Ауылдарды сапалы медицинамен қамтамасыз ету қажет – ШҚО әкімі
ШҚО әкімі өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Аудан және қала әкімдерімен арнайы кеңес өткізген өңір басшысы Ермек Көшербаев медицина, инфрақұрылым, білім беру, туризм салаларының өзекті мәселелерін талқылап, аймақты дамытудың маңызды бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
«Ең әуелі, мен жылжымалы медициналық кешендердің тиімділігін бағалап, олардың нақты алгоритмін әзірлеу қажеттігін тапсырдым. Басты мақсат – барлық, әсіресе шалғайдағы елді мекендердің сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне қол жеткізу. Әкімдіктер, денсаулық сақтау басқармасы, медицина қызметкерлері мен халық арасында тиімді үйлестіру жұмыстары жолға қойылу керек. Министрліктер мен ведомстволардың жергілікті өкілдері облыстық ауқымдағы міндеттерді шешуге жұмылдырылуға тиіс. Өйткені көптеген салалар осындай өзара іс-қимылға байланысты дамиды. Сонымен қатар, туризмді ілгері бастыруға ерекше көңіл бөлінетін болады», – деп жазды өңір басшысы өзінің Инстаграм желісіндегі ресми парақшасында.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін табысты әрі тиімді бизнес түріне айналдыру шарт екенін айтқан облыс әкімі, ол үшін өңірімізде мүмкіндіктер жеткілікті екенін атады.
«Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда тиісті министрлікпен өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, әрбір нақты мектептің мүддесі мен өңірлік ерекшеліктері басты назарға алынатынын жеткізді.