Білім

Ауылдағы білім сапасын арттыруға не кедергі?

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Облыста биыл қанша білім шаңырағы бой көтереді? Білім сапасын арттыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Мемлекет басшысының білім саласына қойған міндеттері сапалы және уақытында орындалып жатыр ма? Осы мәселелер төңірегінде өткен кеңейтілген алқа отырысында облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева баяндап берді. Өңір ұстаздарының басын қосқан алқалы жиын облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың төрағалығымен өткен болатын.

                                13 балабақша салынады

Инесса Чернышеваның айтуынша, облыста 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен толықтай дерлік қамтылған. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 3185 бала балабақшаға тегін барады. Былтыр 14 балабақшада жаңа 1080 орынның ашылуы екі жастан үш жасқа дейінгі балаларды қамтуды 97,7%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен, осы жастағы 1675 бала кезекте тұр.

 –Бұл – облыс орталығында жаңа шағын аудандар бой көтеріп, көші-қон ағынының ұлғаюына байланысты туындаған кезек, – деп түсіндірді сала басшысы.

Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бес балабақша құрылысын бастау, үш балабақша ғимаратын нысаналы мақсатқа қайтару, сондай-ақ жекеменшік балабақшаларды ашу және кеңейту жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін 13 балабақшада 2875 жаңа орын ашылады, Өскемен қаласында – 10, Зайсан ауданында – 2, Ұлан ауданында – 1 балабақша.

                Мұғалім тапшылығы әлі де бар

Инесса Чернышева айтып өткендей, қазір өңірдегі орта білім беру жүйесінде 342 мектеп жұмыс істейді.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асырудағы міндеттердің бірі – оқушылардың білім сапасын арттыра отырып, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту.

–Жалпы, бүгінгі таңда біз мектеп оқушыларының білім сапасының жоғарылағанын көріп отырмыз. Енді қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы 7,6% алшақтықты қысқартуға айтарлықтай күш салуымыз керек, – деді басқарма басшысы.

Аудандардың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты облыстың 257 ауылдық мектебінің 196-сы – шағын жинақты. Бұл мектептердегі білім сапасына әсер ететін маңызды фактор – бейіндік пәндер мұғалімдерінің тапшылығы.

Осыған орай, биыл шағын жинақты мектептердегі математика, химия, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, география, тарих, биология, физика пәндерінің 29 мұғалімінің тапшылығын жоюға бағытталған «Цифрлық және мобильді мұғалім» жобасын іске асыру басталды.

Сонымен қатар әдістемелік көмек көрсету мақсатында тиімділігі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығын бекіту жүйесін дамытып, Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Педагогикалық шеберлік орталығы»,  «Өрлеу» АҚ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Д.Серікбаев атындағы техникалық университеті сынды тұрақты әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігі айтылды.

Ауыл мектептерінің білім беру мүмкіндіктерінің деңгейін арттыруға материалдық-техникалық базаны жақсарту көп ықпал етеді. Бұл орайда, былтыр төрт жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оның үшеуі ауылдық жерлерде орналасқан. Оның ішінде, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Күршім ауданының Ұранхай және Жолнұсқау ауылдарында жаңа мектеп ғимараттарын салу мәселесі оң шешімін тапқан болатын.

Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін салынатын 17 мектептің алтауы ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар биыл ауылдық жерлердегі үш мектепті күрделі жөндеу және 22 мектепті ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр.

                              «Ел үміті» дарынды оқушыларды қолдайды

Білім беру сапасы көрсеткіштерінің бірі – оқушылардың зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстардағы жетістіктері екендігі белгілі.

Былтыр облыстың 149 мыңнан астам оқушысы түрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, оның 84 мыңға жуығы жүлдегер атанды. Жүлдегерлердің 61%-ын ауыл мектептерінің балалары, 12%-ын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары құраған.

Халықаралық және республикалық деңгейдегі зияткерлік жарыстарда 168 дарынды оқушымыз жүлделі орындарға ие болды.

Облыста жас таланттар мен көшбасшыларды анықтау бағытында «Ел үміті» бастамасы іске асырылуда. Оның ішінде ауылдық мектептерге арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы да бар.

Әрине, әрбір табысты оқушының артында оларды білім сайыстарына даярлайтын мұғалім-тәлімгер тұратындығы сөзсіз. Бүгінгі таңда 12 мың мұғалімнің 9132-сі жаңа жүйе бойынша аттестациядан өтсе, 412-сі магистр дәрежесіне ие, 15 педагог республикалық педагогикалық шеберлік байқауларының жеңімпазы атанды. Былтыр біліктілікті арттыру курстарынан 4042 педагог өтсе, биыл 5369 мұғалімнің курстан өтуі жоспарланып отыр.

             Жапондық тәжірибе негізге алынбақ

Білім беруді дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу өңірлік бағдарламалар мен жобаларды, оның ішінде көптілді білім беруді дамыту бағдарламасын іске асыру жолымен жүзеге асырылады.

