Автоэкспедиция: Астанадан Алтайға дейін
Маусымның 14-і күні Астанадан «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы ұзақ сапарға шыққан болатын. Құрамында елімізге аты мәшһүр ғалымдар мен зерттеушілер бар автокеруен өткен аптада Абайдың туған жеріне де ат шалдырып, аялдап, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Еліміздегі іргелі оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің ұйытқы болуымен алғаш рет өтіп отырған автоэкспедиция ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен аталған университеттің 20 жылдығы құрметіне арналып отыр.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табар» дегендей, Ұлы Абай еліне іссапарымыздың алғашқы күні-ақ жағымды жаңалыққа тап болдық. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлан Сағадиевтан Астанадан шыққан «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының Қарауылға ат шалдыратынын естігенде, кәдімгідей елеңдеп қалдық. Енді ше, бұл автоэкспедицияның құрамында мүйізі қарағайдай ғалымдар мен зерттеушілер бар. Олардың жүзін көріп, лебізін естудің өзі қалам ұстаған қауым үшін бір мәртебе емес пе? Қас қарайып, кеш түскеніне қарамастан, өзге жұртпен бірге біз де автоэкспедицияның жолын күттік. Бір уақытта тағатсыздана күткен автокеруеніміздің де қарасы көрініп, аудандық Мәдениет үйінің алдына келіп тоқтады. Алты «Джип» көлігінен маңдайлары жарқырап жиырма шақты игі жақсылар бірінен кейін бірі түсіп жатты. Шіркін, абайлықтардың қонақжайлылығы қашан да ерекше ғой. Аты ауданға емес, мұқым республикаға кеңінен таныс «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілері мен бишілерінің өнерін тамашалағаннан кейін-ақ алыс жолдан шаршап келген қонақтардың қабағы ашылып, жадырап, жайма шуақтанып шыға келді. Осы сәтті пайдаланып, біз де «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының басшысы, Еуразиялық ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовты әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Біз үшін биылғы жыл ерекше. Өйткені, ел Тәуелсіздігіне 25 жыл. Сонымен қатар, Еуразиялық Ұлттық университетінің 20 жылдығы осы мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. Міне, осы мерейтойлардың аясында бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Соның бірі – Еуразиялық ұлттық университетінің ғалымдарынан жасақталған «Алтай мұрасы» атты автоэкспедиция. Бұл автоэкспедицияның мақсаты – Алтайды айнала қоныстанған елдерді аралап, концерт қою, кітап шығару, қауышу, осындай кездесулер арқылы еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктері мен қуаныш көрсеткіштерін дәріптеп, насихаттау. Сондай-ақ, біздің экспедициямыздың ғылыми негіздемесі де бар. Фольклор жинаймыз, археологиялық қазба жұмыстарының жай-жапсарымен танысамыз. Мұнымен бірге талантты жастар болатын болса, солардың тамырын басып, Қазақстанға келіп, Еуразиялық ұлттық университетіне оқуға түсуге кеңес береміз, – деп әңгімесін бастаған Ерлан Бәтташұлы автокеруеннің бет алған бағыты, сапардың барысы мен мән-маңызына да кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, он екі күнге жоспарланған автоэкспедиция өз сапарын Қарағанды қаласынан бастапты. Осындағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне арнайы барып, кездесу өткізіпті. Оның да себебі жоқ емес. Өйткені, Қарағанды – Елбасының еңбек жолын бастаған жері. Бұл қаланың болашақ Президенттің тұлға ретінде толысып, қалыптасуына қосқан үлесі ерекше зор. Бұдан соң автоэкспедиция Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті мен әйгілі әнші композитор Мәди Бапиұлы мен айтыс өнерінің ақтаңгері Шөже Қаржаубайұлының басына барып, құран оқып, Абыралы-Қайнар арқылы Шыңғыстауға бет түзейді. Қазіргі күні осынау шежірелі Шыңғыстау жерінде университеттің археологиялық тобы көне сақ заманынан қалған қорғандарды қазып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Университет ректоры Ерлан Сыдықов міне, осынау тарихы терең, қарт Шыңғыстау жерінде Еуразия ұлттық университеті, Ұлттық музей, Шәкерім университеті мен Назарбаев университеттері арасында арнайы меморандумға қол қойылғанын да тілге тиек етті.
– Одан кейін өздеріңіз куә болып тұрғандай, Қарауылға ат басын тіреп отырмыз. Бұл да өте қасиетті жер. Абай, Шәкерім бабаларымыздың басын аттап өту әсте мүмкін емес. Жидебай-Бөрілі-Семей арқылы одан әрі Ресейдің Алтайына бет түземекпіз. Таулы Алтай аймағы, ондағы қазақтардың талбесігі Қосағаш, одан әрі Жазатыр мен Үкекке бару да ойда бар. Ал маусымның 24-і күні Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінде Азия мемлекеттік университеттерінің съезі өтпек. Сол съезге автоэкспедиция мүшелерінің барлығы делегат болып қатысып, Құлынды, Павлодар, Баянауыл арқылы Астанаға қайтамыз. Жалпы, бұл автоэкспедицияның ғылыми насихаттан басқа да көздеген мақсаты бар. Ол – осындай автоэкспедицияларға жол ашу. Келер жылы Астанада «ЭКСПО- 2017» көрмесі өтеді. Оған елдің бәрі пойызбен, не болмаса ұшақпен ғана емес, автокөлікпен де келеді. Міне, біздің тағы бір алға қойған мақсатымыз – осы. Тәуелсіздік алған 25 жылда еліміз көптеген экономикалық жетістіктерге жетті. Қазір елдің тұрмысы, әл-ауқаты жақсы. Қазақтың әр үйінде екіден, үштен көлік бар. Ендеше олардың бәрін қаңтарып қоймай, неге қызығын көріп, игілікке жаратпасқа. Қазақтың өзі «Атың барда жер таны желіп жүріп» дейді ғой. Ендеше, ел көріп, жер танығанға не жетсін, – дейді Ерлан Бәтташұлы әңгімесін әрі жалғастырып.
Бір атап айтарлығы, автоэкспедиция мүшелерінің қатарында мемлекеттік Елтаңбамыздың авторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков те бар. Жалпы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай әрбір айдың өз тақырыбы мен мазмұны бар көрінеді. Соған орай маусым – рәміздер айы деп белгіленген екен.
– Осынау автоэкспедицияның арқасында біз Ұлы дала мәдениетін танып, Алаш арыстарының жүріп өткен жолын басып келе жатырмыз. Ұлы дала мәдениетін еуропалық мәдениетпен ешқашан салыстыруға болмайды. Сапар барысында алған әсерімізді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл да ұлттық құныдылықтарымызды дәріптеудің бір жолы, – дейді Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков. Жасының біразға келгеніне қарамастан Жандарбек ағамыз тың, жүзінде шаршағандықтың нышаны да жоқ.
– Өзіңнің халыққа, елге керек екеніңді сезінген сайын, бойыңа күш-қуат та құйыла түседі, – дейді жымиып.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, танымал айтыс ақыны Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, биылғы алғашқы автоэкспедиция негізінен Ресейдің Алтайында тұратын қандастарымыздың қазіргі рухани жағдайы мен тыныс-тіршілігімен танысуға, өткенін зерттеуге арналып отырған көрінеді. Алдағы уақытта Қытай мен Моңғолияның Алтайында тұратын қандас бауырларға да арнайы автоэкспедиция ұйымдастыру жоспарда бар көрінеді.
Мейрамтай Иманғали