің бірінші траншын алып, 42,0 млн. теңге жалақы қарызын өтеді. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 9 кг алтын, 3 кг күміс өндірілді.
Сондай-ақ, өңірлік Индустрияландыру картасына енген «КЭМП-Восток» ЖШС-нің «Шарық» кенішінде шоғырлы сілтісіздендіру әдісімен алтын өндіру фабрикасының жұмысы 2014 жылдың тамыз айында іске қосылып, жыл ішінде 170 млн. теңгеге 23 кг алтын өндірді. Алайда, шоғырлы сілтісіздендіру әдісімен алтын өндіру барысында кеннің тығыздығынан алтын көлемі көзделген мөлшерден аз шыққан. Осыған байланысты алтын өндірудің басқа әдісін қолданысқа енгізу қажет болып, қондырғыларды ауыстыру жұмыстары жүргізілді. 2015 жылдың қыркүйек айында алтын өндіру зауытының жұмысы қайта жанданып, жыл соңына дейін жаңадан орнатылған қондырғылардың көмегімен 64 келіге жуық алтын өндіру жоспарлануда.
2015 жылға ауданнан ҮИИД бағдарламасына «Би стоун» ЖШС-інің «Декоративті табиғи тасты өнеркәсіптік өңдеу» жобасы облыстық үйлестіру кеңесінде талқыланып, қолдау тапқан болатын. Жобаның құны – 60 млн. теңге. Өндіріс ошағы іске қосылса, 32 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button