Мәдениет

Аягөздің қыздары ат құлағында ойнайды

Аягөзде қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында оқушылар арасында тай және қыз қуу жарыстары өтті.

Аягөздің қыздары ат құлағында ойнайды«Ер қанаты – ат» дегендей, тақымы атқа тиген қазақ баласының күшті де шымыр болатыны белгілі. Ат үстінде орындалатын қимылдар адамды ептілікке, шеберлікке, жылдамдылыққа, төзімділікке қалыптастырады, олардың дене бітімін шыңдайды. Ат спортының жастарға берер тәлім-тәрбиесі зор.

Сонымен тай жарысына 15 оқушы қатысса, қыз қууға Ақбота Әділханова және Дидар Әділханова қатысып, қыздарымыз ат құлағында шебер ойнайтынын көрсетті.

Тай жарысында Еламан Сқақов бірінші, Дәулет Нұртаев екінші, Дастан Қалибеков пен Ерасыл Бейсембеков үшінші орындарды иеленді. Қыз қууда Ақбота мен Дидар Әділхановалар Нұржан Рахметоллаев пен Саят Әділхановты қуып жетіп, қамшының астына алып, жиналған жұртты дүр сілкіндіріп тастады.

– Қазақ – жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын халық. Ат спортын, ұлттық ойындарды жаңғырту мен дамыту – бабалар дәстүріне деген үлкен құрмет. Спортпен, денешынықтырумен айналысу оқушылардың бүкіл мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына, үнемі көңілді жүруіне, көпшілік арасында сабырлы, салмақты болуына ықпал етеді. Біздің мақсатымыз – оқушылардың жат әдеттерден аулақ болып, бос жүруіне жол бермей, әрқашан спортпен айналысуына бағыт беру, – дейді Шыңқожа батыр атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Ә.Оспанов.

Тілеукен Тілеубердіұлы
Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button