Экономика

Автокөлік зауыты 12 мың адамды жұмыспен қамтиды

Автокөлік зауыты 12 мың адамды жұмыспен қамтидыШығыс Қазақстан облысында құны 62,4 миллиард теңге болатын толық циклді автозауыттың және автокомпоненттер өндірісі бойынша технопарктің құрылысына байланысты ірі жоба іске асырылуда. Атап өтерлік жайт, жоба республикалық индустрияландыру Картасына енген.

Мұнымен қоса, ол Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерінің қолдауына ие болған. Қазақстан мен Ресейдің ІХ өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында жаңа автоөндіріс құрылысының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін анықтайтын Меморандумға қол қойылған-ды.

Зауыттың құрылысы басталып та кетті. Өндіріс орны үшін 306 гектар жер телімі бөлінді. Осы жылы жалпы сомасы 597 миллион теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау жоспарланған. Бүінгі таңда нақты шығындар бұл сомадан артып, 1 миллиард теңгеге жетіп отыр: техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде, жобалау және іздестіру жұмыстары жүргізілуде, құрылыс техникасы сатып алынған, уақытша коммуникациялар тартылған.
Естеріңізге сала кетсек, 18-қыркүйекте Астана қаласында Үкімет басшысы Серік АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен еліміздегі автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселелері жөнінде жиналыс өткен болатын. Аталмыш басқосуда негізгі мәселе – Шығыс Қазақстандағы автозауыт құрылысының іске асырылу барысы талқыланды.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша облыстық әкімдік пен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі зауыт инфрақұрылымы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлу, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі аталмыш автокөліктерді, оның ішінде Семей қаласындағы «СемАЗ» зауытының автобустарын да сатуды ұйымдастыру мәселесін қарасытыруда.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ айтуынша, автобустар шығаруды қолдауға, отандық тауарөндірушіні қазақстандық кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың сатып алулары арқылы қолдауға қатысты шешім шығарылды.

Атап өтерлік жайт, жоба әлеуметтік-экономикалық тұрғыда аймақ үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ел үшін де зор маңызға ие. Оны іске асыру еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсіміне оң ықпал етеді, 2017 жылы өзінің шырқау шыңына жетіп, 0,37 пайызды құрайды. 2017 жылы сатылымның арқасында жалпы ішкі өнімнің нақты көлем индексінің қосымша өсімі 3,5 пайызға жетеді деп күтілуде.

Сонымен бірге, автозауыттың іске қосылуы нәтижесінде 12 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады, мультипликациялық эффектіні есепке алсақ, шектес салаларда 17460 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бюджетке түсетін салықтық аударымдар 2017 жылы 15,1 миллиард теңгеге, ал 2022 жылы 21,5 миллиард теңгеге дейін артады.

Аталмыш жобаға әлемдегі көлемі жағынан үшінші автомобиль тобы болып табылатын «Рено-Ниссан-АВТОВАЗ» альянсының қатысуы да оның маңыздылығын және келешегі зор екенін көрсетеді. Осы инвестициялық жоба тұрақты және теңгерімді экономикалық өсімді оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сонымен қатар, үдемелі индустрияландыру саясатының іске асырылуының жарқын үлгісі болып табылады. Жоба қазақстандық үлесті мақсатты түрде ұлғайтып, қайта өңдеу саласын дамыта отырып, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы

Осы айдарда

Back to top button