Ауылына оралып мал өсіріп отыр
Мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізген сарыбелдік Зарлыхан Смағұлов несиесіне он шақты ірі қара сатып алған.
– Қаладан алғаш ауылыма оралғанда, қандай кәсіптің құлағын ұстасам деп біраз жүрдім. Ауылдастарым қой бақ, шошқа асыра деп өз ақылдарын айтты. Бірақ қой мен жылқының әуресі көп көрінді. Ал шошқа қазаққа мүлдем жат. Кіріс-шығысты бағамдай келе, ірі қара ұстауға бекіндім. Негізі екі адам жиырма сиырды күтіп-баптауларына болады, ал одан көп болса қиындау, – дейді Зарлыхан Смағұлов.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алып, он бас сиыр сатып алады. Оның үшеуі симменталь. Асыл тұқымдыларының бұзауын тоғыз ай бордақылап, сойып сатуға болады. Зарлыханның айтуынша, жиырма сиыр алуға болар еді, бірақ қыстан алып шығуы ойлантқан. Оның үстіне дайындаған жемшөбі жиырма басқа жеткіліксіз болды. Енді ерте бастан қамданып, мүмкіндігінше кәсібін кеңейтіп алуына болады. Ірі қарадан басқа тауық-қазы да бар. Қаздың балапандары 7-8 айларында жетіліп, союға жарап қалады. Ауылдық жерде құстың еті, жұмыртқасын өткізіп, нәпақа табуға болады. Шаруашылығына қажетті әмбебап техникасы да бар. Кезінде әкесі өз қолымен құрастырған трактормен шөбін шауып, жинап алады. Қыста отын-суын да осы қолдан құрастырылған трактормен әкеледі. Ең бастысы, жанар-жағармайға үнемді, 10 литр құйып бір күнгі жұмысты өндіртіп істеуге болады. Дәл осындай трактор Сарыбелде үшеу ғана.
Кәсібін енді дөңгелете бастаған Зарлыхан Смағұлов 1999 жылы Сарыбел ауылында орта мектепті тәмамдап, Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне түседі. Ол жерде төрт жыл оқыған ол «Тау-кен инженері» мамандығын алып шығады. Отан алдындағы борышын Алматы облысындағы Шонжа ауылында өтейді. Зарлыхан әскерде иісшіл иттерді үйретумен айналысады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Глубокое ауданында мамандығы бойынша шахтаға жұмысқа түседі. Алтай, Белоусовка кентіндегі кен орындарында жұмыс істеп жүрген ол үш жылдан кейін отбасылық жағдайына байланысты туған ауылына қайта көшіп келеді. Жолдасы Салтанат ауыл мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. Үш қыз тәрбиелеп отыр. Екі қарындасы да қолында тұрады. Зарлыханның пікірінше, қаладағы қайнаған күйбең тірліктен ауылдың жайбарақат күндері артық.
Мерей Қайнарұлы
Көкпекті ауданы.