Ахмет және Алаш
Биыл ел болып еске алып, ұлт болып тойлайтын ұлы тойлардың қатарында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы бар. Алаш арысының мерейтойына арналған шаралар халықаралық деңгейде де жалғасын табуда.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы түбі бір түркі жұртына ортақ. Өйткені Ахмет ақындықпен ғана шектелмей әдебиет әлемін зерттеп, түркітану ғылымына қалам тербеген тұлға. Сондықтан да Түркі академиясы ақынның тойына атсалысып, халықаралық деңгейдегі шаралардың өтуіне мұрындық болып келеді. Жуықта Мажарстан астанасы Будапештте «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы жарық көрді. Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы мен Арминий Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» атты кітабының таныстырылымы қатар өтті. Өйткені қос тұлғаның тағдыры ортақ болмаса да, зерттеген тақырыбы ортақ. Тіпті мерейтойлары да ортақ екен. Биыл мажар түркологы Арминий Вамберидің туғанына 190 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараны Түркі академиясы Қазақстанның Мажарстандағы елшілігімен бірлесіп өткізген.
Ахметтің тойына арналған айтулы шара Мажар ғылым академиясының ғимаратында өтті. Ғылым мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің тойына Халықаралық Түркі академиясының делегациясы, ТҮРКСОЙ-дың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, Мажарстан Ғылым академиясының мүшесі Иштван Вашари, белгілі қырғыз түркологы Кадырали Конкобаев, Тарих институтының директоры Антал Молнар, Гуманитарлық зерттеулер орталығының бас директоры Балог Балаш, Сегед университетінің профессоры Мария Иванич, Айша Мандоки қатарлы танымал тұлғалар қатысты.
Ұлт ұстазының 150 жылдық тойына орай жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы оқырманға ағылшын және қазақ тілдерінде жол тартты. Екі тілде жарық көрген кітапқа Ахмет туралы замандастарының және белгілі ғалымдардың мақалалары топтастырылған. Ал «Түркістан» сериясы аясында жарық көрген «Путешествие по Средней Азии» еңбегінде әйгілі саяхатшы Арминий Вамбери Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті, этнографиясы мен географиясы туралы деректер қамтылған.
Дүбірлі тойға Түркі академиясы кітап қоржынын толтыра барыпты. Той қарсаңында қонақтарға ұсынылған кітаптардың қатарында ғұн әміршісі Аттила туралы ағылшын тілінде жазылған «The Lord of Europe Attila» (Еуропа әміршісі Атилла) атты кітаптың, Мандоки Қоңыр Иштванның «Үзілмес тамырлар», қазақ-мажар тілінде құрастырылған «Жамбыл жырлары – Dzsambul muvei», Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына орай жарық көрген «Bilge Tonyquq» жинақтары бар.
Сонымен қатар бірқатар түркітанушы ғалым той қарсаңында Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталды.
Тойға апарған рухани базарлық Мажар ғылым академиясының кітапхана қорына тарту етілді. Осылайша, қазақ руханияты тағы бір елдің мәдениеті мен әдебиетіне қосылып, оқырманға жол тартты.
Алтай Ғали-Асқар