Оқиғалар

Аягөзде қатты дауылдан 7 адам зардап шекті

16 маусым күні кешкі алты жарымдар шамасында Аягөз қаласында қатты соққан дауыл қаланың астаң-кестеңін шығарды. 28 м/с жылдамдықпен соққан жел теректерді құлатып, тұрғын баспаналар мен әкімшілік ғимараттардың шатырын ұшырған.


Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, табиғаттың тосын мінезінің кесірінен 19 екі қабатты, 72 бір қабатты тұрғын баспана, 4 мектеп пен бір балабақша және аудандық орталық аурухана ғимараты зақымданған.
Биік өскен ағаштар мен бұтақтарының сынып құлауынан электр желілері үзіліп, 9138 абонент жарықсыз қалған. ШҚ АЭК бес апаттық бригадасы қалада үзіліссіз жұмыс істеп, бүгін сағат алтыға дейін жарықсыз қалған тұрғындар санын 700-ге дейін қысқартты.
Айта кетейік, бұрын-соңды болмаған дүлей дауыл сындырған бұтақтар мен терезе сынықтарынан түрлі жарақаттар алған 7 адам қалалық ауруханаға жүгінген. Бір тұрғын ауруханаға жатқызылса, қалған алтауы тиісті дәрігерлік көмек көрсетілген соң, үйлеріне қайтарылған.
Қазір қалада жергілікті атқарушы органдардың комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Олар ғимараттардың бүліну дәрежесі мен санын анықтауда.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button