Спорт

Аягөздік аяқдопшылар мықтылығын дәлелдеді

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов шағын футболдан Семей қаласы футбол қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен облыстық сайыста чемпион атанған аягөздік спортшыларды қабылдады. 

Бұлардың көпшілігі – Аягөз спорт мектебінен қанат қаққан футболшылар. Аудан басшысы осыны тілге тиек ете келіп, оларды тамаша жетістіктерімен құттықтады. Ол шағын футболдан шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген аягөздік футболшылардың еңбектеріне табыс тіледі. Бұл жігіттердің жөні бөлек. Олардың бірі теміржолда еңбек етсе, бірі – жеке кәсіпкер, енді бірі ұстаз дегендей… Еңбек ете жүріп, кешкілік шағын футболмен айналысып жүрген аягөздіктердің еңбектеріне табыс, спортта үлкен жетістіктер тіледі. Жалпы, спортшыларды осындай шараларға жұмылдырып, ұйымдастырып жүрген жігіттерге сәт-сапар айтты.

Ауданда денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары жыл сайын артып келеді. Бұқаралық спорт түрлерінің басым бөлігін футбол, волейбол, күрес түрлері, гір спорты, армрестлинг, балалар хоккейі құрайды.

Ал спортпен шұғылданатындар санының өсуіне бірден-бір ықпал ететін – бұқаралық спорттық іс-шаралар.

Негізі, Аягөз жасөспірімдер және балалар спорт мектебінің өрендері әлемдік доп додаларында табысты өнер көрсетіп келе жатқаны шындық. Аудандық спорт мектебінде бес секция жұмыс істейді – бокс, волейбол, футбол, грек-рим күресі, қазақ күресі. Бұған Аягөз спорт мектебінің директоры Еркін Юсупов, байырғы спортшы Төлеуғали Тайтөлеев, жаттықтырушылар Әсет Карманов пен Асхат Оспанбековтердің қосқан үлестері аз емес. Мәселен, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Нарун Серіков, Бағдәулет Төлеубеков, Ержан Карменовтер жоғарғы лигадағы «Қайрат» командасында өнер көрсетті. Бүгінде Аягөз спорт мектебінің түлектері – Ақтаудың «Каспий», Астананың, Атыраудың командаларында белді ойыншылар. Сол сияқты Болат Сарбасов, Жомарт Тоқаев, Бекзат Рахымтаев, Ералы Абылай, Бауыржан Нұраждаров, Алдияр Әділбеков сынды Аягөзден шыққан мини-футбол марқасқаларын да айтуға болады.

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button