Қоғам

Ауыспалы Кубокты астаналық команда ұтты

Азамат Темірбеков

Өскеменде өткен жасөспірімдер арасындағы теннистен Қазақстан Кубогы ойындарының финалдық ойындарында он команда бас жүлдеге таласты.

«Smash» теннис орталығында өткен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы теннистен «Қазақстан Кубогы» командалық біріншілігі сенбі күні өз мәресіне жетті. 18-22 шілде аралығында өткен дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен әрбіреуінің құрамында он ойыншысы бар құрама командалар келіп қатысты.

Жалпы, бұл спорттық іс-шара қазақстандық жас теннисшілерге өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беретін бірден-бір маңызды әрі беделді турнирлердің бірі болып саналады. Сондай-ақ бұл біріншіліктің тарихында алғаш рет командалар аталмыш іс-шараға арнайы тапсырыс бойынша әзірленген ауыспалы Кубокқа таласты. Кубокқа жоғары сынамадағы алтын жалатылып, эмальмен және көркем жазумен әрленген. Ал бұл шедеврді Astana Open турнирларына арнайы жүлделер дайындайтын автор жасаған.

Финалдық кездесулерде бас жүлде үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарынан келген командалар бақ сынасып, жарыс нәтижесінде Нұр-Сұлтан-1 командасы жеңісті қолдан бермей, ауыспалы кубокқа қол жеткізді.

«Казцинк» компаниясы бас демеушісі болған спорттық іс-шара соңында қатысушыларға кәсіпорын атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

– Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Кубогының финалдық кездесулері Өскемен қаласында алғаш рет өткізіліп отыр, – дейді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер бойынша атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Бұл біздің тарапымыздан үлкен теннис бағытында жасаған тағы бір қадамымыз болды. «Smash» теннис орталығындағы ойындар уақыт өткен сайын қызығырақ бола түсуде. Іс-шараның беделін ерекше жолмен әзірленген кубок қана арттырып қоймай, сонымен қатар оған қатысушылардың жоғары кәсіби дайындықтары да өз үлестерін қосты. Бұл жолғы біріншілік ұйымның барлық кезеңдерінде адал ойын қағидаларын ұстауды көздейтін бүкіл әлем мойындаған «fair play» стандарттарының ережелеріне сәйкес өткізілді. «Казцинк» компаниясы үшін отандық теннистің жаңа жұлдыздары жарқырайтын маңызды іс-шараға қолдау көрсету үлкен мәртебе.

Айта кетсек, аталмыш турнир  2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Қазақстан біріншілігінің жетінші жарысы болып келеді. Бұл спорттық іс-шара арқылы жас спортшылар жасөспірімдер арасында өтетін «Дэвис Кубогы» мен «Билли Джин Кинг Кубогы» сынды халықаралық жарыстарға дайындалады.

Осы айдарда

Back to top button