Ауылда жастар орталығы ашылды
Жуырда Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылында Би аға жастар орталығы ашылып, көпшілікті қуанышқа бөлеген игілікті шара өтті.
Хәкім Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналық сөзін қазық еткен Бұрымбет би бабаның ұрпағы Сабыржан Көжеков 100 адамға шақталған ғимаратты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде тарту етті. Жергілікті тұрғындар бес жыл күткен бұл нысан қолданысқа берілгенде жас-кәрі бөркін аспанға атып қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрасқан. Жалпы, ғимараттың бой көтеруіне ауыл жұртының қосқан үлесі көп. Бұрымбет бидің ұрпақтары бастаған игі істі жаңаауылдық жастар қолдап, көптеп-көмектеп жүріп аяқтаған.
Енді міне, жастар орталығы есігін айқара ашып отыр. Салтанатты шараға аудан әкімі Дархан Жөргекбаев қатысып, құттықтау сөзін сөйлеп, құрылыс жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытқан адамдарға ризашылығын білдірді.
Би аға жастар орталығының лентасы қиылып, кимешек киген ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Мерекелік рәсім барысында бірқатар адамға алғыс хат табысталды. Ауыл жастары дайындаған ақ дастарқан басында жергілікті жұрт жүрекжарды лебіздерін білдіріп, орталыққа арнап әкелген сый-сияпаттарын тапсырды.
«Елін ойламағанның ерлігі зая, ертеңін ойламағанның тірлігі зая» демекші, Сабыржан Бидашұлына жерлестері разы болып, алғыстарын жаудырып жатты. Бұл жиынның жалғасы кешке қарай ауыл жастары ұйымдастырған концертке ұласты. «Ынтымақ бар жерге ырыс тұрақтайды» деген осы. Ауданымыз, ауылымыз көркейе берсін!
Күлпаш Ақпанқызы
Тарбағатай ауданы.