Ауылдағы құдықтан ыстық су ағып тұр
Облыс орталығы – Өскеменнен 40 шақырым жердегі Ұлан ауданының Айыртау елді мекенінде кәдімгі ауызсу алатын құдықтан ыстық судың толассыз ағып тұрғанына міне, үш аптаның жүзі болды. Ел-жұртты тосырқатқан бұл тосын құбылыстың сыры жер асты қатпарларының қозғалуынан екен. Эколог мамандардың пікірі осындай.
Бүгінде жер астынан келіп жатқан судың температурасы біраз көтерілген. Дәлірек айтсақ, +50 градус ыстық. Экологтар буы бұрқыраған суды құдық иесіне уақытша пайдаланбауға кеңес берді. Қазір жер асты суының құрамы анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде мамандар, барлық себеп өңірдің осы аумағында жиі болатын жер асты қатпарларының қозғалуында деген болжам айтуда. Яғни, құдықтағы судың ысып кетуі жер қойнауындағы магмамен тікелей байланысты көрінеді.
– Қала маңында мұндай құбылысты алғаш рет көріп отырмыз. Негізінен бұл аумақ сейсмикалық тұрақсыз. Сол себепті магма қабаттарының қозғалуы жер асты суларының жылып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін, – дейді облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының жетекші маманы Анатолий Филиппов.
Бір қызығы, егер судың зияндылығы анықталмаған жағдайда оны шаруашылықта тиімді пайдалануға болатынын жергілікті мамандар ескеріп отыр.