Аягөзде 200 орындық балабақша ашылды
Аягөз қаласында мектепке дейінгі тәрбие беретін білім ордасы есігін айқара ашты. №6 балабақшаның ашылу салтанатына облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, аудан әкімі Нұрбол Нұрғалиев, ақын Несіпбек Айтов, жазушы Сұлтан Оразалин, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин мен ақын Қалқаман Сарин арнайы келіп қатысты.
– Өмірге келген әрбір бала бақытты болуы тиіс. Балалар – еліміздің бүгіні мен ертеңі, мемлекетіміздің басты байлығы. Сондықтан да балаларға тиісті дәрежеде жағдай жасау, олардың денсаулығын жақсарту, саналы тәрбие мен сапалы білім беру – басты мақсат, – деді салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.
Елбасының тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген 200 орындық №6 бөбекжай-балабақша құрылысын «Алау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Оның құрылысы мен жабдықтарына облыстық бюджеттен 305, аудандық бюджеттен 12 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Бөбекжай-балабақшада 10 топ бар, әр топта – 20 баладан. Әр топта арнайы 10 жатын бөлмесі бар. Балалар 4 мезгіл тамақтанатын болады.
Балабақша қызметкерлері қажетті оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 3 медициналық бөлме барлық қажетті құралдармен толық жабдықталған. Балабақшада логопед, дефектолог және психолог мамандары арнайы жабдықталған бөлмелерде жас ерекшеліктеріне сай тілдегі ақауы бар балаларға қызмет көрсетеді.
Т.Тілеубердіұлы