Жаңалықтар

Аягөздік жастар жалғыз басты анаға баспана алып берді

Аягөз қаласының 2010 жылғы түлектері өткен Рамазан айында игі іс бастап, жалғыз басты анаға баспана алып берді.
Мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған Аягөз қаласының түлектері ерекше игі істі қолға алды. Олар қаладағы мүгедек бала асырап отырған жалғызбасты анаға қасиетті жұма күні үш бөлмелі үйдің кілтін табыстады.
– Қазақтар – жетім-жесірін жылатпаған халық. Біз жүрегіміздің жылуын қарапайым халықтың мұқтаж отбасына сыйлауға дайынбыз. Осы игі іске ат салысқан барша азаматтарға Алланың разылығын тілейміз, – дейді аягөздік жастар.
Олардың алдағы уақытта тағы бір жалғыз басты анаға пəтер сыйласақ деген ниеттері бар екен. Қазіргі таңда баспана алуға біраз ғана қаражаттары жеткіліксіз көрінеді. Жастар Аягөз халқын, атқа мінерлерін игі іске өз үлестерін қосуға шақырады.
– Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сіз болып, біз болып тағы бір ананы Алла разылығы үшін қуанышқа бөлесек, – дейді Аягөз жастары.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button