Экономика

Аягөзде 600 орындық мектеп ашылды

Аягөзде 600 орындық мектеп ашылды
Кеше Аягөз ауданына жұмыс сапарымен келген облыс басшысы Даниал Ахметов «Аягөз ауданының рухани және тарихи-мәдени мұралары» атты республикалық ғылыми теориялық конференциясына, сондай-ақ 600 орындық қазақ мектебінің ашылу салтанатына қатысты.
Іс-шараға белгілі қоғам қайраткері, жерлесіміз Төлеутай Сүлейменов бастаған құрметті қонақтар да куә болып, жаңа мектептің лентасы қиылды. Осыған дейін кеңес дәуірінде салынған ғимаратта отырған Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің ұжымы бұдан былай жас өркенге заманауи білім ордасында білім береді. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы соңғы жылдары облысымызда болып жатқан мұндай жағымды жаңалықтардың әлі де жалғасын таба беретіндігін айтты.
-Бүгінде тәуелсіз Қазақстан халқының қол жеткізген асулары бір төбе. Елімізде «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан ауқымды істер баршылық. Сондай айтулы істердің басында Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Осындай алып ғимарат, заманауи мектеп сіздер үшін, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұландары үшін пайдалануға беріліп отыр. Бүгінгі Аягөз қаласында ашылып отырған білім ордасы соның жарқын айғағы, – дей келіп, облыс әкімі мектепке төрт интерактивті тақта сыйға тартты.
Аягөзде 600 орындық мектеп ашылды
Облыс басшысы Аягөзде инсульт орталығының жұмысымен де танысты. Қазір облыс орталығында ІІІ деңгейлі екі орталық және Семейде ІІ деңгейлі бір орталық бар. Орталық заманауи компьютерлік томограф, ультрадыбыстық аппараттар, мониторлар мен науқастарды оңалту құралдарымен толық жабдықталған. Аягөздегі аталмыш инсульт орталығына 64 кесінді компьютерлік томограф, реанимациялық және оңалту жабдықтары сатып алынбақ. Енді Аягөздегі орталықта жақын маңдағы Үржар, Тарбағатай, Жарма аудандарының тұрғындары да ем қабылдайтын болады.
Бұдан кейін облыс әкімі бокстан Тәуелсіз еліміздің бірінші сыртқы істер министрі, Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөз ауданының Құрметті азаматы Төлеутай Сүлейменовтің жүлдесіне арналған республикалық турнирдің ашылу салтанатына қатысып, тағы да бірқатар нысандарда болды. Сондай-ақ «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайында өткен республикалық ақындар айтысының жүлдегерлерін құттықтады. Мерекелік шара соңынан жиылған жұрт белгілі өнер қайраткерлерінің гала-концертін тамашалады. (Тақырыптың жалғасы газетіміздің келесі санында)

Берікхан Тайжігіт,
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button