–Біз оқушылардың практикалық қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, бірінші кезекте бұл жұмыс мұғалімдердің біліктілігін арттырудан басталды. Алдымен bilimvkoportal.kz  автоматтандырылған жүйесі арқылы орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сапалық құрамын талдадық. Нәтижесінде 400 мұғалім С.Аманжолов университетінің базасында алты айлық дайындықтан өтті, – деді басқарма басшысы.

Инесса Чернышеваның сөзінше, кешенді жоспарды одан әрі іске асыру мақсатында әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мектепке дейінгі жастан бастап қазақ тілін оқытудың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешені әзірленген. Оның негізгі бағыттары – балабақшаларда қазақ тілін оқытудың әдістемелік тәсілдерін өзгерту, жазғы мектеп жанындағы тілдік лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру және тілдік ортаға толық енуге мүмкіндік беретін «Қонақжай отбасы» жобасын іске асыру. 12-14 жас аралығындағы балаларға арналған бұл бағдарлама жиырма күнге созылады. Жоба аясында мұғалімдер қатарындағы ана тілінде сөйлейтін отбасыларында балалардың тұруы көзделген. Бұл тәжірибе Германия, АҚШ, Англия, Канада, Мальта және Жапонияда кең таралған. Жоба бойынша бір балаға жұмсалатын шығын сомасы – 181 500 теңге.

                      Түлектердің шетелге кетуі азайды

Соңғы бес жылда өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін «Білікті маман» өңірлік жобасы іске асырылып жатқандығы белгілі. Осы жылдар аралығында жергілікті бюджеттен 2306 білім гранты бөлінген. Екі жыл ішінде 569 түлек оқуын тәмамдады. Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі – 77%. Қалғаны – магистратурада, әскер қатарында, бала күтімі бойынша демалыста. Аталған жоба өңір кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтып қана қоймай, мектеп түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін азайтуға мүмкіндік берді.

Мұқтаж оқушыларды әлеуметтік қолдау  білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз ететін маңызды шарттардың бірі екендігі даусыз. Басқарма басшысының айтуынша, былтырмен салыстырғанда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдауға арналған қаржы 700 млн теңгеге артып, 2,6 млрд теңгені құрады. Бұл 19 мың баланы тегін тамақпен, мектеп формасымен, аяқ киіммен, оқу құралдарымен және жазғы лагерьлерге жолдамалармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыстағы 342 мектептің 305-де ыстық тамақ ұйымдастырылып, оның ішінде 17 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. 16 мектепте буфеттік тамақ беріледі. Тамақтанудың орташа құны – 620 теңге.

Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 7 337 оқушы бар.        Облыс әкімінің қолдауымен іске асырылған бағдарлама барлық мектептерде инклюзивті оқыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді. 2025 жылға дейін Өскеменде тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығы, сондай-ақ Алтай қаласында, Самар және Ақжар ауылдарында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

                          Қызметтер автоматтандырылған

Басқарма басшысы айтып өткендей, білім беру ұйымдарында ІТ-сыныптарды дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, сыныптарды заманауи құралдармен қосымша жарақтандыру көзделген. Оқушылар ІТ саласында алған білімдерін форумдарда, чемпионаттарда, фестивальдар мен хакатондарда сәтті көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Үздік жобалар облыс әкімінің гранттық қолдауына ие болады. Қазіргі уақытта 22 млн теңге сомасына 23 жоба іске асырылып, үш жоба авторлық құқық туралы куәлік алды.

Тағы бір атап өтерлік жайт, балаларды балабақшаға кезекке қою, жолдама беру, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары толығымен автоматтандырылған. Білім басқармасының мәліметінше, білім беру ұйымдарының компьютерлік паркінде 23 мыңнан астам техника бар.

Қамтылу көрсеткіші бір компьютерге үш оқушыны құрайды. Сондай-ақ әрбір оқу кабинетінде мұғалімдерге арналған, интернет желісіне қосылған компьютер орнатылған. Цифрлық технологиялар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да қолданылады. Барлық балабақшалар, мектептер мен колледждер бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Өңірдегі кәсіби-техникалық білімге тоқталатын болсақ, колледждерге мемлекеттік тапсырыс жыл сайын артып келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында 5156 мемлекеттік тапсырыс орны бөлінген. Былтырғы жылдың жаңалығы  706 орынға мақсатты мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі болды. Бұл сұранысқа ие мамандарды кәсіпорынның өтініші бойынша дайындауға және түлектердің міндетті түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Өткен жылы білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылды, биыл да өңірдегі білім сапасын арттыруға көмектесетін жаңа жоспарлар белгілеп отырмыз. Бірлесіп жұмыс істегені үшін барлық әріптестеріме, мұғалімдерге, еңбек ардагерлері мен ата-аналар қауымдастығына алғыс айтамын. Жиында білім беру жүйесіндегі ең маңызды мәселелер сөз болды. Оларды табысты іске асыру – біздің басты міндетіміз, – деп қорытындылады Инесса Чернышева.

Осы айдарда

Back to top button