Қоғам

Ауылда жастарға жұмыс көп

Ауылда жастарға жұмыс көп

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасы негізінде аймақтың аудан, қала әкімдері облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы Катонқарағайдан шыққан студент жастар туған аудандарының әкімімен дидарласты.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында өткен кездесуге аталмыш оқу орнында білім алып жүрген катонқарағайлық жас өрендер мен облысқа есімі танымал зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу басталмас бұрын аудандағы мәдениет, техника, педагогика саласының мамандары жас жерлестерін қабылдап, ауылда іс-тәжірибеден өту, алдын ала жұмысқа орналасу жөнінде хаттамалар толтырды. Өңірде болып жатқан оң өзгерістер жөнінде аудан әкімі Дәурен Тілеубаев баяндап берді. Ауданның келбеті күн сайын жаңарып келе жатқанын айтқан ол қаладағы қамсыз жағдай ауылға да жасала бастағанын нақты мысалдармен дәлелдеді. Әсіресе, ауыл мектептерінің техникалық базасы жүз пайыз жақсартылған. 46 мектепке 76 интерактивті тақта орнатылуы соның айқын мысалы. Отбасын құрып үлгерген жастарға қаладағыдай балабақша кезегіне тұру деген мәселе онда атымен жоқ екені айтылды. Он бірдей балабақша мен 36 шағын орталық алты жасқа дейінгі балаларды қабылдауға әркез дайын. Шекараның іргесінде жатқан Аршаты ауылының өзінде спорт модулі салынуы мұнда тіршіліктің тек жандана түсетінін ұқтырса керек. Шалғайдағы шырайлы мекеннің облыс орталығынан артықшылығы да бар екенін аудан әкімі өз өмірінен мысал келтіре отырып түсіндірді. Жылдар бойы Өскеменнің газына қақталғанын айтқан ол Катонқарағай ауданына әкім болып барғалы тынысы кеңейіп, сарайы ашылып қалғанын жеткізіп, экологияның тазалығына тамсанды. Ауданда шағын бизнес пен туризм саласының келешегі зор. Оған өлкенің көздің жауын алар тұмса табиғаты мүмкіндік туғызып отыр.

– Жыл он екі ай Катонның түкпір-түкпірінде шетелден келген туристер қаптап жүреді. Солардың барлығының базынасы қызмет көрсету орындарының аздығы мен инфрақұрылымның нашарлығына тіреледі. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жол жиектерінде дәмхана мен қонақүй ашып, демалыс базаларын ұстауға ниеттілерге көмектесуге әзірміз, – деген Дәурен Тілеубаев аудан аумағында жүзеге асуы тиіс ірі жобаларға да тоқталды.

Берел жазығында ашық мұражай қалыптастыруға бір миллиард теңге бөлінсе, Өскемен мен Рахман қайнары арасын жалғайтын жолды жөндеуге 3 млрд. теңге жұмсалмақ. Бұл уақытша жұмыс орындары мен түрлі мамандықтарға жол ашылады деген сөз. Сөзінің соңында аудан әкімі катондық жас өрендерге шекарада жатқан туған өлкелеріне жанашырлықпен қарауға шақырды. Мұнда 1997 жылы 50 мың халық тұрса, қазір 28 мың ғана адам тұрады екен. Демографиялық жағдайдың алаңдарлық мәселе екенін Катонқарағайдың Еңбек ауылынан шыққан ғалым, профессор Бердібек Бияров баса айтты. Әлібек Қаңтарбаев пен Бақытжан Райысова сынды ауданның бетке ұстар перзенттері жерлестерін туған жерге ту тігуге шақырды.

Студенттер аудан басшысына елге оралған жағдайда қандай іске мұрындық болғылары келетінін айтып, жобаларын ұсынды, қандай қолдау болатынын сұрады. Әр саланың бөлім басшыларымен бірлесе отырып жастардың сұрағына тұщымды жауап берген Дәурен Тілеубаев былтырғы жылдың өзінде ғана 28 жас маман туған ауылдарына оралып, көтерме ақы алғанын жеткізді. Сондай жас маманның бірі – Малонарым орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Азиғат Ешекенова Астанадан ауылға оралғанына еш өкінбейтінін айтады. Шара соңында биылғы оқу жылында аудан әкімінің грантына ие болғандарға тиісті сертификаттар табысталды.

Шара аясында жұмысқа орналасуға ниет танытқан 35 болашақ түлек ресми хатаммаға қол қойып, бірнеше студент іс-тәжірибеден өтуге өтініш білдірді. Оқуын тәмамдағаннан кейін ауылға баруға міндет алған Мәдина Оразбаевамен тілдестік. Айтуынша, мемлекеттік грантқа сынық сүйем жерден қайтқан кезде аудан әкімінің грантына ие болып, аудан бюджеті есебінен білім алып, жатақханада тұрған ол сол қолдауды еңбегімен ақтауға дайын көрінеді. «Жұмысымды ойдағыдай алып кете алсам, уағдалы үш жыл өткеннен кейін де ауылдастарыма ағылшын тілін үйрете беру ойымда бар» дейді болашақ түлек.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button