«Қауып аламын» деп басына пәле тауып алды
Полиция қызметкерін «қауып алған» Семей қаласының тұрғыны 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл оқиға сәуір айында орын алған. Бірнеше полиция қызметкері көшеде жүрген мас азаматты жергілікті тірек пунктіне жеткізеді. Ол жердегі учаскелік инспектор, полиция капитаны оны айықтырғышқа апармақшы болған. Сот ісінің материалында көрсетілгендей, дәл осы уақытта Қабанбай көшесіндегі 38-үйдің маңында тәртіп бұзушы полиция қызметкерінің қолынан сытылып, қашып кетуге әрекет жасаған. Оған капитан жол бермейді. Алайда қарсылық танытуын қоймаған мас азамат полиция капитанының оң қолының ортаңғы саусағын тістеп алады.
Дәл тырнақ үстінен түскен жара учаскелік инспекторды дәрігерлік көмекке жүгіндірген. Бұл заң бойынша адам денесіне қасақана келтірілген жеңіл залал болып табылады.
Семей қаласының №2 соты құқық қорғау органы өкіліне қарсылық көрсеткені, оның денесіне зақым келтіргені үшін қылмыскерге қатаң режимдегі түзету колониясында 2 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.