Қоғам

Аягөздіктердің үлесі елеулі

Берікхан Тайжігіт

Аягөздегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері бүгінде әлемге әйгілі. Олар әсіресе шағын футбол алаңында атой салып, дүниежүзі футзал мамандарының назарына ілігуде.

Осыдан біраз бұрын құрамының едәуір бөлігін Аягөз спорт мектебінің түлектері құрайтын Қазақстан құрама командасы әлемдік аренада жасындай жарқылдап, тағы да биіктен көріне білді. Атап айтсақ, жерлестеріміз әуесқойлар арасында өткен Әлем біріншілігінде тамаша өнер көрсетіп, екінші орынды жеңіп алды. Осы ретте, бұл жолғы доп додасында ұлттық құрама сапында Аягөз спорт мектебінің қос түлегі доп тепкенін айтқан жөн. Олар Нұржан Әбдірасилов пен Дархан Юсупов (алғашқы жаттықтырушылары А.Оспанбеков пен А.Карманов).

Жарыс барысында тек Бразилия командасынан екі доп жіберіп ұтылған жерлестеріміз қалған ойындардың түгелінде жеңіске жетті. Мәселен, Польша футзалшыларын 3:0 есебімен ұтқан ұлттық құрамамыз артынша Мексиканы 2:1, Молдованы 5:0, ал Ливия командасын 6:0 есептерімен тізе бүктірген-ді. Бұдан кейінгі кездесулерде де отандастарымыз сенімді ойын өрнегін көрсетіп, Швейцарияны 7:2, Италияны 8:2 есептерімен ойсырата ұтты. Ал ең ірі есеп Қазақстан мен Үндістан құрамалары арасындағы ойында тіркелді. Бұл матч 22:1 есебімен біздің пайдамызға аяқталды.

Осылайша, аягөздік аяқдопшылардың сүбелі үлесінің арқасында Қазақстан құрамасы жаһандық біріншілікте екінші орынға табан тіреп, кезекті рет мықтылығын дәлелдеді.

Берікхан Тайжігіт, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button